Зерлі Зерендіде «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезі басталды. Төрт күнге жоспарланған іргелі шара «Зерен» демалыс аймағында ұйымдастырылған. Елдің әр түкпірінен жиналған 350 делегат пен қонақты тіркеу жүргізіліп, ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғаш рет Net Working форматында ашық табиғат аясында ұйымдастырылған бұл шараның көздеген мақсат-міндеті – партияның жастар қанатының жұмысына тың серпін беретін тың өзгерістер мен үлкен бетбұрысқа бағытталған. Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, съезд елдің түкпір-түкпірінен келген жастардың белсенділігі мен қызметін жақсартып қана қоймай, мемлекеттік дамуында да келелі әлеуметтік, мәдени және экономикалық салаларда өз ұсыныстары мен идеяларын ұсынуға бағытталып отыр.
«Съезд жастар қанатын жаңғыртудың алғашқы қадамы саналады әрі тарихи маңызға ие. Делегаттар біздің ұйымды трансформациялау бағдарламасын талқылайды. Бұл белсенділердің пікір, тәжірибе алмасуы үшін тамаша алаң болып отыр», – деді Нұржан Жетпісбаев.Делегаттар съездің алғашқы күнінен өздерінің алған әсерімен де бөлісті.
«Мен екінші курс студентімін. Съезд жұмысына бірінші рет қатысып отырмын. Мен үшін бұл жаңа, қызықты, креативті басқосу болып отыр. Толқыныс та сезіледі. Алайда съезд жұмысы Жаңа Қазақстанды құру ісіне белсенді жастардың үлес қосуы үшін маңызды екенін түсінемін», – дейді Алматы қаласынан келген Жасмин Үңгітбай.Съездің алғашқы күні делегаттар үшін «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғырту»; «Цифрлық трансформация және жастар»; «Жасыл ел»; «Зияткерлік және креативті қоғам»; «Дені сау ұлт» деп аталатын 5 түрлі бағытта тренингтер өткізілді. Жастар қанатының белсенді жастары өз идеясымен бөлісіп, съезд жайлы ой-толғамын жеткізді. Аталған тақырыптарда тренингке қатысушыларға белгілі сарапшылар Ақерке Берлібай, Марат Шәкен, Темірлан Қайыржанов, Зульфия Сүлейменова, Мәдина Нұрғалиевалар өз білімі мен қалыптасқан тәжірибелері бойынша ойларын ортаға салды.
«Барлығы 13 адам келдік. Осы үш күннің қалай өтетінін көруге асықпын. Партияның жастар қанатының VI съезі қазақстандық жастар үшін осы жылдың басты саяси оқиғасы болмақ», – деп атап өтті Ақмола облысынан келген делегат Айсара Есет.Съезд барысында жастар қанатын трансформациялау бағдарламасын бекіту, ірі жобалардың тұжырымдамаларын қабылдау, сондай-ақ ұйым құрылымын қайта форматтау да жоспарланыпты.
«Басқа облыстардағы әріптестерімізбен бірге Қазақстан жастарын толғандыратын ең өзекті мәселелерді талқылап, оны шешуге бағытталған жаңа жобаларды әзірлей аламыз. Әр өңірден келген жастардың да проблемалары ортақ. Олардың да мақсат-мүдделері бөлек. Әрі жүзеге асырсақ дейтін идеялары бар. Осының бәрін жиын барысында ортаға салып, талқылауды көздеп отырмыз», – дейді Абай облысынан келген Темірлан Бақтияров.Алматы қаласынан келген партияның жастар қанаты жетекшісі Әкежан Кеңесов мұндай съезд жиындары жастардың бір-бірімен танысып, өзара тәжірибе алмасуына таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.
«Бүгінгі кезектен тыс VI съезге елдің әр түкпірінен 350 делегат қатысып отыр. Бұл жастардың өзара білімі мен тәжірибесін бөлісуге мүмкіндік береді. Әрі жаңа өзгерістерге бетбұрыс жасауға, партияның белсенді жастарының трансформациядан кейінгі бағыт-бағдарын айқындауына жол ашады. Мұндай өзгерістердің болуы тиіс заңдылық деп ойлаймын. Бұған дейін пандемия кезінде кездесулер дің дені онлайн өтті. Жастардың оффлайн жүздесуіне мүмкіндік болған жоқ. Сол себепті жиынның бірнеше күн бойы ашық аспан астында, әдемі табиғат аясында еркін форматта өтуі жастардың одан әрі дамуына тың серпін бермек. Бүгін басталған съезден кейін жаңа бағдарламалар қабылданып, түрлі бағытта жұмыстардың жалғасатынына, біршама тың жаңалықтардың болатынына сенім мол», – дейді Әкежан Кеңесов.Ал Түркістан облысынан жиынға қатысып отырған жастар қанатының жетекшісі біршама үзілістен кейін өткізіліп отырған съез жұмыстарының көңілінен шығатынын жеткізді.
«Бұл жиынға еліміздің әр өңірінен делегаттар қатысып отыр. Съездің негізгі тақырыбы жастарға бағытталғандықтан, басымдық бізге беріліп отыр. Бұл жиын өңірлерде жастар саясатын белсенді атқара алатын дарынды талапшыл азаматтардың қалыптасуына өз септігін тигізетін болады. Бүгінгі съезд тәжірибе алаңын қалыптастырады десек те болады. Мұнда түрлі саланың ең үздіктері таңдап алынған. Әлеумет, спорт, еңбекші мамандардың арасынан «жүзден жүйріктер» жиылған жиында түрлі ой-пікірлер ортаға салынады. «Сөзден іске көшетін» уақыт жетті. Бұл жерден үйренетініміз көп және оны өмірлік тәжірибеде де жиі қолданатын боламыз. Съездің де негізгі мақсаты – осында», – дейді Түркістан облысынан келген партияның жастар қанатының жетекшісі Жансерік Жұман.Естеріңізге сала кетейік, еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» жастар қанаты облыстық филиалдарының конференциялары өтіп, оның қорытындысы бойынша кезектен тыс VI съезге 350 делегат сайланған. Ол кеше басталып, 14 шілдеге дейін жалғасады.
Ақмола облысы