Қазақстанда құрылыс саласы қарқын алды дегенмен, ондағы былық та таусылар емес. Онсыз да сапасы мен бағасына елдің көңілі толмайтын саланы жемқорлық жайлаған. Талайының жазаланғанына қарамастан араны кеңінен ашылғандар әлі де бар. Бұл келеңсіз құбылыстың әсері әлеуметтік дүмпулерге ұласуы да ғажап емес. Жемқорлық «жемісін» татқан сала Жақында Атырау облысында құрылысқа бөлінген 467 миллион теңгенің ұрланғаны мәлім болды. Мектеп, 2 отбасылық амбулатория мен спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына бөлінген аса ірі мөлшердегі қаржыны Атырау облысы әкімдігі – Құрылыс басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Техника-Рем строй» ЖШС-ның басшылары жымқырған. Қазір іс сотқа жолданды. Осы ақпарат тарап үлгермей жатып, құрылыстағы тағы бір былықтың беті ашылды. 12 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2010 жылдан бері іздеуде жүрген Болат Алтынбековті Ресейдің Мәскеу қаласында ұстады. Бұрынғы құрылыс саласының алпауыты жасырыну үшін тегін Әлішер деп өзгерткен. Кезінде «Астана трейд интернешнл» компаниясын басқарған Қарағанды облысының тумасы Алтынбеков «Золотой», «Сезам», «Фортуна», «Каминный», «Эдем-Палас», «Олимп-Палас» тұрғын үй кешенін салу кезінде ақша жымқырған. 12 жыл бойы іздеуде болған оның нақты қанша мөлшерде қаржы ұрлағаны әзірге белгісіз. Бірақ шетел асып, бірнеше жыл бойы еркін өмір сүргеніне қарап, аз сома болмағанын болжайсыз. Құрылыстан ақша жымқырып, шетелге қашқан тек Алтынбеков емес. Осыған ұқсас оқиғаларды тізбектеп талай бетті шимайлауға болады. Енді нақты деректерге көшсек. 2015-2020 жылдар аралығында құрылыс саласында ақша жымқырғаны үшін 200-ге жуық адам сотталған. Тек өтелген залалдың сомасы 27 млрд теңгеден асқан. Аталған жылдар арасында құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 800 іске қатысты тергеу өткен. Оның 632 қылмыстық ісі өндірістен аяқталып, оның 500-ден астамы сотқа жолданған. Ақыры бағанағы айтқандай 200-ге жуық адам сотталды (2016 жылы – 29, 2017 жылы – 38, 2018 жылы – 48, 2019 жылы – 37, 2020 жылы – 43). Байқасақ, әр жылдарда болған қылмыс динамикасынан айтарлықтай өзгеріс көрмейміз. 2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының бұрынғы орынбасарларына қатысты ШҚО Риддер қаласындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 300 орындық оқу корпусын салу кезінде бюджет қаражатын ұрлау, аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша тергеу жүріп, бірнеше тұлғаның істі болып, жазаланғанын білеміз. Құрылыстағы қылмыс оның барлық саласында, түрлі кезеңінде кездеседі. Халықты ауызсумен қамту, маңызы бар инфрақұрылымдық нысандарды салу кезінде, әрісі аурухана мен мектеп құрылыстарын да жалмайды. Жол салу ісінде де шикілік көп. 2015-2020 жылдары республикалық бюджеттен автомобиль жолдарын салуға және жөндеудің өзіне 1,5 трлн теңге бөлінді. Бірақ халықаралық рейтингте Қазақстан жол сапасының көрсеткіштері бойынша 140 елдің ішінен 93-орынға әрең ілікті. [caption id="attachment_205504" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Пандемия басталған 2020 жылдан кейін жағдай одан әрі күрделенді. Антикор дерегінше, 2020 жылдан 2022 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі аралықта 418 қылмыстық іс қозғалып, 162 адам сотталды. Аталған қылмыстардың 80 пайызы бюджет қаражатын ұрлау, жалған орындалған жұмыс актілеріне қол қою және сатып алу, жеңімпазды анықтау кезінде пара алу фактілеріне қатысты. Мұнда да құрылыс саласы бірінші орынға шықты. Басқасын айтпағанда, ескерткіш орнату секілді шағын құрылыстардың өзі былыққа батты. Былтыр Абай Құнанбаевтың ескерткішін жасау мен орнатуға келісімшарт жасағаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы әшкереледі. Ескерткіш жалпы құны 145 млн теңге болған. Міне, құрылыстың кейпі осындай. Айналдырған 7 жыл 3 айдың ішінде елімізде құрылыс саласын майшелпек көрген 362 адам сотталған. Соңғы жаңалықтарға қарап отырып, санның өсу қарқыны алдағы уақытта да бәсеңдей қоймайтынын аңғардық. Әлеуметті әлекке салған алпауыттар
Ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі құрылыс компанияларын сынға алды. Коммерциялық нарықты да, мемлекеттік тапсырысты да уысында ұстап отырған, бір сөзбен айтқанда, монополист дәрежесіне жеткен санаулы компания күмән тудырмай қоймады. Көп ұзаған жоқ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «құрылыс нарығында жекелеген компаниялар монополия орнатқан» деп топшылады. Саладағы ықпалдыларды айтқанда, алдыңғы қатарда BI Group пен «Базис-А» тәрізді алпауыттар тұратыны белгілі. Бұл компаниялар тұрғын үй құрылысы, мемлекеттік тапсырыспен салынатын ірі нысандарды, тіпті жол салуда да басымдыққа ие. 2020 жылы пандемия басталған тұста емханаларда орын тапшы болды. Сол жылдың сәуір айында Алматыда 18 күнде 280 орындық емхана салынды. Жалпы ауданы 5 850 шаршы метрлік аты дүркіреген құрылысты жүргізген BI Group болатын. Құрылыс үшін Алматы бюджетінен бақандай 5 млрд теңге жұмсалды. Алайда 2020 жылы күздің қара суығы келмей тұрып-ақ аурухана қабырғасы сыр берді. Қала басшылығы қараша айындағы алғашқы аязға жарамаған кешендегі барлық науқасты әурелеп, медициналық қызметкерлерді, қымбат жабдықтарды өзге жерге тасып, әлек болғаны есте. Кейін Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы «нысан күрделі жөндеуді қажет етеді» деп ақталды. Ал компания жауапкершілікті Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасына ысыра салды. «Госпиталь құрылысы Қазақстанның құрылыс нормаларына, Денсаулық сақтау министрлігінің, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес келеді. Оның ішінде өңірдің климаттық жағдайын толықтай ескердік. Медициналық мекемедегі температура барлық нормативтік көрсеткіштерге сай. Емдеу мекемесі 2020 жылдың көктемінде Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының балансына берілді. Сондықтан жауапкершілік те басқарма еншісінде», – деген еді компания өкілдері.Көп өтпей белсенді экономистер мен заңгерлер бірігіп, құрылысқа бөлінген 5 миллиард теңгенің 3,9 миллиарды ұрланғанын анықтады. Мемлекеттік аудит те шикілік барын растады. Бірақ құрылысқа қатысты осы шу кейін су сепкендей басылды. Алматы әкімдігі де, BI Group та бұл мәселені қозғамады. Ал BI Group-қа қатысты анықталған шикілік мұнымен бітпейді. Былтыр Түркістанда 39 миллион АҚШ долларына салынған футбол стадионы төңірегінде дау шықты. Бұл жолы да құрылысты BI Group жүргізген. Алаңның сапасы мен арена құрылысы сын көтермегені елге мәлім. Компания бұл жолы да ақша бөлген «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын кінәлап, сытылды. Мәжіліс депутаттары құрылыста қаржы ұрланған болуы мүмкін екенін айтса да, мәселе жылы жабылды. Осыдан кейін компанияға қатысты қалай күмән келтірмеуге болады? Салада бәсекелес қалдырмай, бәрін ысырған осындай компаниялар кейін баспана бағасын да өз қалағанындай белгіледі. Мәселен, таяуда ғана Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 15 құрылыс компаниясының іс-әрекетінде заңбұзушылық барын анықтады. Құрылыс салушылар баспана бағасын 20 пайызға дейін қолдан өсірген. Олардың тізімінде тағы сол BI Group бастап, «Базис-А», RAMS Qazaqstan, «Орда Строй Групп» ЖШС, «Отау Строй» ЖШС, «Достық Инвест Групп» ЖШС, «Евразиян Билдинг» ЖШС, «Проф Инвест» ЖШС, «Халық билдинг» ЖШС және тағы басқалары бар. Бұлардың кемшілікті жойғаны айтылып жатыр, бірақ бағаны көтеріп қойған кезеңде қаншама адам баспана сатып алды, олардың жайы елеусіз қалғандай. Экономист Бауыржан Ысқақов алпауыт құрылыс компаниялары баспана бағасының құбылуына әлі күнге жанама жолмен ықпал етіп жүргенін айтады.
– Бәсекелестік нарықта өнім шығарып, қызмет көрсететін олигополиялық 2-3 кәсіпорын ғана болатын болса, ол бағаның ретсіз өсуіне алып келетін фактор саналады. Қазақстанның тұрғын үй құрылысы нарығында қаражаттың басым бөлігі ірі компаниялар арқылы өткендіктен, монополияның орнауы үйдің бағасына әсер етпей қоймайды. Дегенмен жалпы баспана бағасының өсуіне монополистерге ғана байланысты емес, тағы бір басты фактор – құрылыс материалдарының елде өндірілмеуі. 80 пайыз қажеттілік сырттан келеді. Ал шетелден келген құрылыс материалдары валюта бағамына байланысты арзанға түспей тұрғанын онсыз да білеміз. Бұл тұста ең әуелі мемлекет назар аудару қажет бір нәрсе бар. Бірінші орынға құрылыс материалдарының отандық өндірісін жолға қоюы тиіс. Екіншіден, ықпалдың бәрін қазіргідей 2-3 компанияның қолына беріп қоймай, бәсекеге қабілетті компаниялардың көбеюіне жағдай жасау керек. Сонда олар сапалы құрылыс пен тиімді баға ұсынуға тырысар еді, – дейді сарапшы.Қорытындылар болсақ, құрылыстағы жемқорлық түптеп келгенде әлеуметтік дүмпулердің де себепкері болып тұрғанын жасырмаған жөн. Сапасыз нысандар көбейіп, баға тиімсіз бола берген сайын қоғамның наразылығы арта береді. Сондықтан миллиардтарды майшелпек еткендерді жазасыз қалдырмаған абзал.