Елордаға кіріп-шығуға тыйым салу мәселесі қарастырылып отырған жоқ - Сархат Бейсенова
Елордаға кіріп-шығуға тыйым салу мәселесі қарастырылып отырған жоқ - Сархат Бейсенова
Фото: www.gov.kz
Нұр-Сұлтан қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенова елордаға кіріп-шығуға тыйым енгізу қарастырылып отырмағанын айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптада Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия еліміздегі COVID-19-бен науқастану өсімін ескере отырып, қандай да бір өңір эпидемиологиялық тәуекелдің «сары» аймағына өткен жағдайда енгізілетін қосымша іс-шаралар туралы шешім қабылдады. Оның ішінде науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс істеу форматына көшіру, COVID-19-ға қарсы екпе салдыруға болмайтын қызметкерлер мен жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру шаралары бар», – деді Сархат Бейсенова агенттік тілшісінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, Ashyq қосымшасын қайтадан іске қосу, Нұр-Сұлтан қаласына кіруге және шығуға тыйым салу көзделіп отырған жоқ. Дегенмен қала тұрғындарына адамдар жаппай жиналатын жерге барғанда, қоғамдық көлікке отырғанда бетперде тағу ұсынылады.
«Әр адам, әсіресе созылмалы аурулары бар жандар денсаулығына төнетін тәуекел мен қауіпті түсінуі тиіс. Олардан адамдар көп жиналатын жерге барғанда бетперде тағып, барлық қауіпсіздік іс-шараларын сақтауға кеңес береміз. Екпе немесе қайтадан вакцинация алмаған тұрғындарға ұжымдық иммунитетті көтеру үшін дер уақытында вакцина алу маңыздылығын және қажеттілігін еске саламын», – деді ол.