«Қаршыға» қапияда қаза тапты
«Қаршыға» қапияда қаза тапты
717
оқылды
Өткен аптада кісі қолынан қаза тапқан Синдзо Абэ – Жапонияның екі рет премьер-министрі болып, ел үкіметін өзгелерден ең ұзағырақ басқарған тұлға. Осы орынтақта отырғанда ол АҚШ президенті Дональд Трамппен достық қарым-қатынас орнатып, Куриль мәселесі бойынша РФ президенті Владимир Путинмен 27 рет кездескен. Халықаралық саясатта өзінің батыл шешімдерімен ерекшеленген 67 жастағы Абэ «қаршыға» ретінде танылған. Тіпті, премьерліктен кеткеннен кейін де оның саясаттағы ықпалы кеміген жоқ. Ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады Синдзо Абэнің шыққан тегі де осал емес-ті: әкесі сыртқы істер министрі, не­мере атасы премьер-министр болған. Яғни, бұл әулет Жапонияның саяси элитасы санатына жатады. Ол 1993 жылы алғаш рет Парламент депутаты болып сайланды, 2005 жылы ми­нистрлер кабинетінің бас хатшысы болып тағайындалды. 2006 жылы 52 жасында Абэ жапон тарихында ең жас премьер-министр атанды. Алайда оның әкімшілігін қым-қуыт оқиғалар мен көлденең кесапаттар күтіп тұрған еді. Әсіресе, қаржылық алаяқ­тық жасады деген күдікке іліккен ауыл ша­руа­шылығы министрінің өз-өзіне қол салуы, зейнетақы жүйесін компьютер­лен­діру ке­зінде миллиондаған жапондықтың дерек­терінің жоғалуы жаңа үкіметбасына оңай тимеді. Осы келеңсіздіктердің салда­рынан консервативтік ұлтшыл көзқа­рас­тағы Абэ басқарған Жапонияның Ли­бе­ральды-демо­кратиялық партиясы (ЛДП) 2007 жы­лы шіл­деде парламенттің жоғарғы палатасы сай­лауында оңбай жеңілді. Ал қыркүйекте Абэ денсаулығының сыр бергенін алға тар­тып, орынтағын өз ырқы­мен босатып берді. Әйтсе де, 2012 жылы күтпеген жерден премьерлікке қайтып келді. Содан осы қызметіне 2014 және 2017 жылдары екі рет қатарынан сайланып, табандатқан сегіз жыл бойы үкіметтің екі тізгін, бір шыл­бырын қолында ұстады. Абэнің үшінші мерзімге сайлануына мүмкіндік беру және партия ішіндегі ықпалына селкеу түсірмеу үшін ЛДП саясатына өзгерістер енгізді. Абэ екінші рет премьер-министр қыз­метіне кіріскенде Жапония экономикасы тоқырауға ұшырап, тұралап жатқан-ды. Кәнігі саясаткер өндіріске жан бітіріп, қарқынды дамуға қол жеткізу үшін батыл шараларды қолға алды. Оның өте үлкен көлемде ақшалай ынталандыру саясаты айтарлықтай нәтижеге жетеледі. 2011 жылы Жапонияның шығыс бө­лігін ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жойқын зілзала дүр сілкіндірді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, нәубеттің соңын ала келген цунами «Фукусима-1» атом электр стансасындағы ядролық апатқа ұласты. Соның салдарынан 20 мың адам қаза тапты. 2020 жылы денсаулығына байланысты ол өз еркімен өкілеттігін тоқтатты. Абэні көп жылдан бері созылмалы ойық жаралы колит мазалап жүрген болатын. «Қаршыға» тектес алғыр еді! Халықаралық саясатқа және елдің қор­ғанысына қатысты мәселелерге келгенде Абэ қайтпас қайсар мінезімен ерекшеленді. Ол әлемдік сахнада «қаршыға» көзқара­сы­мен танылды. Көп жыл бойы Жапонияның пацифизм принциптеріне негізделген конс­титуциясын өзгертуге күш салды. Соғыстан кейін 1947 жылы америкалықтар жазып берген бұл конституцияда Жапония­ның толыққанды әскер ұстауына тыйым салынған, елде тек өзін-өзі қорғау күші ғана болатын. Консерваторлар мұны жапон­дықтардың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қорлық жағдайда тізе бүгуін еске түсіру деп санайды. Абэнің ұлтшыл көзқарасы Қытаймен және Оңтүстік Кореямен арадағы дипло­матиялық қатынастарда талай рет ілік тудыруға себеп болған. Атап айтқанда, ол көрші мемлекеттер жапон милитаризмінің символы санайтын Ясукуни шіркеуіне 2013 жылдан бастап жиі барды. