Ұлт ұстазы мұрасына адалмыз ба?
Ұлт ұстазы мұрасына адалмыз ба?
652
оқылды
Тәуелсіздік кезеңіндегі ахметтанудағы өзекті мәселе – ғалым мұрасын бүгінгі һәм келер ұрпаққа таныстыру мақсатында төте жазумен шыққан кітаптарын кириллге түсіріп қайта бастыру ісі болды. Мәселен, тұл­ғаның туындылары 1989–2017 жылдар ара­лығында бірнеше дүркін қайта жарық көр­ді. Әзірге бастырылып шыққаны 30-ға жуық. Негізі, қандай қоғамда болсын кiтап өтiм­дiлiгi өзекті мәселе екенiн ескерсек, А.Бай­тұрсынұлы кітаптарының бiрнеше рет басылуы – сұранысқа ие құнды қазына екендігіне айғақ. Бұл – ағартушы мұрасының өмiршеңдiгiнің дәлелі. Әрбiр кiтаптың түр­лiше тағдыры болады. Кейбiр кiтаптардың санатта екендігі байқалмайды. Ал кейбiрi басылып шыққан күннен бастап, «ескiнi есеңгiрете, жаңамен қоян-қолтық» бітесіп, «бүгiнгi кiтап – ертеңгi iс» дегендей, қоғамнан өз орнын алады. Сұрқия кезең тұлға мұрасын «шыңырауға көмiп» есімін айтқызбаса да, оның оқу-ағарту саласындағы еңбектерi қазақ дүниетанымында сара жолын салуда. Ақиқатында, ғалымның «Әдебиет таныт­қыш» оқулығы «ұлттық әдебиеттанудың бас­тауы» болғандығы мойындалды. Кеңестік әдеби зерттеулерде «сілтемесіз» қолданған ағартушы мұрасы егемендік алғаннан кейін зерделене бастады. Кеңес тұсында ұлт әде­бие­тін бақылауда ұстағанын ескерсек, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы ма­ман иелерінің ғалымның есiмiн айналып өт­кенін аңдаймыз. Ахметтің мұрасын ғана емес, Алаш арыстары туындыларын сiлте­ме­сiз пайда­ланғанын алдыңғы буын өкілдері жазды. Енді, жарық көрген шығармаларға тоқталып, олардың құрылымына шолу жасасақ. 1989 жылы «Жазушы» баспасынан «Ахмет Байтұрсынов шығармалары» атты жинақ жарық көрдi. Көлемі – 320 бет, тара­лымы – 20 000 дана, құрастырушылары: Шә­рiпов Ә., Дәуiтов С. Жинаққа «Маса», «Қырық мысал», «Әдебиет танытқыш» еңбектері топтастырылған. Ғылыми түсінікті С.Дәуітов жазған. Жинақ ғалым есімі ақталғаннан кейiн басылған – бiрiншi кiтап. Жинақ қағазының сапасы төмен. Кітап редакторы М.Неталиев. Қайта басылған жинақта А.Байтұрсынұлының құқы қор­ғалмаған, жинақты бастырушы «Жазушы» баспасының мүддесі қарастырылған. 1990 жылы «Жазушы» баспасынан «Боздағым» атты қазақтың жоқтау жырлары жинағы 60 000 таралыммен басылып шықты. Жи­наққа аңдату берілмеген, құрастырушысы: Т.Арынов. Кiтапқа қазақтың – 46, көне түркi тiлiнен – 2, өзге халықтардан – 4 жоқтауы енген. Жинаққа А.Байтұрсынұлы жинап, өңдеп 1926 жылы шығарған «23 жоқтау»-дың 20-сының «кейбір тұстары қысқартылып, өңделіп» енген. «Кенесары–Наурызбай», «Қыздың жоқтауы», «Жолдыбай» енбеген. Алғы сөзінде: «...кiтапқа архивтерден, түрлi қолжазбалардан, ел аузынан жиналған ма­териалдар тұңғыш рет жүйелi түрде топ­тас­тырылып отыр» деп бастайды. Сонан соң: «...