Инфляция қазақстандықтардың табысын «жайпамауы» үшін батыл шаралар қажет – Аманжан Жамалов
Инфляция қазақстандықтардың табысын «жайпамауы» үшін батыл шаралар қажет – Аманжан Жамалов
Бүгінде инфляция мен азық-түлік бағасының өсуі маңызды мәселеге айналды. Осы ретте Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов азық-түлік бағасының қымбаттауына әсер еткен факторларға тоқталып, мәселені шешудің жолдарын ұсынды. Бұл туралы депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Өздеріңіз білетіндей, «AMANAT» партиясының жанындағы Экономиканы, кәсіпкерлікті және аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес өз отырыстарында инфляция мен азық-түлік бағасының өсуі мәселесін үнемі көтеріп келеді. Бүгінде бағаның өсуі экономиканың басты проблемасы  және инфляция қазақстандықтардың табысын «жайпамауы» үшін батыл шаралар қажет. Мен, депутат ретінде бағаны ұстап тұру мәселесіндегі батылсыздығы мен тоңмойындығы үшін Ұлттық банк пен Үкіметті жиі сынға аламын. Әрі осыған бірнеше депутаттық сауал арнадым. Бірақ бұл проблеманың үшінші тарапы да бар,   бұл  –  сауда желілері. Қазір сөрелердегі тауарлардың бағасы «құтырып» кетті. Әрі Үкімет бұл жағдай үшін шұғыл түрде «құтыруға қарсы вакцинаны» әзірлеуі қажет», – деп жазды Аманжан Жамалов.
Депутаттың сөзінше, қазір бағаның өсуін тежеудің негізгі шараларын сауда желілері өздері жүзеге асырып отыр. Оның негізгі құралы – «айналым схемасы». Бағаны ұстап тұру жөніндегі міндеттеме алатын сауда желілеріне жеңілдікпен кредит беру қарастырылған. Осы шараға 81 млрд теңге жұмсалғанымен, нақты бір нәтиже байқалмайды. Керісінше, бағалар одан сайын өсіп жатыр. Осы ретте Мәжіліс депутаты «айналым схемаларының» жұмысы мен оның негізгі проблемалары жайлы нақты түсіндіріп өтті.
«Алматыда өткен көшпелі отырыс шеңберінде Кеңес мүшелері Magnum Cash&Carry супермаркетіне барып, «айналым схемасының» қалай жұмыс істейтінін көрді және тетіктің елеулі пысықтауды талап ететініне көз жеткізді. Біріншіден, «айналым схемасына» алдын ала келісілетін тауарлардың шектеулі тізімі қатысады. Мәселен, Магнумда 19 әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша ғана бағаға тежеу жасалады. Екіншіден, «айналым схемасының» нақты әсерін есептеу мүмкін емес, өйткені жалпы көлемдегі тауарлардың қандай үлесінің жеңілдікті бағамен сатылғаны туралы деректер жоқ. Магнум тауарларды бөлінген қарыз сомасына ғана сатып алып, содан кейін оларды өз дүкендерінде сатады деп есептеледі. Яғни, дүкенде жеңілдікті бағамен тауарлар сатылуы мүмкін. Сонымен бірге дәл осы тауарлар бір мезгілде әдеттегі нарықтық бағамен де сатылады. Әрине, жеңілдікті тауарлар бұл ретте тез сатылып кетеді де,  олар қысқа сауда уақытына ғана жетеді әрі жоғары бағамен нақ сол тауарлар қалады. Әрине, бүкіл ел бойынша осы 81 млрд теңге ,  бұл – «теңіздегі тамшы» тәрізді. Үшіншіден, «айналым схемасы» барлық халық топтарының пайдасына жұмыс істейді. Дүкенге кірген кез келген адам, кірісіне қарамастан, тауарды жеңілдікті бағамен сатып ала алады. Жеңілдікті тауарлар сөрелерге қойылып, оларды бір көтерме сауда жасаушы немесе жай ғана ауқатты адамдар сатып алуы мүмкін әрі табысы төмен отбасы дүкенге оларды аламын деп келсе, онда олар үшін жеңілдікті тауарлар жетпей