Автокөлік өндірісі саласындағы кәсіпорындар, оның ішінде «Аллюр» компаниялар тобы мемлекет тарапынан субсидияланбайды. Бұл туралы мәлімет ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтында жарияланды. Оның есесіне, отандық кәсіпорындар Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасында қарастырылған шектеулер бойынша кедендік төлемдер мен утилизациялық алымдардан босатылды. Утилизациялық алымнан босату шығарылған әрбір автокөліктің бірдей (иденттік) сомасын қайтару және оны төлеу механизмі арқылы жүзеге асырылады.
"Бүгінгі таңда бірқатар бұқаралық ақпарат құралында «Аллюр» компаниялар тобына 2019 жылы 21,3 млрд теңге, 2020 жылы 40,8 млрд теңге көлемінде мемлекеттік субсидия берілгендігі туралы расталмаған ақпарат жарияланды",– ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.Жоғарыдағы сома утилизациялық алымнан босатылған өндіруші компанияның бұған дейін «Жасыл даму» компаниясына төлеген қаржысы болып табылады. Бүгінгі таңда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде отандық өндіруші кәсіпорындарды утилизациялық алымнан «төлем-қайтару» механизмі арқылы емес, оны тікелей іске асыруды қарастыратын заңнама жетілдірілуде.