осы ХХ ғасырдың 25-26 жылдары араб жа­зуы­мен Москвада басылған «23 жоқтау» де­ген белгiлi жинақ болды. Ол жи­нақты құ­растырған адамдар өз бастарындағы идеялық қайшылықтары үшiн тиiстi мiнез­де­мелерiн алған. ...әңгiме олар туралы емес», – деп, А.Байтұрсынұлының құрастыруындағы «23 жоқтаудың» бастырушыдан дейтін алғы сөзiн қаз-қалпында береді. Жинақ ағартушының есiмi ақталғаннан кейiн нақтырақ, 1989 жылы маусымның 27-і күні теруге, ал 1990 жылы қаңтардың 25-і күні басуға қол қо­йылған. Жинаққа баспа тарапынан «түзету» жүргiзiлмегенi түсiнiксiз. Жазушы Д.Дос­жанов деректi зерттеуінде: «…1990 жылы дәл осы жинағын «Жазушы» баспасы бiр әрпiн өзгертпей «Боздағым» деген атпен қайта шығарады. Әйтсе де, А.Байтұр­сы­новтың есiмiн көпе-көрнеу сылып тастап, «құрас­тырушы» болып басқа бiреу өз есiмiн жа­зыпты» деген мәлімет берген. Бірақ мұны ескерген әдеби орта болмады. 1991 жылы «Жалын» баспасынан «Ахмет Байтұрсынов. Ақжол, Өлеңдер мен тәржi­мелер, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу» басылымы көрдi. Көлемі – 464 бет, таралымы – 20 000 дана, құрасты­рушысы әрі алғы сөзiн жазған: Р.Нұрғалиев. Жинақтың 1989 жылғы жинақтан өзгешелігі: М.Әуезовтің «Ақаңның елу жылдық тойы» құттықтау-лебiзi, әр жылдары баспа бетін көрген 43 публицистикалық мақаласы топтастырылған. Жинақтың аңдатуында: «Отызыншы жылдары сталиндік озбыр­лықтың құрбаны болған ұлы ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, ақын-аудармашы, публицист Ахмет Байтұрсынұлының ардақты есімі қазіргі қайта құру заманы арқасында ақталып, артына қалдырған асыл мұрасы халыққа қайта оралды» деген ақпарат береді. Әдебиетші Р.Нұрғалиев «Алып бәйтерек» деген тақырыпта ғалымның өмірі, қызметі туралы, әдеби мұрасына бүгінгі әдебиет талабы мен танымы тұрғысынан талдау жа­саған. 1-бөлімдегі: «Қырық мысал», «Маса» туындыларын – М.Мырзахметов, «Ер Са­йын», «23 жоқтау» ауыз әдебиетінің нұс­қалары – Р.Нұрғалиев, 2-бөлімдегі: «Кө­семсөз» мақалалары – А.Мектепов, Ғ.Әне­сов, «Әдебиет танытқыш» әдеби зерттеу ең­бегі – Р.Нұрғалиев дайындаған. Редакто­ры – Е.Дүйсенбаев. Туынды авторы А.Бай­тұрсынұлының құқы қорғалған. Осы жылы Қырғыз Республикасының Бiшкектегі «Периодика» баспасынан қырғыз ғалымы Карбоз Дыйқановтың қаражатымен Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы: қазақша әлiп­песi» басылып шықты. Кiтап көлемі – 97 бет, таралымы – 5000. Құрастырушы К.Дыйқанов оқырмандардың түсiнiп оқуын жеңiлдету мақсатында қырғыз тiлiнде аңдатуы жазған. 1992 жылы «Ана тiлi» баспасынан «Тiл та­ғы­лымы» деген атаумен жинақ жарық көрдi. Кітап көлемі – 448 бет, таралымы – 11 500 дана. Редакциясын басқарғандар: Р. Сыз­дықо­ва, Ш.Сарыбаев. Құрасты­ру­шылары: Ғ.Әне­сов, А.Мектепов. Кітапқа ака­демик Р.