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан, сондай-ақ әскери қылмыскер ретінде өлім жазасына кесілген жапон сарбаздарын еске алу шаралары өткізіліп тұрған. Жапонияның өзінде де солшыл демо­кратиялық фракция өкілдері Абэнің бұл қылығын жапон әскерлерінің көрші ел­дерге жасаған қылмыстарын ақтау деп ба­ғалап, наразылық білдірген. Осыған бай­ланысты тіпті қоғам белсенділерінің Абэге қарсы шыққан кездері болған. Ол 2015 жылы ұжымдық өзін-өзі қорғау туралы заңның қабылдауына қол жеткізді. Көрші мемлекеттердің және елдің өзінің ішінде қарсылық көп болғанына қара­мастан, ел парламенті заңның осы түзетуін қабылдады. Қабылданған заң негізінде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жа­понияның өзін-өзі қорғау күші бірінші рет ел мүддесі үшін немесе серіктес мемле­кет­терге көмек ретінде басқа мемлекеттер аума­ғында соғыс қимылдарына қатыса ала­тын болды. Бірақ саясаткер конститу­ция­ны өзгертудегі өзінің түпкілікті мақ­сатына жете алған жоқ. Онда халықаралық жанжалдарды шешудің бір тәсілі ретінде Жапонияның соғыс жүргізу құқын да қолдану мүмкіндігі қарастырылған еді. Сондай-ақ Ресей өзінің Куриль архипела­гы­ның ажырамас бөлшегі санаған Хоккай­до префектурасының солтүстігіндегі төрт арал – «Солтүстік аумақтарды» Жапонияға қайтара алмады. Ресеймен тіресіп, АҚШ-пен емен-жарқын араласты Курильдің аталған төрт аралының тә­уелділігі – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқ­талғаннан бері дау-дамайға себепші болып келе жатқан күрделі мәселе. Абэ үкімет басшысы болған кездері осы кикілжіңді шешу үшін Путинмен 27 рет кездескен. Тіпті, 2019 жылғы Кремльдегі бас қосудан кейін Абэ мен Путин 1956 жылғы декла­ра­ция не­гізінде екі ел арасында бейбіт келі­сімді та­л­қылауға әзір екенін мәлімдеген. Декларацияда Ресейдің даулы төрт аралдың екеуін Жа­понияға беру мүмкіндігі қарас­тырылған. Бұл кездесуден кейін де бірнеше рет екі­жақты келіссөздер жүргізілді, бірақ, қалай болғанда да мәселе сөзден іске көшпей қалды. Абэ тіпті істің оң шешілуі үшін 2020 жылы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне де бар­мақшы болып оқталды. Бірақ ко­ронавирус пандемиясы оның бұл жоспа­рының күл-талқанын шығарды. Сол кез­дері Абэ БАҚ-тың біріне берген сұхбатында Курильдің оңтүстік аралдарын Жапонияға беру жайы оңтайлы шешілуге аз қалғанын айтып, үміт­тендіріп қойған еді. Бірақ Ресейдің өз ішіндегі қоғамдық қарсылықтар Путин­нің қолын байлап отырғанын қынжыла жеткізді. Ал Ресей – Украина соғысына қатысты мәлімдемесінде ол барша әлемді Украинаны қорғауға шақырды. «Бұл – әлемдік тыныш­тықты қорғаудың бірден-бір жолы», – деп түйіндеді Абэ. Сондай-ақ саясаткер Қытайға қарсы по­зиция ұстанған. Ол 1937-1945 жылдар аралығындағы жапон-қытай соғысында қытайларды жаппай қырып-жою оқиғасы болғанын ешқашан мойындамаған. Оның Тайваньға қатысты ұстанымы да нық, ол АҚШ-ты Тайбэйді барынша қорғауға шақырды. 