«Әйелімен жанжалдасқан...» – куәгерлер Алматыдағы атыс туралы айтты  
«Әйелімен жанжалдасқан...» – куәгерлер Алматыдағы атыс туралы айтты  
Фото: КТК телеарнасының сюжетінен скриншот
530
оқылды
Алматыда әйелімен ұрысып қалған ер адам көпқабатты тұрғын үй тұрғындарын  аяғынан тік тұрғызды. Аспанға оқ атқан ер адамның әрекетін полиция отбасындағы жанжалмен байланыстырып отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. Алыс сапардан келген жүк көлігінің жүргізушісі жұбайымен не бөлісе алмағаны әзірге белгісіз. Бірақ келе сала ұрыс-керіс шығарып, артынша «Алатау сити» тұрғын үй кешенінің ауласында оқ атқан. Видеодан ер адамның қару асынып, аулада жайбарақат жүргенін көруге болады. Арада біршама уақыт өткен соң аспанға бір оқ атады. Бейберекет оқ атқан ер адамның өзі де қатты қобалжып, ауладағы  орындыққа жайғасып отырады. Жан-жақты қоршап, қаумалаған арнайы жасақ пен полицейлерге де қарсылық көрсеткен жоқ. Оқиға кешкі сағат 10-дар шамасында болды. Алматы қаласының тұрғыны Ардақ Ермеков: «Жұмыста отырғанбыз. Тарс еткен дауыс шықты. Біраздан кейін у-шу болып кетті. Біреу атысып жатыр ғой деп терезеден қарап қалсақ, мына жерде бір топ адам. Қызықтың бәрі артта болып жатыр. Көрейік деп далаға шықтық. Жасақ 3 сағаттай ұстай алмай жүрді... Ұстағанда да әрекет те жасаған жоқ. Біздікілер мына жерде қарап-қарап жүрді әйтеуір...», – дейді. Айдың, күннің аманында мылтық ұстап тұрғындардың үрейін ұшырған күдікті аулада үш сағаттай емін-еркін жүрген. 12 қабатты үйдің жоғары қабатында тұратындар оқиғаны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып әлек болып жатқанда бірінші қабаттағылар үрей құшағында отырған. Тұрғын Нұржамал Шәукерованың айтуынша, қару кезенген азамат дәл үйінің алдында оқ атып, 2 сағат жүрген. Алматы қаласының тұрғыны Нұржамал Шәукерова: «Біз бәріміз асүйде жерде жаттық. Кәдімгі еденге жатып, 2 сағат бойы балаларымның бәрі қорқып, жылады. Содан кейін менің қызым шығып бара жатыр екен, мына кісі үйге кіре бер деп айтыпты. Мылтықты қолына ұстап отырған. Менің көзім көрмеген ғой. Үйге кіргенде атылғаны жақсы болды. Содан екі сағаттай болды. Полицейлер мен арнайы жасақ келді. Әзер ұстады ғой», – дейді. Оқ атқан 37 жастағы ер адам тауар тасушы болып жұмыс істейді. Көршілерінің сөзінше, алыс жолдан үйіне келген ол бірден әйелімен жанжалдасып қалған көрінеді. Алматы қаласының тұрғыны Клара Таменова: «Терезеден қарасам орындықта отыр екен. Қолында қаруы бар. Бірақ жанынан ерлі- зайыпты өтті. Ол ешкімге тиіскен жоқ. Одан кейін тағы да бір-екі адам өтті. Тиісіп, сес көрсетіп ондай еш нәрсе болған жоқ. Тып-тыныш отырды. Адамдар жанынан өтіп жатты. Ортақ чаттан оқыдым, «дальнобойщик» болып жұмыс істейді екен. Әйелімен ұрысып қалыпты деп естідім», – дейді. Атыстың салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазір түн ортасында оқ атқан ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Кешкі сағат ондар шамасында 102 пультіне қарулы ер адамның екі рет оқ атқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлерімен ол ер адам ұсталды. 1985 жылы туған М. есімді азамат осы алматылық тұрғын болып шықты. Алдын ала болжам бойынша, ер адамның мұндай қадамға баруына отбасылық жанжал себеп болған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – дейді. Оқ атқан ер адамның ешкімге зияны тимесе де, заң алдында жауапқа тартылады.