Сыз­дықованың «Ахмет Бай­тұр­сынов: өмірі мен қызметі» атты тақырыппен ғұмыржолы баян­далған. Жинаққа «Оқу құралы», «Әлiп­би», «Сауат ашқыш, «Тiл құрал»: Дыбыс жүйесі мен түрлері, 1-жылдық; Сөз жүйесі мен түрлері, 2-жылдық; Сөйлем жүйесі мен түрлері, 3-тiл танытқыш кiтап; «Баяншы», «Тiл жұмсар», Жазу, емле тер­минология мә­селелерi жөнiндегi 6 публи­цис­тикалық, оқу-ағарту ісі жөнінде 7 мақаласы енген. Авторы Ахметтің құқы қорғалған. 1996 жылы «Жетi жарғы» бас­пасынан 3000 таралыммен «Жаңа низам» атты жинақ жарық көрдi. Құрастырушысы: З.Қыстау­байұлы, алғы сөзiн С.Өзбекұлы жазған. Кі­тапқа қайраткердің заң тақыры­бы­на жа­зыл­ған 21 публицистикалық мақаласы топтастырылған. Алғы сөзде ғалым толғаған мәселелердiң күнi бүгiнде өз мәнiн жоймағанын, қайта уа­қытпен үндесiп жатқан­дығын, мы­салы «-ов, -ова, -ев, -ева,» ту­ралы қазақ iшiне сырттан телiнген осы қосымшаның қажет­сiз екенiн сол кездiң өзiнде дәлел­денгенiн айта келе, Алаш арыстары аңсаған ата-тегі, йағни аты-жөнін «ұлы», «қызы» деп жаздырту осы күнi де iс жүзiне асырылып жат­қан­дығын айтады. А.Байтұрсынұлы­ның бұ­рын «жинақ» болып шық­паған ма­қа­лалар топтамасы енген бұл кітапта автордың құқы қор­ғалған. Бұл осы жинақты шығару­шы­лардың ұждандарының биік­тігін көрсетеді. 1998 жылы «Рауан» баспасынан «Әлiб-бiй: Жаңа құ­рал» атты жинақ жарық көрген. Кітап көлемі – 120 бет, таралымы – 1000. Жинақтың ерекшелiгi – ағартушы түзген жазу емлесiнің факсимелі беріліп, төменгі жағына қазiргi жазуға қопарылып ба­сыл­ған. Құрастырушысы – Ұ.Асылов, редакторы – Ғ.Жандыбаев. Кітап қағазы сапалы, форматы ерекше. Кітап авторының құқы қорғал­ма­ған, тек баспаның мүддесі қарасты­рылған. 2002 жылы «Жiбек жолы» баспа үйiнен «Байтұрсынов Ахмет. Бес томдық шығар­малар жинағы. Бiрiншi том» жинағы 208 бет, таралымы – 500 данамен жарық көрдi. Бас­паға әзiрлегендер: А.Iсiмақова, Г.Пірәлиева. Кітап аңдатуында: «1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» пен 1989, 1991 жылдардағы «Әдебиет танытқыш» салыстырылып, өзге­рiске ұшыраған, алынып тасталған тұстары қалпына келтiрiлiп, толықтырылғаны» ту­ралы мәлімет берген. Жинақ мәтінінде сәй­кессіздік орын алған. Мәселен, «Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының реформаторы» атты алғы сөзде: «Ұсынылып отырған ака­демиялық басылымда (...) кезінде араб графикасымен жазылған, қазіргі қолданып жүрген әрпімізге тұңғыш рет көшіріліп отырған А.Байтұрсынұлының Т.Шонанұлы­мен бірге жазған «Оқу құралы» кітабы толық беріліп отыр» деп көрсетілгенімен (Б.12–13), аталған еңбек жинаққа мүлде енбеген. Кітап авторы А.Байтұрсынұлының авторлық құқы қарастырылмаған. Жинақты дайындағандар мен баспа үйінің мүддесі қорғалған. Кітап «бес томдық шығармалар жинағы» деп көрсетілгенмен, «жалғасы» болмаған. 