Қарағандыда мектептің төбесі опырылып ортасына түсті
Қарағандыда мектептің төбесі опырылып ортасына түсті
Қарағандыдағы №50 орта мектептің төбесі опырылып, ортасына түсті. Қазір мектептің спортзалынан аспан көрінеді.  Рatriot telegram арнасының жазуынша, оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
«Егер мектептің шатыры оқу мезгілінде сыр бергенде, қайғылы жағдайдың болатыны анық еді», –  делінген хабарламада.
Қалалық білім бөлімі мектептің ескі екенін, салынғанына 60 жыл болғанын айтады. Алайда мектеп басшылығының айтуынша, шатырды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарда болмаған. Құрылыс компаниясы екі аптадан бері спортзалдың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, яғни қабырғаларды сырлап, төбені әктеп, еденді ауыстырып жатқан.
«Мектеп ғимаратында апат белгілері болған жоқ. Қабырғалардың жарылуы, іргетастың шөгуі байқалмаған», – дейді Қарағанды ​​қаласының білім бөлімі өкілдері.
Бүгінде күтпеген күрделі жөндеуге байланысты мектеп әкімшілігі бюджеттен шұғыл түрде қаржы қарастырып жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қарағанды ​​облысы әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылды.