Атыраулық балықшы Жайық өзенінен салмағы 30 келі болатын алып жайын ұстады
Атыраулық балықшы Жайық өзенінен салмағы 30 келі болатын алып жайын ұстады
1,488
оқылды
Атырау тұрғынының Жайық өзенінен аулаған жайын балығының салмағы – 30 келі, ал ұзындығы – 1,5 метрден асады. Ленар Муборакшаев бірнеше жылдан бері мұнайлы шаһардағы Жайық өзенінен балық аулайды. Жақында оның қармағына алып жайын түсті.
«Балық аулаудың қызығы мол. Біріншіден, таза ауада демаласың. Екіншіден, уақытыңды тиімді өткізесің. Балықшылардың көпшілігі алып балық ұстағасы келеді. Алайда бұл – сирек кездесетін жағдай», – дейді Ленар Муборакшаев.
Жайынды Жайықтан тартып шығару оңай болмаған. Десе де, балық аулаудың қыр-сырын жетік меңгерген Ленар Муборакшаев қармағына түскен олжасынан айырылған жоқ.
«Қазір Жайық өзенінде сазан, жайын, өзге де қара балықтар бар. Бірақ бұрынғыдай емес, балық азайғаны байқалады. Кейде қармаққа ештеңе түспеуі мүмкін. Балық та әркімнің несібесіне қарай қармаққа түседі. Қармағымның осындай алып балықты қабуы ғажап емес. Балықты Жайық өзенінің қаланың орталығындағы бөлігінен ауладым», – деді Ленар Муборакшаев.