Жуырда Ақмола облысының Шортанды елді мекенінің тұрғынын полиция қызметкерлері WhatsApp мессенджерінде жазған аудиотаспасы үшін тұтқындады. Ішкі істер саласының қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында WhatsApp-тағы топтардың бірінен заңға қайшы әрекет жасауға шақырған аудиотаспаны анықтаған. Полицияның жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Ақмола облысының 50 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша іс қозғалып жатыр. «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыру» деп аталатын бұл баптың тармақтары әдетте ұлтараздығына, діни төзбестікке, нәсілшілдікке шақырған азаматтарға байланысты қолданылады. Әзірге ұсталған азаматтың нақты қандай ақпарат таратқаны беймәлім, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тек оның 8 ақпан күні тұтқындалғаны белгілі болды. Сонымен қатар Алматыда да екі азаматтың арандату жасағаны үшін ұсталғаны анықталды. Қалалық полиция департаментінің деректеріне қарағанда, 1987 және 1990 жылдары дүниеге келген екі азамат мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды көпшілік жиі баратын жерлерге жиналуға шақырып, заң бұзатын әрекеттер жасауға үндеген. Құқық қорғаушылар әлеуметтік желі қолданушыларын адамның жеке басын, ұлттық құндылықтары мен діни сенімін қорламауға, тәртіпсіздікке шақырудан абай болуға үндеуде. Мұндай әрекеттер үшін еліміздің заңнамасында қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.