Жабырқау жол жүдетіп тұр
Жабырқау жол жүдетіп тұр
475
оқылды
Арал ауданына қарасты Бөген, Қарашалаң ауылдарының тұрғындары екі аралықтағы жолдың сүреңсіз күйге түсіп тұрғанын айтып, мұңын шақты. Олар жылма-жыл осы мәселе төңірегінде құзырлы орындарға жеткізгенімен, нәтижелі жұмыс жүргізілмей отырғанына ашынып отыр. Негізінен, аудан аума­ғындағы екі ауылды жалғай­тын жолдың ұзындығы – 14 шақырым. Осы ойдым-ой­дым жолмен қатынау халық­ты қажытып отырғанға ұқ­сай­ды.
«Бұл жолдың жүдеу тар­тып тұрғанын жергілікті әкім­дік жақсы біледі. Жол мүлде сапасыз. Екі аралықта жүру ұзақтығы 1 сағат 50 минутты құрайды. Жеңіл көлікке шұрық тесік жолда жүру айтарлықтай қиындық туғызып тұр. Жергілікті әкім­дікке осы жайында айтып келе жатқанымызға табаны күректей бес жыл болды. Биыл алтыншы жылға аяқ басты. Алайда оны жасай­тыны айтылғанымен, уәде құрғақ сөз күйінде қалып тұр», – деп назын жеткізді ауыл тұрғыны Дариха Әлсейі­това.
Әр жыл сайын құзырлы орындар тарапынан бұл жұмыстар жаз мезгілінде бас­талатыны жайында айтыл­ғанымен, нәтиже көңілден шығар емес. Жаз ортасына ауса да, құрылыс жұмыстарын жүргізетін техникалар  да бой көрсетпей, жол сапасы бәз баяғы қалпында тұр. Жер­гілікті жұртшылық осылай деп ашынып отыр. Аталмыш мәселеге орай құзырлы мекеменің де айтар өз пікірі бар. Жауапты мекеме тарапынан екі ауылдың ара­сын жалғайтын жолды салу ісі қаперде тұрғанын алға тартады.
«Аудан аумағындағы сапасы сыр берген жолдарды жөнге келтіру жұмыстары назардан тыс қалған емес. Аудандық маңызы бар «Бө­ген-Ақлақ» жолдарын жөн­деу жұмыстары 2019 жылы басталды. Бұл жұмыстарға 2019-2021 жылдарға 275,6 млн теңге қаралып, 10 шақы­рым жол жөндеуден өткіз­ілген болатын. Енді аталмыш жол­дың қалған бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық қазынадан қаржы бөлінеді деп күтілуде», – деп мәлімдеді бұл жайында Арал аудандық тұрғын үй ком­муналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жол­дары бө­лімі.
Аталмыш мекеменің бер­ген  мәліметіне сәйкес, «Бө­ген-Қарашалаң» жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу­ге қаржы мәселесі қолбайлау болып тұрғанын алға тартады. Егер қажетті қаржы көздері шешімін тауып жатса, тиісті жұмыстар жүргізілетініне сен­діріп отыр. Ал тұрғылықты халық бұ­ған дейін бірнеше рет аудан, облыс әкімдеріне хат жазып, талап-тілегін жеткізген. Бі­рақ әкімдік тарапынан бір-біріне сілтеп, тұқымды жауап берілмегенін айтып, мұңын шақты.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы