Беті жаман індет жайлаған Қытайдан қазақстандықтарды эвакуациялау аяқталуға жақын. Біраз отандас сонда қалуға шешім қабылдапты. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары қаралды. Үкімет бұл қауіпті дерт қазақ еліне келген жоқ дейді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда Қытай кеселін жұқтыру оқиғасы тіркелмегенін мәлімдеді. – Елімізде ЖРВИ симптомдары және жоғары температурасы бар 134 адам ауруханаға жатқызылды, оның 106-ы сауығып шықты. 28-і әзірге стационарда емделуде. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Медициналық ұйымдар Қытайдан келген азаматтардың денсаулығын тұрғылықты жері бойынша мониторингілеу жұмысын жалғастыруда: онымен 24 167 адам қамтылды, оның ішінде 1 298-і – шетел азаматтары, – деді министр. Бүгінде ҚХР аумағында 497 Қазақстан азаматы тұрып жатыр. Оның 337-і – студент. 11 ақпанда 217 азаматымыз Air Astana әуекомпаниясының чартерлік ұшағымен Бейжіңнен Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Осы жылдың 12 ақпанында Шың елінен тағы 155 азаматымызды осындай рейспен алып кету жоспарланған. Азаматтарды елге эвакуациялаудың осы шаралары аяқталғаннан кейін ҚХР аумағында елге оралудан бас тартқан 343 қазақстандық қалады. Асқар Мамин Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. «Ел аумағында коронавируспен ауыратындар тіркелмеген. Жағдай тұрақты және Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деді Премьер. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жұмыстарын жалғастыруды, Сыртқы істер министрлігіне шығыс көршідегі қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Қазіргі кезде дәріхана желілерінде медициналық маска және вирусқа қарсы препараттар бағасын негізсіз қымбаттату фактілері кездесуде. Осыған орай, Премьер-Министр монополияға қарсы органға және Денсаулық сақтау министрлігіне бұған жол бермеуді жүктеді. «Мәселенің мән-жайын анықтаңыздар. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы керек», – деп түйді А.Мамин. Ресми мәлімет бойынша, Қытайда жаңа коронавирустық пневмонияға душар болғандар саны 42 638-ге жетті. Оның 1 016-ы қайтыс болды. Тек 3 996 емделіп шықты. 16 қаласында карантин енгізілген. Ал әлемнің 27 елінде 448 адамда коронавирустық инфекция расталды. Қытайды дерт жайлауына байланысты Қазақстан шекараны жапты, әуе, теміржол, автокөлікпен жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Барлық өткізу бекетіндегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтті. Оларда 6 қаңтардан бастап барлығы 260 885 адам, оның ішінде ҚХР-дан – 30 852 адам қаралды. ҚХР-дан келген адамдарды тұрғылықты жері бойынша қадағалау ұйымдастырылды. Бұдан өзге науқас және ауруға күдікті адамдарды қабылдауға дайындық ретінде медициналық ұйымдарда қосымша 4,5 мың қосымша төсек орны дайындалды. Медициналық ұйымдар Қытайдан келген 23 059 адамды тұратын жері бойынша 14 күндік бақылауға алды. 14 күндік инкубациялық мезгілдің аяқталуына байланысты оның 15 478-і мониторингтен босатылса, 8 690-ы әлі де медициналық бақылауда. Ешқайсысында коронавирустық инфекция тіркелмеген. Айхан ШӘРІП