Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежазба арқылы AMANAT жастар қанатының кезектен тыс VI Съезіне қатысушы делегаттарға құттықтау сөз арнап, ел жастарына арнайы үндеу жолдады. Съезд барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданып, Орталық кеңестің құрамы мен жастар ұйымының атауы өзгертілді.
Ақмола облысының Зеренді ауылында өтіп жатқан Съездің пленарлық отырысына еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат пен қонақ қатысты.
Пленарлық отырыс барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінің делегаттарына арнайы үндеу жолдады.
Онда Президент Жаңа Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс үш маңызды бағытты атады.
Олар – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет.
«Партияны дамытудың кезекті кезеңі оның жастар қанатын жаңғырту саналады. Біз жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналғымыз келеді. Барлық өңірден келіп түскен ұсыныстар негізінде қайта жандандыру бағдарламасы әзірленді. Сондай-ақ ұйымның Орталық кеңесінің құрамы қайта қаралды», – деді Нұржан Жетпісбаев.Пленарлық отырыс барысында сөз сөйлеген медиаволонтер Диас Камериданов партияға барлық тарихи құжаттар мен деректі фильмдер қазақ және ағылшын тілдерінде цифрландырылатын «Tarih» бірыңғай платформасын әзірлеуді ұсынды. Бұл Қазақстан тарихын диджитализациялауға және оны баршаға қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Партия жастар қанатының Алматы қалалық филиалының волонтері Ариана Белобжицкая еріктілердің 100 мектебін қамтитын Волонтерлер академиясын құруды ұсынды.
«Бұл бір алаңда түрлі бағыттағы еріктілерді жинауға мүмкіндік береді. Олар жаңа білімді, тәжірибе мен біліктіліктерді ала алады. Шетелдік сарапшылардан да үйренеді», – деп атап өтті ол.Қаңтар айындағы оқиғалар кезінде әскери қызметте болған ақтөбелік Ұлан Мырзабайдың айтуынша, Отан қорғау – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
«Жастардың патриоттық тәрбиесіне ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте, партияның жастар қанаты жүзеге асырып жатқан QAISAR жобасы бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Биыл осы жоба аясында ел аумағындағы 2000-нан астам жоғары сынып оқушысы қамтылды. Осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек», – деді Ұлан Мырзабай.Бұдан соң Солтүстік Қазақстан облысы Озерное ауылы мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова сөз сөйледі:
«Қазіргі уақытта жастардың басым бөлігі өз болашағын мегаполистермен байланыстыратыны жасырын емес. Алайда ауыл – халқымыздың бесігі. Сондықтан жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар үлкен қалалармен шектелмей, ауыл жастарына дейін жетуі тиіс».
«Жаңа Қазақстанды өз Отанын сүйетін, білімді, парасатты, дарынды, рухты жастар құратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі делегаттарға партияның жастар қанатының атауын «Жастар Рухы» деп өзгертсек деген ұсынысым бар», – деді Біржан Оразов.Бұл шешімді іс-шараның барлық қатысушылары қолдады.
«Рух – халқымыз үшін киелі құндылықтарды білдіретін ұғым. Бұл атау өте терең мағынаға ие, үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа атау ұйымның жұмысын да түбегейлі өзгертуді талап етеді. Яғни, жаңартылған жастар қанаты жас ұрпақтың мүдделерін шын мәнінде қорғауы тиіс», – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.AMANAT партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, танымал тележүргізуші Мақсат Толықбай партия атауын өзгерту туралы ұсынысқа қолдау білдірді.
«Қазақ халқы әуелден рух, намыс ұғымдарын айрықша қастерлейді. Ал рухани байлық дегеніңіз – ұлттық сана, тіл, діл. Ең үлкен байлығымыз да осы адами капитал, рухани құндылықтар. Ел болашағы білімді жастардың қолында. Бабалар аманаты жас буын білім мен еңбекқорлықты үлгі ете алған кезде орындалады. Жаңа Қазақстан – рухани сабақтастық», – деді Мақсат Толықбай.Съезді қорытындылай келе, AMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Жаңа Қазақстан болашақ жастардың игілігі үшін құрылып жатқанын атап өтті.
«Бұл реформалардың мәні неде? Сіздердің әрқайсыңызға – еліміздің саяси өміріне, бизнеске, басқа да қоғамдағы маңызды мәселелерге еркін араласу үшін тең мүмкіндік беру. Бір сөзбен айтқанда, біздің жастарымыз келешекте әділетті де ашық қоғамы бар қуатты Қазақстанда өмір сүрулері керек. Президент бастамасымен осы өзгерістердің барлығы Конституциямызға енгізілді, шегеленді, заңдастырылды. Ендігі кезекте осы реформаларды іске асыруда – алдыңғы қатарда жастар, әрине сіздердің болуларыңыз өте маңызды», – деді Ерлан Қошанов.