Атқа мінгізетін жазғы лагерьлер қолға алынсын – Асыл Ахметова
Атқа мінгізетін жазғы лагерьлер қолға алынсын – Асыл Ахметова
741
оқылды
"AMANAT" партиясының кезектен тыс VI cъезі кезінде ел арасында танымал болған жас тұлғалар да бой көрсетті. Өз кәсібімен танылып, жас та болса үлгі-өнеге боларлық ісімен көпшілікке мәлім болған бұл азаматтар алдағы болашақта жастар жайлы толғамды ойларымен бөлісті. Біз жастайынан аттың құлағында ойнап, бүгінде кәсіби жылқышы атанған  Асыл Ахметованы әңгімеге тарттық. Асыл Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Озерный орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі. Дегенмен әлеуметтік желілерде «жылқышы қыз» есімімен кеңінен танылған.
«Атқа қызығушылығым бала кезден басталды. Бүгінде атқа міну дәстүрін әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттап жүрмін. Мен елімізде ұлттық құндылықтарымыз бен ауыл жастарының әлеуетін көтеру мәселесін көтергім келеді. Қазір ауданда этноауыл сипатында лагерь ашылды. Әр мектептен 40-45 оқушы келеді. Мұнда балаларға самауыр қайнату, бауырсақ пісіру сияқты ауыл өміріне тән жұмыстардың бәрі үйретіледі. Мен өзім балаларды атқа мінгізіп үйретіп, ат әбзелдерімен таныстырамын. Бүгінге дейін 1 мыңға жуық оқушыға атты еркін тізгіндеп жүруді үйреттім. Енді осыны республика көлемінде жүзеге асырса деген ұсынысым бар. Жай ғана балалар лагерін жасамай, ұлттық құндылықтарды, атқа мінгізу дәстүрін жалғастыратын жазғы лагерьлер қолға алынса деген ұсынысымды айттым. Бұл ата-баба дәстүрін жетілдірудің жүйелі жалғасы боларына сенімдімін», – дейді Асыл Ахметова.
 width= Ауыл жастарын дамыту үшін Асыл ең біріншіден ауылды дамытуды қолға алу керек деп есептейді. Тек сонда ғана ауылға жастар тұрақтамақ.
«Ең бірінші ауылды жерлерді дамыту керек. Ең бірінші ол – жол. Ауыл жолдарын дұрыстаудан бастап,  ауылға назар аударылса жөн болар еді. Ауыл жастарының көпшілігінің қолы бос. Түнде көшеде қаңғырып жүруден басқа бітіретін, айналысатын ісі жоқ. Ондай уақыттары болмау керек. Спорттық секциялар, үйірмелер,  жастар қызығатын орындар болса жастар ауылға да тартылар еді. Жастар өз болашағын мегаполистермен байланыстырады. Қалаға кетіп оқимын, жұмыс істеймін, солай қаламын деп ойлайды. Олай болмау керек. Жастар ауылды көркейту керек. Өзінің туған жеріне патриот болу керек. Міне, осындай проблемаларды шешіп алу керек сияқты», – дейді Асыл Ахметова.
Асыл өзінің алдағы болашағын  тек ауылмен байланыстырады. Жастарды да ауылға келіп, ауылды көркейтуге шақырды.