Алтайдың өркендеуі – елдің гүлденуі
Алтайдың өркендеуі – елдің гүлденуі
377
оқылды
Өңірдің өсіп-өркендеуі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететіні белгілі. Ал халықтың тұрмысы жақсарса, елдің гүлденуі де хақ. Осындай мақсатты алға қойып, жүзеге асыруға аймақтың бүкіл күш-қуатын жұмылдырып, тіршілігін жандандырып отырған Шығыс Қазақстан облысы  Алтай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сергей Охременкомен әңгімелесіп, өңірдің хал-аухалымен таныстық. – Жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы қарым-қатынас қандай, жұртшылықпен байланыс орнатылған ба? – Негізі, әр тоқсан сайын барлық ауылдық округтерде тұрғындармен кездесу өткізіледі. Сол жерде жолдың жөнделуі, жарық мәселесі секілді түрлі проблемалар талқыланады. Бастысы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті дүниені ретке келтіруге барымызды саламыз. Мысалы, өзекті проблеманың бірі – жылыту мәселесі. Қазір бізде үш үлкен қазандық бар – Алтай, Серебрянск және Жаңа Бұқтырма. Тиісінше, жылыту маусымына дайындық үлкен қаржыны қажет етеді. Оның ішінде жылыту қазандықтарын жөндеуі мен құрылғыларды жаңартып, көмір сатып алуы бар. Оған қоса, көзге көрінбейтін өзге де ұсақ-түйек жұмысы бастан асады. Былтырдан бастап ауылдардағы сумен жабдықтау орталығын жөндеуге қаражат бөлетін болдық. Өйткені ол құбырлар сонау 50-60-жылдары салынған. Міне, содан бері ірі жөндеуден өтпеген. Биылдың өзінде ең ірі деген бес ауылдың орталық су құбырын жөндемекпіз. Ал маңайдағы кішігірім ауылдардың өзінде 16  блокты-модульді станса орнаттық. Алтай – Оңтүстік өңірлерде жол тақтайдай екені белгілі. Сіздердің жолдарыңыз қандай? Жөндеу жұмыстары істелді ме? – Биылдың өзінде аудандық қана емес, облыстық жолдың жөндеу жұмысына қаражат жақсы бөлінді. Маңызды жолдың бірі – ұзындығы 18 шақырымдық көлік жолы, 40-58 шақырым учаскедегі «Октябрь өткелі – Ново-Хайрузовка» жолы. Қазір онда жөндеу жұмыстары басталды. Оған 968,5 млн теңге бөлінген. Осы жол іске қосылса, жағалау аймағы дамып, өңірдегі туризм саласын жандандыруға болады. Осыдан кейін Октябрь өткелін қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр. Тағы бір жоба – Жаңа Бұқтырма ауылының маңындағы үлкен жолды түзеу. 5,8 шақырым жол тегістеліп, жөнделсе, 20 шақты ірі демалыс орнына жол ашылады. Соның арқасында демалушылар саны көбейеді деп сенеміз.  – Жалпы, ауданда туризм жағы қалай дамып жатыр? – Біздің ауданымыз – көрікті табиғатқа тұнған өлке. Тауымыз да, орман, көліміз де бар. Сарқырама мен тұмаға да баймыз. Негізі, өлкемізде жыл он екі ай үзбей туризммен айналысуға мүмкіндік жасамақпыз. Мемлекет тарапынан да биыл жаңа бастамаларға қолдау көрсетіліп, 7 бағыт бойынша субсидиялау бағдарламасы қосылды. Мысалы, тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу бойынша 25 пайызы  өтелсе, туристік нысандарды салу кезінде 10 пайызы қайтарылмақ, Ал туристік автобустарды сатып алуға 25 пайыз өтем болады. Тіпті, жол бойындағы нысандардың сервисін салуда 10 пайызы қайтарылады. Сонымен қатар әрбір шетелдік турист үшін туроператорларды 15 мың теңгеге субсидияланады. Санитарлық-гигиеналық торапты күтіп-ұстауға ай сайын 83 300 теңге төленеді. Тіпті, «Қазақтуризм» ҰК балалар билетінің ақысын 100 пайызға қайтарады.