Мұндай пікірді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Юрий Ильин айтты. Оның айтуына қарағанда, қаланың бірқатар аудандары көктемде су астында қалуы мүмкін екен. Бірінші вице-министр осыдан бірнеше күн бұрын жауған жаңбыр кезінде Нұр-Сұлтан қаласының бірқатар аудандарында көшенің суға толып кеткенін айтты. Мұндай қиындықтан тек аяз құтқарыпты. Сондықтан қала аумағын қардан тазалау өзекті болып қала бермек. Вице-министр де бұл мәселенің маңызды екенін айта келе, әлі де қар жауатынын тілге тиек етті. «Жеке сектордың тұрғындары алдымен аулаларындағы қарды өз күштерімен шығарғаны жөн. Ал төңірекке жиналған қарды коммуналдық саланың қызметкерлері өздері тасып әкетуі тиіс», – деді Ю.Ильин. Сонымен қатар ол елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алу және оларды жою бойынша шаралар кешені» жол картасы жасалғанын да атап өтті. Аталған жол картасында 521 іс-шараны орындау көзделген. Бұл бағдарламаны қаржыландыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 70 млрд теңге қарастырылған. Бұл сома республикадағы барлық облыстардағы су басу қаупі бар аймақтар үшін бөлініп отыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіне қайта оралар болсақ, бірінші вице-министрдің сөзіне қарағанда шаһар іргесіндегі Вячеслав су қоймасы тез толатынға ұқсайды. Мұндай жағдайда қоймадағы суды ертерек ағызып жіберу де ескеріліпті. Естеріңізге салар болсақ, биыл Арқада қар мол жауды. Тек ақпанның 10-нан 11-не қараған түні елорда көшелерінен 30 941 текше метр қар шығарылды. Қарды 1 696 жұмысшы күреген. Ал биылғы қыста шаһардан 280 мыңға жуық рейспен 3 408 260 текше метр қар шығарылды.