Ордабасыдағы ескерткіш опырылып қалды
Ордабасыдағы ескерткіш опырылып қалды
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Аққойлы ауылында орналасқан Ишан Базар мешіті – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында салын­ған тарихи ескерткіш. Оның  «Аққойлы мешіт-мед­ресесі» деген де атауы бар. Оған себеп те жоқ емес. Аққойлы руының молдасы Мәдіқара  Егембердіұлының бастамасымен қалың ел қолдау білдіріп, қаржы жинайды. Оған Сайрамнан қыш күйдіретін ұста мен Бұқарадан төрт шебер алдыр­тып, мешіт құрылысын бастайды. Ишан базары өңір тұрғындары көп жиналатын сауда орталығы бол­ған. Ал Аққойлы мешіті Ишан ба­за­рының дәл жанынан тұрғы­зыл­ған, сол себепті мешіттің іші-сырты адам­нан босамаған. Ишан базарына алыс-жақын елдерден саудагерлер келіп кететіндіктен, Аққойлы ме­шіт-медресесінің де аты ұзаққа ке­тіп, Орталық Азия мұсылмандары­на бел­­гілі болады. Мұнда оңтүстік өл­ке­­­сінен ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті Қырғыз Рес­публикасының Ош өңірінен де шә­кірттер келіп, оқып білім алады. Мед­реседен көптеген қари шық­қан. Сондай-ақ Аққойлы ғимараты мешіт қыз­метін де қоса атқарып, күнделікті бес уақыт намаз бен жұма намаз және Арыс өңірі халқының Ора­за айт пен Құрбан айт намазы оқы­­­ла­тын рухани орталығына айналады. Қиын замандарда да қирамаған Міне, бүгінде мемлекет қорға­уын­дағы тарих және сәулет ескерт­кіші сырттан қарағанда мешіт орта­сындағы биік күмбезі мен қос қа­на­тындағы екі қатарлы кіші күмбездері ерекше көз тартады. Мешіт кіре­берісіндегі үлкен залдан және кіші 13 бөлмеден тұрады. Өкінішке қа­рай, көпшіліктің зиярат орнына айналған қасиетті орын қазір құлау­дың алдында тұр. медресе Мешіт күмбезі 1943 жылы опы­рылып құлаған. Жетпісінші жыл­дар­дан бастап жергілікті зиялы қа­уым өкілдері Аққойлы мешітіне мем­лекет қамқорлығы қажет екенін айтып, Ә.Марғұлан атындағы ар­хео­логия институтының қызметкер­лері Аққойлыны зерттеп, ғылыми қоры­тынды жасаған соң, 1982 жылы рес­пуб­ликалық маңызы бар сәулет ес­керткіші ретінде мемлекет қорға­уы­на алынады. Сол кездегі мәдениет ми­нистрі Ө.Жәнібековтің пәрме­ні­мен 1986 жылы «Қазреставрация» жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Алай­да тәуелсіздік алған жыл­дар­да­ғы экономикалық дағдарыстың әсе­рі­нен 1994 жылы жөндеу жұ­мыс­тары тоқтап, қараусыз қалды. Кейін 2003 жылы Аққойлы кешеніне шым­кент­тік жеке кәсіпкер Ш.Мұ­саев өзінің қаражатына жөндеу жұмыс­тарын жүргізіп береді. 2005-2006 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүрген.
«Республикалық маңызы бар ес­керткіш 100 тарихи нысанның қатарына кірген. Мұнда 30-ға жуық қари-шәкірт тәрбиеленген. Бүгінде мұнда олардың ұрпақтары келіп зия­рат жасап тұрады. Нысанның биіктігі – 18, ені – 20 метр, ал үлкен күмбездің диаметрі – 9,5 метр жо­басында. Жеке кәсіпкер жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін бұл нысан 2006-2014 жылдары еш жерде тіркелмей ауада тұрды. Ауданға барсақ, мұны ұстап тұруға шамамыз келмейді дейтін, облысқа барсақ, олар қабылдамады. 2014 жылы сол кездегі Ордабасы ауда­нының әкімі Самат Сапарбаевтың қолдауымен құжаттары реттеліп, облысқа аударылған. Қазір тарихи-мәдени сәулеттік ескерткіш сектор ғимараты аудан орталығындағы Қа­жымұқан атындағы облыстық спорт музейі қарауында. Мұнда 6 адам жұмыс істеп отырмыз. Алайда 2006 жылдан бері қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Салдарынан оң жақ қанаты жары­лып, төбеден су ағып тұр. Кіші күм­бездерін амалдап жөндеп келе жа­тырмыз, ал үлкеніне шамамыз кел­мейді», – дейді сектор меңгерушісі.
Бүтін ошақтың өзі қараусыз қалған 4 күмбездегі ескі қыш пен жаңа қыштың арасы бір-бірімен қабыс­пай жарылып жатыр. Мұндағы қыз­меткерлер қара қағаз төсеп, Сау­ранның құмы мен ақ цементті ара­ластырып, жылына екі мәрте 13 күмбезді сылап-сипағанымен жа­уыннан сақтау мүмкін болмай отырғанын өкінішпен жеткізді. Облысқа, министрлікке де бірнеше мәрте хат жолдапты. Жыл сайын келесі жылы деген желеумен нақты ресми жауап келмеген.
«Тарихи ескерткіштерімізді тү­гендей алмай жатқанда киелі орын­ның жойылып бара жатқаны жаны­мызға батады», – дейді ауыл тұр­ғын­дары. Ауыл қариясы Исақ Са­дуардин ақсақал: «Мешітіміздің 80 пайызы қирап қалғанда Өзбекәлі Жәні­бе­ковтің қолдауымен қайта тұрғызыл­ған еді. Өкінішке қарай, 16 жылдан бері жөндеу көрмеген тарихи ес­керткіш опырылудың алдында тұр. Теңдесі жоқ ескерт­кішті жойып ал­сақ, қайта қалпына келтіре алмаймыз. Басшыларға ай­тылып-ақ жатыр, еш­­қандай жауап жоқ. Мұндай жәді­герлер ауылдың ғана емес, еліміздің мақ­танышы болуы тиіс», – дейді қария.
Мешіт-медресе жанынан жа­қын­да осы мешіттің қышын күй­дір­ген бүтін ошақ табылыпты. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, ме­шіт салар кезде қыш күйдірген 3 ошақ болған екен. Оның екеуі 1970-80 жыл­дары салынған асфальттың ас­тында қалған. Ал табылған бі­реуінің аумағы қоршалып, төбесіне бас­тыр­ма салыныпты. Әзірге ресми түрде зерттеліп, нақты қай жылдары бол­ғаны анықталмаған. Бірақ мұнда ке­ліп кеткен археологтар елімізде әл күнге дейін мұндай бүтін ошақ­тың табылмағанын, барының өзі сы­нық­тар мен қалдықтары екенін айтқан. Негізінен, Ишан Базар мешітін­де ауыл-аймақтан табылған тарихи жәдігерлер көп. Шойын қазан, қол­жазбалар, тиындар мен киімдер, керамикалық және күміс заттар, ар­ба сынды ата-бабаларымыз қол­данған дүниелер сақталған. Алайда олардың көбісі әлі зерттелмеген күйі тұр.

Түркістан облысы