қалады. Төртіншіден, заңда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге 15%-дан аспайтын шекті үстеме баға белгіленген. Бірақ сауда желілерінде «ретробонустар» деп аталатын нәрсе бар. Бұл – саудагерлер ойлап тапқан, өндірушілерді өз еңбегінің жемісін болмашы ақыға беруге мәжбүр ететін және оларға «ретробонустар» деп аталатын ақыны есепке жазу арқылы сатып алушыларды осы тауарларды өздерінен анағұрлым жоғары бағамен сатып алуға мәжбүрлейтін «тонаушы» құрал. Іс жүзінде бұл тауар  –  жалпы сөреге жете алатындай, өндірушілер дүкенге тауарды сатқаны үшін төлейтін ақы. Егер осы бонустарды ескеретін болсақ, онда сауда желілеріндегі үстеме баға заңда белгіленген 15%-дың орнына 40%-ға жуықты құрайды. Мысалы, бір бөтелке минералды суды алып қарайық. Шартты түрде алғанда, оның өзіндік құны 100 теңге. Бұл сомаға 20 теңге «ретробонус» есепке жазылады. Оған қоса 15% үстеме баға немесе 18 теңге. Түпкілікті бағасы – 138 теңге. Тауар сатылғаннан кейін 120 теңге өндірушіге кетеді, одан ол сауда желісіне 20 теңге «ретробонусты» қайтарады. Сауда желісінің қорытынды үстеме бағасы – 38 теңге немесе 38%. Бірақ мүлде 15% емес. Бесіншіден, азаматтар қандай тауарлардың жеңілдікті бағамен сатылатынын білмейді. Тізімдегі әрбір өнімде осы тауардың әлеуметтік маңызы бар тауар болатынын және арнайы бағасының бар екенін көрсететін арнайы таңбалау бар. Бірақ бұл таңбалау әрең байқалатындай, соншалықты ұсақ әрі солғын», –  деп түсіндірді депутат.
Аманжан Жамалов «айналым схемасының» басты кемшіліктеріне тоқтала отырып, оның жұмысын жақсарту үшін қандай шаралар қолдану керектігін де айтты.
«Айналым схемасын» қалай жақсартуға болады? 1) «Айналым схемасын» қолданудың әсерін – жалпы тұтынудағы тауарлардың қандай көлемі жеңілдікті бағамен сатылатынын талдау қажет. 2) Егер «айналым схемасының» әсері төмен болса және тауарлар жетпесе, қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет. Әрине, барлық сатып алушыларды төмен бағамен тауарлармен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ «айналым схемасы» бойынша сатылатын тауарлардың бағасы басқа сауда желілері мен дүкендер үшін «шамшырақ» болуға тиіс. Олар өздерін осы бағаларға қарап, бой түзеуге және бәсекелестікті ескере отырып, өздерінде сатылатын тауарлардың бағасын тым көтермеуге мәжбүр етуге тиіс. Ол үшін басқа ритейлерлердің бағалары мен көлемдерін де талдау қажет. 3) Тауарлардың тізбесін кеңейтуді ойластырған жөн. Қазақстандықтардың тұтыну себеті 19 тауардан тұрмайды. 4) Сауда желілері қолданатын «ретробонустар» деп аталатын жүйені зерделеу және «ретробонустарды» ескере отырып, тауардың үстеме бағасын бақылауға қатысты әдіснамалық шешім қабылдау қажет. 5) Мемлекет субсидиялайтын жеңілдікті тауарлардың стандартты таңбалануын әзірлеу керек. Бірақ қорытындылай келе, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдаудың ең тиімді құралы атаулы шаралар  деп айтқым келеді. Сондықтан ең дұрысы – жеңілдікті тауарларды дәл осы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына сату. Ол үшін әртүрлі экономикалық құралдар бар. Мысалы, азық-түлік карточкалары. Адам карточкасын ұсынып, тауарды төмендетілген бағамен сатып ала алады. Сол кезде қолдауды шын мәнінде оған мұқтаж адамдар алатын болады», –  деп жазды Аманжан Жамалов.