Darknet дейтін бір әлем...
Darknet дейтін бір әлем...
378
оқылды
Ғаламтор әлемде кең та­рал­­ғаны­мен, бұл жалғыз ин­тер­нет желісі емес. Жалпы, ин­тернет үш сегментке бө­лі­не­ді: көрінетін желі (Surface web), тереңдік желі (Deep Web) жә­не көлеңкелі желі (Darknet). Мұ­ның ішіндегі Darknet көп­ші­лік­ке беймәлім әлем. Көлең­ке­лі желінің қыр-сырын жіктеп көрейік. Darknet – қарапайым интер­нет­­ке параллель орналасқан жасы­рын желі. Darknet-те барлы­ғы толығымен анонимді түрде жүреді әрі ақпарат шифрланады. Басқаша айтқанда, көлеңкелі желі бұл негізгі базада бар, бірақ тек қана қорғалған прокси-серверді және интернет-қосылыстарды пайдаланатын заңсыз орын. Darknet-тің жұмыс алгоритмі әдеттегідей жүреді. Сондай-ақ көлеңкелі желіде іздеу жүйесі, жаңалық сайты, интернет дү­кен мен әлеуметтік желі бар. Бі­рақ жүйедегі барлық сайт тауар­­лар­дың заңсыз айналы­мы­мен ай­на­лысады немесе тыйым са­лын­ған ақпаратты таратады.  

Көлеңкелі желі қалай пайда болды?

Көлеңкелі желінің  алғашқы прототипі ARPANet қоғамдық же­лісімен бір уақытта пайда бол­ды. Ол кейін аясы кеңіп, за­­манауи интернетке айналды. Darknet-ті құрудың негізгі себебі  тек таңдаулы пайдаланушылар үшін қолжетімді  жасырын желі құру еді. Желіні ең алдымен АҚШ әскери күштері жасады.  Олар  әскери құрылымдардың орна­лас­қан жерін жасырып, ақпарат қауіпсіздігін сақтауды қалады. Бұл желі алғаш рет 1970 жылы қолданысқа енді.  Ішкі желіден  мәлімет алғанымен, сыртқы сұраныстарға жауап бермеді.  2002 жылы Microsoft Darknet-ті бір күннің ішінде «ұйқысынан оятты». Компания көлеңкелі желі­нің  жұмыс істеу принциптері туралы еңбек жазып,  қоғамда кең таралуға ықпал етті. Олардың айтуынша, Darknet өнімді DRM технологиясын құрудағы басты кедергі екен. Көлеңкелі интернеттің да­муы­на АҚШ-тың әскери-теңіз зерт­­ханасы үлкен үлес қосты. Олар интернетте анонимді әре­­кетті орындауға мүмкіндік бере­тін арнайы прокси-серверлік бағдарламалық жасақтаманы (TOR) құрды. Darknet неге бертін келе дамыды дерсіз? Өйткені TOR пайда болғанға дейін көлеңкелі желі жайында ешкім білмеді. Яғни, 2000 жылдан бастап әлем көлеңкелі интернеттің иіріміне түсті. Darknet және TORе тура­лы ақпарат тарағаннан кейін көлеңкелі желіні пайда­ла­ну­шы­лар саны күрт өсті. 2013 жыл­ға қарай қараңғы желі­ні қол­­­да­ну­шы­лар саны 5 мил­лион­нан асқан. Желінің дамуына екінші жа­ғы­­­нан криптовалюта әсер етті. Себебі пайдаланушының ано­ним­ді әрекетін қамтамасыз ету үшін желі ішіндегі транзакция үшін криптовалюта қажет болды. Қазіргі уақытта көлеңкелі же­лі қанатын кеңге жайды. Би­лік­­ке наразы жұрт, жасырын жа­­ңалықты оқығысы келетін оқыр­ман көбейді. Darknet-те бәрі­не қолжетімді болған соң ел ара­сындағы әңгіменің «ауаны» өзгерді.  

Darknet-тің басқадан айырмашылығы қандай?

