Ақтөбелік алаяқ зейнеткердің 24 миллион теңгесін қолды қылды
Ақтөбелік алаяқ зейнеткердің 24 миллион теңгесін қолды қылды
Ақтөбелік зейнеткер өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяққа алданып, 24 миллион теңгесінен айырылып қалды.
«Ақтөбеде 66 жастағы зейнеткер өзінің жылжымайтын мүлкі мен барлық қаражатынан айырылды. Нақтыласақ, шілде айында өзін банк қызметкері деп таныстырған белгісіз ер адам зейнеткерге қоңырау шалған. Қылмыскер бұл операцияны әдеттегі жұмыс деп түсіндіреді. Тіпті, жәбірленушіге банк шотын қорғау туралы ұсыныс айтқан. Сөйтіп, күдікті зейнеткерден барлық жинағын депозиттен «қауіпсіз» шотқа аударуға кеңес береді. Мүлкін сатуды да ұсынған. Жәбірленуші оған сеніп, жалпы көлемі 24 миллион теңге ақшасынан айырылды», – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Қазір Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктілерді анықтау мен ұстауға бағытталған жедел іс-шара жүріп жатыр. Осы ретте тәртіп сақшылары азаматтарға банк қызметкеріне де жеке шоттары мен картасына қатысты SMS код және басқа да дербес ақпаратты айтуға болмайтынын ескертті.
«Банктер мен төлем жүйелері ешқашан хат жібермейді немесе клиенттердің телефондарына қоңырау шалып, шот деректерін беруді сұрамайды. Банк қызметкерлерінде барлық қажетті мәлімет өздерінде бар», – деді Ерболат Сарқұлов.