Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жанжал кезінде шекара асып кеткен азаматтар орала бастады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Қырғыз еліне өтіп кеткен тұрғындар елге қайта бастаған. Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, соңғы екі күнде елімізге 8 мыңнан астам азамат қайта келіпті. «Үш күн ішінде біздің көптеген азаматымыз Қырғызстанға қашқан болатын. Ал соңғы екі күнде елге 8 мың азамат оралды. Кешеден бері барлық мектептер мен балабақшалар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Барлық сауда орындары да ашылды», – деді Б.Сапарбаев. Қазақстандықтардың Қордайдағы жанжал кезінде Қырғыз еліне қашқаны жайлы ақпарат 9 ақпанда масс-медиада жарияланған еді. Қырғызстанның 24.kg агенттігі 8 ақпанда екі елдің шекарасындағы «Кен-Булун-Автодорожный» өткізу пунктінен шамамен 4 мың азамат көрші елге өткенін жазған болатын. Өзге бекеттер жайлы ақпарат жоқ. Ал дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы Қордайдағы оқиғаларды талқылаған еді.