Жоғарыда интернеттің үш сег­ментке бөлінетінін жаздық. Surface web жат дүние емес. Мұнда сіз бен біз пікір алмасып,  іздеуге болатын нәрсені қараймыз. Ал Deep Web-те жүйе бөлек. Тереңдік желісінде де құпия мәліметке кезігесіз. Мәселен, мемлекеттік деректер қоры, кітапхана желі және тағы басқалары бар. Алайда мұнда пароль мен арнайы тіркеу арқылы өтуге болады.  Көпшілік қызығып отырған Darknet-ке қарапайым іздеу жүйесі арқылы кіре алмайсыз. Өзімізге белгілі Google Ghrome, Safari көлеңкелі желіге есік ашпайды. Онда қайт­пек керек? Tor – бұл көлеңкелі интер­нет­ке қосылудың ең танымал және қарапайым тәсілі. Мұн­да жүйелі маршруттаудың арқа­­сында пайдаланушының жеке басын анықтау өте қиын. Tor бағ­­дарламасын Tor ресми сай­ты­нан жүктеп, компью­те­ріңізге орнатуға болады. Сондай-ақ атал­ған браузердің өзіндік кем­шілігі бар. Tor-дан Netflix не­месе Facebook сияқты желіге кіру қиын. Себебі сіздің IP-мекен­жайы­ңыз анықталмайды. Лондондағы King's College зерттеуі бойынша Tor торабында ша­мамен 300 мың мекенжай бар. Бұл – желіде шамамен 205 мың жекепарақша бар деген сөз. Әр жердің өз заңы бары тә­­різ­ді, көлеңкелі интернеттің әртүр­лі із­деу жүйесі бар. Ішін­­­дегі та­ны­малы – Grams, DuckDuckGo, Fess.  

Жасырын желіде не бар?

Көлеңкелі желі  ресурсында зиян­ды файл, есірткі трафигі не­месе қару-жарақ сататын ар­найы сайт кезігуі мүмкін. Соны­мен бірге Darknet-те ғылыми кітап­хана, Оксфорд сияқты уни­вер­си­теттердің оқу курсы, тек қана сатып алуға болатын медиа файл мен тәуелсіз журналистердің жаңа­лығы жарияланады. Жалпы, Darknet-тің 70 пайызын көлеңкелі биз­нес, есірткі тауары мен тыйым салын­ған видео құрайды. Көлеңкелі веб-транзакциялар екі тарапқа бір-бірінің жеке басын ашпай-ақ тауар сатып алуға және сатуға мүмкіндік береді. Бұл биткоиндер (cryptocurrency) көмегімен жүзеге асырылады. Биткоин Darknet-тің дамуында маңызды фактор болды. Айта кетерлігі, кез келген тран­зак­ция кезінде тауардың сізге жеткізілетініне кепілдік жоқ. Көбінесе тауар шекара арқылы тасымалданады. Ал күмәнді тауар кеденде тексеріледі. Сол себепті Deep.Dot.Web жаңалықтар сай­ты­н­да заңсыз сатып алғаны үшін тұтқындалған немесе түр­­меге түскендер оқиғасы баян­да­ла­ды.  

Қазақстан Darknet-те

Kursiv.kz-тің хабарлауынша, 2019 жылы Kaznet-те Tor браузері аудиториясы қарқынды өскен. Қазақстан әлемде желіні қолдану бойынша ондыққа кірген жоқ.  Дегенмен 2018 жылдың басынан бастап республикада  браузердің аудиториясы үш еседен асқан. Яғни, елімізде 7000 қолданушы Darknet-ке кіреді. Көлеңкелі желіні қолдану жағынан Ресей әлемдегі көш­басшылардың біріне айналды. 2019 жылы браузер қолданушылар саны екі есе өсіп, 300 мыңнан 600 мыңға жеткен. Рейтинг кестесінде Ресей Ираннан кейін 16,3% аудиториямен екінші орында тұр. Айтпақшы, АҚШ рейтинг­те үшінші орында келеді. Ал Darknet-ті қолдану жөнінен Германия мен Франция төртінші және бесінші орынды бөліседі. Қазір әлемде көлеңкелі желі аудиториясы  750 мың қолдану­шы­ға жетті. Darknet-ке жиі кіре­­­тіндер Италия, Франция, Ни­дер­­­­­ланды елі. Аталған елдерде күн­­­де­лікті кіретіндер саны 100-200 мың қолданушыға жет­кен. Кез келген жүйенің күнгейі мен көлеңкесі бары белгілі. Сол сияқты Darknet-те көре білгенге қазына, тереңіне «үңілгенге» жаза бар.   Айбике ЖАНАСЫЛ