«AMANAT» партиясының Жол картасы аясында аудандағы ірі спорт кешені іске қосылады
«AMANAT» партиясының Жол картасы аясында аудандағы ірі спорт кешені іске қосылады
284
оқылды
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі  Асқарбек Үйсімбаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылындағы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы аясында қайта жөндеуден өтіп жатқан «Урожай» стадионының құрылыс барысымен танысты. Іргетасы 1982 жылы қаланған бұл стадион – аудандағы ең ірі спорт нысандарының бірі. 40 жылдан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген аудандағы ойын спорты мен жеңіл атлетиканы дамытуға арналған стадион партияның Жол картасы аясында екінші тынысын ашпақ. Құрылыс жұмыстарын аралап көрген Мәжіліс депутаты бірқатар мәселеге назар аударды.
– Мердігерлер стадионды уақытында аяқтауы тиіс. Әрине, бірінші кезекте спорт нысанының құрылысы жоғары деңгейде болса дейміз. Сонымен бірге сапалы орындалуын, барлық стандарттарға  сай болуын бақылау қажет,  – деді Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев.
Стадион партияның Жол картасы аясында салынып жатқан аудандағы ең ірі спорт нысаны саналады. Мұнда футбол, волейбол және баскетболға арналған 3 спорт алаңы, сонымен қатар жеңіл атлетшілерге арналған жүгіру мен секіруге арналған алаңдар мен күрес залы бар. Екінші қабатында жуынатын, шешінетін арнайы бөлмелер дайындалуда. Гір көтеруден Әлем және Азия чемпионы Андрей Дулин стадионның жастардың спортқа деген қызығушылығын шыңдап, биік белестерді бағындыруына мүмкіндік беретініне сенімді.
–Менің гір көтеру спортымен кәсіби түрде айналысып жүргеніме 8 жыл болды. Осы уақыт аралығында үлкен белестерді бағындыра алдым. Енді, міне, ойын спортының дамуына жағдай жасалып жатқаны қуантып отыр. Әсіресе, футболшылар қуаныштарын жасыра алмай жүр. Өзім де келіп, осы стадионда жүгіремін, шынығамын деп жоспарлап жүрмін, – деді. Спорт жаттықтырушылары да осы стадионның ашылуын асыға күтіп жүр.
Олардың бірі Сергей Прохоров:
–Оқушы кезімде осында футбол ойнайтын едік. Неше жылдан бері бос жатты. Енді  қайта қалыпқа келтіріліп жатқанына қуанып жүрміз. Бұл ауданымызда жаппай спорттың дамуына мүмкіндік береді. Жалпы, сандықтаулықтардың спорттағы жетістіктері көп. Енді одан да көп болады деп сенемін, – деп өз ойын ортаға салды.
Асқарбек Үйсімбаев аймақтарға сапары барысында халықпен кері байланыс орнатып, ауылдықтарды толғандыратын проблемалық мәселелерге де баса назар аударады.
– Іссапарым Аршалы ауданынан басталды. 6 ауданға қарасты ауылдарды аралағанда көз жеткізгенім, барлығына ортақ мәселенің бірі – таза ауызсумен қамтамасыз ету. Бұл, әсіресе Егіндікөл ауданында өткір тұр. Бұл бағытта мен бірнеше депутаттармен бірігіп депутаттық сауал жазғанмын. Республикалық су комитетімен ақылдасып, проблеманы шешу жолдарын қарастырдық. 3 бірдей ауданның 24 елді мекенін ауызсумен үздіксіз қамту үшін сметалық құжатына 100 млн ақша бөлінді. Сөйтіп, үлкен жұмыс атқарылмақшы. Біз осы мәселені «AMANAT» партиясымен бірге көтеріп, бақылауға алып отырмыз. Жуырда парламенттік сағатта осы ауызсу мәселесін көтердік. Жалпы, Ақмола облысы бойынша осы мәселені шешу үшін 14,6 млрд теңге қаражат қажет екен. Оның құжаттарын дайындап, барлығын сараптамадан өткіздік, – деді.  
Асқарбек Үйсімбаев ақмолалықтар көтерген барлық мәселелер партиялық бақылауға алынатынын, ал республикалық деңгейде шешілуі тиіс мәселелер алдағы жұмыс барысында ескерілетінін, сондай-ақ заң деңгейінде де тиісті жұмыстар қолға алынатынын атап өтті. Айта кетейік, халық қалаулысы осы жолғы сапарында Ақмола облысының 6 ауданындағы 13 елді мекен халқымен кездесу өткізді, бірқатар кәсіпорын мен әлеуметтік мекеменің жұмысымен танысты. Тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Айтуынша, ақмолалықтарды негізінен ауызсу мәселесі мен жайылым және шабындық жер мәселелері толғандырады.