2016 жылы Дональд Трамп АҚШ пре­зиденті болып сайланғанда Синдзо Абэ онымен әлемдік көшбасшылардың ішінде ең бірінші болып кездескен. Екеуара жақсы қарым-қатынас орнауының арқасында Жа­пония сауда тарифтерінің қымбатта­уынан аман қалды, бұл кезде Америка президенті Қытайға сауда соғысын жариялағанын білесіздер. «Алмақтың салмағы бар» демек­ші, алайда Токиоға оның қарымтасы ре­тінде ел ішінде орналасқан АҚШ базаларын қаржыландыруды ұлғайтуға тура келді. Абэномиканың ерекшелігі неде? Оның экономиканы құлдыраудан құт­қарған батыл стратегиясы «Абэномика» деген атауға ие болды. Қысқа мерзімді кезең үшін теріс пайыздық мөлшерлеме белгілеу саясаты тұтынушылар мен компанияларды арзан несие алуға және оны көп көлемде жұмсауға итермеледі. Бұл үкіметке инфра­құрылымға мол қаржы салуға және салық­тық жеңілдіктер жасауға мүмкіндік берді. Абэ экономикасы, сондай-ақ әйелдерді жұмыспен қамтуға, бос орындарға мигрант­тарды шақыруға да елеулі ықпал етті. Алай­да бұл жетістік ұзаққа созылмады, төтеннен келген коронавирус індеті экономикаға ауыр соққы болып тиіп, саясаткердің бе­деліне нұқсан келтірді. Тіпті, кейбір қар­сыластары оның ішкі туризмді дамытамын деген бастамасы ел арасында инфекцияның жедел таралуына әсер етті деп те айыптады. Саясаткер халықаралық деңгейде Транс­тынықмұхит әріптестігі идеясы – 11 ел арасындағы аса ауқымды сауда келі­сі­мінің белсенді жақтаушысы болды. Са­рапшылар 2017 жылы келісімнен АҚШ шығып кеткенде де оның сақталып қалуы нақ Абэнің қолдауының арқасы деген пікір айтады. 2020 жылы Абэ өз еркімен премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін оның партиясының фракциялары арасында те­кетірес басталды. О баста үкіметті аздаған уақыт Ёсихидэ Суга басқарды, оны қазіргі премьер Фумио Кисида алмастырды. Қалай болғанда да, Абэнің екеуімен де қатынасы жақсы еді әрі оларға ықпалы үлкен болды.
ТҮЙІН: Синдзо Абэ 8 шілде күні Нара қаласында Жапонияның жоғарғы палата­сына үміткер ретінде сайлауға түскен пар­тия­ласын қолдау митингісіне қатысты. Мін­берде сөз сөйлеп тұр­ғанда қылмыскер оның ту сыртынан екі рет оқ атып, жаралады. Дәрігерлер саясат­кер­­дің өмірі үшін 4 сағат бойы арпалыс­қа­нымен, сол күні жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 17.30-да Синдзо Абэнің жүрегі со­ғуын тоқ­татты. Күдікті ретінде Жапония­ның өзін-өзі қорғау теңіз күштерінің бұрынғы сарбазы, 41 жастағы Тэцуя Ямагами қамауға алынды. Қайғылы қазадан кейін Жапония ми­нистр­лер кабинетінің шешімімен Синдзо Абэ мемлекеттік ең жоғары атақ – «шынжырлы Хризантема» орденімен марапатталатын ­бол­ды. Айта кетейік, Жапонияда «шын­жырлы Хризантема» ордені өте сирек беріле­ді. Ел тарихында оған осы күнге дейін тек 14 тұлға ғана ие болған. Кеше Токио орталығындағы Дзодзёдзи будда шіркеуінде саясаткермен қоштасу рә­сімі өтті. Қаралы шараға жиналған халықта есеп жоқ, осыдан-ақ оның көптің көзайымына айналған ерен тұлға екенін біле беріңіз. Марқұмның денесі бүгін өзінің туған қаласы Симоносекиде жер қойнына беріледі.