«AMANAT» партиясы «Жастар рухының» кезектен тыс VI съезі аясында «Jas Talks» ашық диалог алаңының жұмысы жалғасуда. Форумның үшінші күні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов алаң қонағы болды.
Қызу пікірталас барысында вице-премьер қатысушылардың сұрағына жауап беріп, Үкіметтің жас буын арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және басқа да өзекті мәселелерді шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Адам үшін ең бастысы – білім. Себебі білімді азамат өзін еркін сезінеді, болашаққа сеніммен қарайды және қай бағытта қозғалу керегін біледі. Әрбір жас қазақстандық осыған ұмтылуы тиіс. Әрине, мамандық таңдау – күрделі мәселе. Сондықтан биыл мектептерде жетінші сыныптан бастап оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалім жұмыс істейтін болады. Ол оқушыларға дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі», – деді ол.
«Ауылдың мәселесін шешіп алмайынша, қаланың мәселесі шешілмейді. Азық-түлік қауіпсіздігінен өзге, көші-қон мәселесі де бар. Ауыл гүлденсе қалада білім алған жастар туған жеріне оралады. Мемлекет қандай жағдай жасаса да, әр адам түпкі шешімді жұмыс істеуге деген жеке қалауына қарай қабылдайды. Әркім өзіне, жақынына, істеген ісіне жауапкершілікпен қарай бастаған кезде бұдан да гүлденген қоғамда өмір сүретін боламыз», – деді Ералы Тоғжанов.