2003 жылы осы «жалғасын таппаған» бес томдық «Алаш мұрасы» сериясымен «Алаш» баспа­сынан «Ахмет Байтұрсынұлының бес томдық шығармалар жинағын» шығару қайта қолға алынды. Бұл томдықтың ерекшелiгi – алғаш­қы нұсқалармен салыстырылып, толықты­рылды. Құрастырып, алғы сөзі мен ғылыми түсінігін жазғандар: А.Ісімақова, Г.Пірә­лие­ва, С.Сәкенов, Р.Имаханбет, Ұ.Еркінбаев, К.Мұстафаевалар. 1-томға: «Қырық мысал», «Маса», «Қазақтың бас ақыны», «Әдебиет танытқыш» енді. 2-томға Т.Шонанұлымен шығарған «Оқу құралы» атты хрестоматиялық еңбегі алғаш рет бүгінгі кирилл әрпіне түсі­ріліп ұсынылды. 3-томға: «Тіл – құрал» оқу­лы­ғының 1, 2, 3-жылдық кітаптары, «Баян­шы», «Тіл жұмсар» әдістемелік еңбектері, 4 мақаласы енген. 4-томға: «Оқу құралы», «Әліб-бій» жаңа құрал, «Сауат ашқыш» еңбектері және түрлі тақырыптағы 14 ма­қаласы, сонымен қатар «Жазу, емле, терми­но­логия», «Оқу-ағарту» мәселелері бойынша мақалалары берілген. 5-томға: «Ер Сайын», «23 жоқтау» әдеби мұрасы мен еленбей келген еңбектері, түрлі тақырыптағы 21 мақаласы топтастырылған. Ескерер жәйт: «А.Б.» бүркеншік есіммен 1912 жылы «Қазақ­стан» типографиясынан жарық көрген 27 беттік «Ызың» атты өлеңдер топтамасы «Жаңа табылған туындылары» тарауымен 5-томға енгізілген еді. Бұл туындыдағы өлең құрылымы, сөз саптауы А.Байтұрсынұлына тән еместігі байқалса да, аға буынның: «ақынның 1911 жылы шыққан «Маса» жина­ғымен мәндес» деген кеңесімен жарияла­н­ғаны «жаңсақтық» болғанын томның құрас­тырушыларының бірі ретінде мойындаймын. Бұл өрескел қате кейін 2013 жылы шыға­рылған 6 томдықта ескеріліп, түзетілді. 2003 жылы «Атамұра» баспасынан «Бай­тұр­сынов Ахмет. Әдебиет танытқыш» жинағы 208 бет, 2000 дана таралыммен жарық көрді. Кiтап – зерттеу жұмыс әрі оқулық екені не­гiзге алынбастан, «көркем басылым» ретiнде ұсынылған. Бас редакторы – Ә.Пiрманов, редакторы – А.Дәдебаев. Автор мен баспа­ның құқы қорғалған. Кітаптың басылған оф­сеттік қағазы өте сапалы. 2005 жылы «Ра­ритет» баспасынан «Жыр жауһарлары» сериясымен «Байтұрсынұлы Ахмет. Маса: Өлеңдер мен көсемсөздер» жинағы 208 бет, 3000 дана таралыммен жарық көрді. Жинақтың мұқабасы көркем безендірілген. Кiтап аңдатуынан бөлек, жинақ сыртында: «Халқының көкірек көзін ашып, көңілін көгертуге адамдық тұқымын егіп, шашқан Ахмет Байтұрсынұлын қазақ қоғамы қазір де Адамдық Диқаншысы деп біледі. Бұл кітапқа ұлы ұстаздың өткен тар замандарда қазақтың ұлттық санасын қалыптастырған таңдаулы еңбектері енді» деген мәлімет берілген. Басылым редакторы – Ә.Дүйсенбайұлы, суретшісі – Б.Серікбай. Туынды авторы Ахметтің құқы қарастырылмаған, баспа мен безендірушінің құқы қорғалған. 2006 жылы Үрімшінің «Шыңжаң» халық баспасынан «Байтұрсынов А. Әдебиет та­ныт­қыш» оқулығы жарық көрді. Кітап көлемі – 272 б., таралымы – 2000 дана. Бас­паға дайындаған: С.Сағатжанұлы. Аңдатулық ақпарат қытай тілінде берілген. Жинақтың ерекшелігі – Ахмет емлесімен басылуы. Жинақ аңдатуы – ханзу тілінде берілген. Кітап авторының құқы қорғалмаған. 