Масанчи елді мекеніндегі мектептер бір ауысымға көшкен, – деп хабарлайды АstanaTV. Телеарнаның хабарлауынша, Қордайдағы қақтығыстан кейін Масанчи елді мекеніндегі мектептер қаңырап бос тұр. Себебі, ауыл тұрғындары балаларын жіберуге қорқады. Телеарна тілшісі Берік Жұманбайұлының айтуынша, аймақ басшылары «қазір жағдай тұрақтанды, жұмыстар жүйелі жүріп жатыр» дегенге сендіріп отыр. Масаншы елді мекенінде 19 мыңға жуық тұрғын тұрады. Бірақ, бар жоғы 3 мектеп, 2 балабақша бар. Қайғылы жағдайдан соң қара халық қатты қорқып қалған. Оның үстіне киетін киім жоқ дейді.
Ауыл тұрғындарының бірі: «4 балам №50 мектепте оқиды. 2 балам жоғарыдағы қазақ мектебінде оқиды. Бірақ ешқайсысын сабаққа жіберген жоқпын. Себебі, балалардың үстіне киетін ештеңесі жоқ. Үймен кетті бәрі. Енді жағдайдың қалыпқа түсуін күтіп отырмыз», десе, екіншісі: «Қазіргі кезде балаларым сабаққа барып жатқан жоқ. Себебі, Қырғыз Республикасына апарып тастағанмын, әлі үйге әкелмедім. Әрі бұл жердегі жағдай бір қалыпқа түскен жоқ», – дейді.Мектепке барған тілші мектеп іші қаңырап бос тұрғанын айтады. Ал №12 орта мектепке бірен-сара ғана оқушы жүр. Барлық мектептер бір ауысымға көшкен. Мектеп директоры Төлеген Ембердиев: «Себебі, кешегі күннен кейін балалардың көбісі Қырғызстанға өтіп кеткен. Солардың кішкене санының өзгеруіне байланысты бүгін бір ауысымда оқыдық. Ертең де 1 ауысымда оқимыз. Өткендегіден кейін бәрі қорқып қалған үрейленіп қалған. Ата-ана баласын өздері әкеліп, мектепке өткізіп беріп, қайтадан өздері оқушыларды мектептен алып кетіп жатыр», – дейді. Айта кетейік, Масанчиде әлі төтенше жағдай күшінде екенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.