Апта басында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараз минералды тыңайтқыштар зауытынан шыққан түтін қала тұрғындарының үрейін алды. Әсіресе шаһар маңындағы Шайқорық елді мекені мен №15 ықшамауданның тұрғындары тұманды түтіннің құшағында қалды. Алайда жауаптылар бұқараға үндеу жасап, алаңдауға еш негіз жоқ екеніне сендірді. Ең әуелі Жамбыл облысы әкімдігі «Қазфосфат» Тараз минералды тыңайтқыштар зауытынан бірреттік түтін шығарылғанын растап, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы жұмысшы тобы құрылғанын хабардар етті. Кеше жұмыс тобының мүшелері тексерістен кейін ауаға зиянды заттардың артық мөлшері тарамағанын мәлімдеді. Облыстық Экология департаменті Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінде шекті рұқсат етілген концентрация бойынша өлшеу жүргізген. Нәтижесінде, ауадағы аммиак пен күкіртті сутегі бойынша концентрация мөлшерінің аспағандығы анықталды. Тек фтор қосылыстарының аздап жоғарылауы байқалған. Сондай-ақ Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында да зерделеу жүргізілген. «Қазгидромет» кәсіпорнының автоматтандырылған стансасының мәліметінше, ауадан зияндылығы жоғары заттар табылмаған. Ресми органдар қаланы тұмшалаған түтіннің қала тұрғындарының денсаулығына зияны жоқтығын мәлімдеді. Әрине, әулиеаталықтардың зәресін алған зауыт түтінінің тұрғындарға қауіп төндірмегені қуантады. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас экологы Арман Қарғалиев соңғы 10 жылда мұндай оқиға бірінші рет болғанын айтады.
– Негізі түтін сорғылардың бірі істен шыққаннан кейін тарай бастады. Ақауды реттеу үшін цех жұмысын 15 минутқа тоқтаттық. Осы 15 минуттың ішінде түтін ауаға тарап кетті. Мұндай жағдай негізі зауытта бірінші рет болды. Өзім кәсіпорында жұмыс жасаған 16 жылда мұндай жағдай тіркелмеген. Сол күні цехта 10-ға жуық адам жұмыс істеп жатқан болатын. Олардың да денсаулығы толықтай тексеріліп, қазір жұмыстарына кірісіп те кетті, – деді А. Қарғалиев.Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де ауа құрамындағы аммиак, күкіртсутек және көміртегі оксидінің мөлшері артпағанын атап өтті. – Тараз минералды тыңайтқыштар зауытының күкірт қышқылы цехындағы абсорбердің моногидратты сорғысы істен шыққан. Нәтижесінде, ауаға күкірт триоксиді тараған. Оқиға орнына Жамбыл облысы бойынша Экология департаментінің басшылығы, мамандары жетіп, зауыттың санитарлық қорғау аймағында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, фторлы сутегінің едәуір артқанын анықтады. Алайда аммиак, күкіртсутек және көміртегі оксиді бойынша асып кету анықталған жоқ. Шайқорық кентінің маңындағы зауытта да ластаушы заттардың мөлшері тексеріліп, олардың тиісті мөлшерден артпағаны анықталды. «Қазгидромет» кәсіпорнының Жамбыл филиалының ақпараты бойынша, қалада ауаның ластануы қалқыма бөлшектер бойынша 1 ШЖК аспайтын деңгейде байқалады. Облыстық Экология департаментінің қызметкерлері Polar газ анализаторымен зауытта жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Мұнда да ауаны мөлшерден тыс ластаушы заттардың асып кету фактісі тіркелген жоқ.
Оқыс оқиғаның мән-жайын және себептерін анықтау үшін камералдық бақылау жүргізілетін болады, – дейді министрліктің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев.Сала мамандары жағдайдың толықтай бақылауда болатынын айтып отыр. Олар толық тексерістен кейін «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты шешім шығармақ. Кәсіпорынға қомақты айыппұл да салынбақ.
Жамбыл облысы