2013 жылы «Абзал-Ай» баспасынан «Қазақ тіл білімінің мәселелері» деген атау­мен Ахмет Байтұрсынұлының тілдік мұрасы жарық көрді. Көлемі – 640 бет, таралымы – 4000 дана. ««Қазақ тіл білімінің антологиясы» атты сериялы ғылыми жобаның тұңғыш кі­та­бының беташары» Ұлт Ұстазынан бастау ал­ғанын кітапқа берілген құрастырушыдан де­ген аңдатуда жазады. Бірақ жобаға негіз бол­­ған кітап авторы А.Байтұрсынұлының құқы қорғалмайды. Тек, құрастырушы, бас­паның мүддесі қарастырылған. Жинаққа ағарту­шының «Тіл – құрал» кітаптары (1-інші, 2-нші, 3-інші тіл танытқыш оқулығы), «Әдебиет танытқыш» кітабы, бұл жөнінде: «Осы жинаққа ғалымның «Әдебиет таныт­қыш» зерттеуін қосуымыздың да үлкен мәні бар» деп, оның себептеріне тоқталған. Ға­лымның бұл зерттеуіне: «...бүгінгі күнгі әде­биет теориясы биігінен емес, ХХ ғасыр ба­сындағы жалпы филологиялық пән ретінде, қос қанатты, жұп қырлы «Сөз өнерін» – тіл мен әдебиетті сипаттау, тану, таныту тұрғы­сынан бағалаған жөн деп білеміз», – дейді (Б.4–5). «Әліппе. Емле. Әдістеме» айдарымен «Оқу құралы» қазақша алифба, «Баяншы» мұғалімдер үшін, «Тіл жұмсар» жұмыс тә­жі­рибесі кітаптарын топтастырған. Мұнан бө­лек, әр жылдары жарияланған 14 мақала­сы, 1 баяндамасы, 1 стенографиялық есебінің мәтіні енген. Жинақты құрастырған – Ғ.Әнес, редакторлары – Ш.Жамықаева, Н.Садықова. «А.Байтұрсынұлының өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері» және «А.Байтұрсынұлы еңбектерінің библио­гра­фиялық көрсеткіші» берілген. Тұлғаның 4 ұжымдық суреті, кей кітабының сыртқы, ішкі мұқабасының факсимелі қамтылған. Бір әттеген-айы, тілші ғалым Ғ.Әнес 2013 жылғы «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы» туралы кіта­бындағы «қателерді» тағы да қайталайды. 2017 жылы «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» атты кітап жарық көрді. Кітап көлемі – 752 бет, таралымы – 5000. Жауапты редакторы әрі құрастырып, түсі­ніктерін жазған – О.Жұбаева. Баспаға дайын­даған – «Алашорда» қоғамдық қоры. Жинақ­тың аңдатуында: «Ахмет Байтұр­сынұлының әр жылдары түзетіліп, өңделіп, толықтырылып отырған «Тіл – құрал» атты тіл танытқыш кі­таптары, «Әдебиет таныт­қыш», қазақ тіліне қатысты жарық көрген мақалалары, мұрағаттан табылған құжаттар, пікірлер, т.с.с. енгізіліп отыр» деген анықтама берілген. Онан әрі: «Еңбекте қазақ тіл білі­мі­нің қалыптасып, да­муына елеулі үлес қос­қан ғалымның тілта­ным­дық мұрасы түп­нұс­қамен салыстырыла оты­рып, өзгерістері ба­ры сараланып, жинақталып беріліп отыр», – деп анықтама берілгенімен, салыстырылуы жөнінде нақты мәлімет қам­тылған ғылыми түсінік жазылған сараптаулар мүлдем жоқ. Басылымдағы өрескел қате – кі­тап атауында. «Ахмет Байтұрсынұлының тіл­танымдық мұрасы» деп аталатын зерттеу ең­бектен «ағар­тушы ғалымның ұлттық мек­тепке ар­налған тұңғыш оқулықтарының жетістіктері талданып, ғылыми сипатталған екен» деп қа­был­дауға болады. Жинаққа «А.