Африканың шығысындағы елдерде шегіртке қаптап кетті, – деп жазады 24.kz. Салдарынан диқандар шығынға батқан. Жергілікті Africa news телеарнасының хабарлауынша, шегіртке шабуылынан, әсіресе, Эфиопия, Уганда, Кения мен Сомали қатты зардап шегіп отыр. Кейбір елдерде тіпті төтенше жағдай да жарияланды. Мәселен, зиянкестер жаңа көктеп келе жатқан егіс алқаптарын отап жатыр. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, алдымен олар Йеменде пайда болған. Йеменде шегірткеге қарсы дер кезінде у сеуіп үлгермегендіктен, зиянкестер көбейіп көрші елдерге де тарап кеткен. Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының өкілі Доминик Бурген: «Жағдайды реттеу үшін қазірден бастап іске кірісу керек. Халықаралық көмек қажет деп ойлаймын. Шегірткемен күресу үшін 76 млн доллар сұрадық. Оның тек 19-ын ғана алдық. Дабыл қақпасақ бұл апаттың зардабы ауыр болуы мүмкін. Халықаралық бірлестіктер мәселенің қаншалықты қиын екенін түсінуі керек. Жергілікті халық аштыққа ұшыраса, бұл проблеманы шешу оңай емес», – деді.