Байтұр­сын­­ұлы – тіл біліміндегі жаңа ба­ғыт­тардың не­гізін қалаушы» (Б.3–135) деген тақырыппен 10,5 беттік алғысөз және 1,5 беттік түсінік (Б. 750–751) берілген. Тілші ғалым О.Жұбаева айтатын «мұрасы түпнұсқамен са­лыстырыла отырып, өзгерістері бары сара­ланған» жұ­мыс­тан ғылы­ми сараптаулар мен келелі ой-пікірлерді кез­дестірмедік. Тұлғаның тоғыз кітабы топтас­тырылған жинақта А.Бай­тұр­сынұлының құқы тіпті қорғалмаған. Тек, жинақ құрастырушы О.Жұбаева, «Алаш­орда» қоғамдық қорының мүддесі қарастырылған. 2019 жылы А.Бай­тұрсынұлы мен Т.Шонан­ұлының 1928 жылғы «Оқу құралы» деген хрес­томатиясы «Бастауышқа арналған оқу кітабы» атты жаңа атаумен жарық көрді. Көлемі – 144 бет, таралымы – 1000 дана. Бас­паға да­йын­даушы тараптардың мүддесі қарастырылған. Оқулықтың негізгі автор­ларының құқы қорғалмаған. Жоғарыда Ахмет Байтұрсынұлының есі­мі ресми ақталғаннан кейін, тәуелсіздік ке­зең ұлттық ғылымы тұрғысынан қарасты­ры­лып, алғы сөзі мен ғылыми түсініктері жа­зы­лып, қайта жарық көрген 26 оқулыққа шолу жасалды. Оқырманымен қайта қауыш­қан бұл оқулықтардың бүгінгі өскелең ұр­паққа тигізер оң ықпалы зор екені даусыз. Десе де, соңғы уақыттары мемлекет қаржы­сымен шығарылатын тұлға танымдық оқу­лықтарда белең алған олқылықтар да жоқ емес. Мұндай олқылықтар болмас үшін «Кі­тап шығару ісі мен кітап авторының құқын қорғау» мәселесін күн тәртібіне қою шарт. Себебі кезінде өз авторлығымен шық­қан тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының төл туындыларынан Ахметтің «©»-лық құқын шектеп, тек сыртқы мұқабаға атын жазып, ішкі мұқабада автордың көрсетілуі тиіс орнына, баспа мен құрастырушының құқын ғана қорғау – арымызға сын. Бұл қашан пайда болған үрдіс?! Мейлі, Алаш арысының өмірден озғанына 85 жыл болсын, тіпті 100 жыл өтсін, ұлттық ғылымның ұйыт­қысы болған ұлы ағартушының қаламгерлік құқы мәңгілік сақталуы шарт. Бұл құрметке ұлт мүддесі үшін құрбан болған Алаш арыстарының мұрасы әбден лайық. Ал біздің бүгінгі зиялылардың «кейбірі» тарихи тұл­ғалардың туындыларына «зиянын» тигізіп жүргенін аңдамайды, не аңдағысы келмейді. Ақиқатында, Алаш арыстарының ресми ақ­талуы, рухани мұраларының ортамызға ора­луы 1988 жылдан бері ғана басталғанын ес­кер­с­ек, олардың «өмірден озғанына – 85 жыл», рухани мұралары «қазынаға тән» деп, құрас­ты­рушылар мен баспагерлер «асығыс­тық» жасамаған болар еді-ау. Алаш мұрасын қайта шығару үшін мемлекеттік үлкен, кіші бағдар­ламалармен қаржыландырылып отыр­ған құ­растырушылар мен баспагерлер (түрлі жеке­мен­шік қоғамдық қорлар және т.б.) Алаштың мұрасына адал болуды ұрпақтық парызы деп білуі міндет.

Райхан ИМАХАНБЕТ, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі