Алматыда жыл соңына дейін 18 орта білім беру нысаны ашылады
Алматыда жыл соңына дейін 18 орта білім беру нысаны ашылады
247
оқылды
Алматыда қалалық филиалдың Саяси кеңесі Бюросының және Алматы қаласы мәслихатындағы «AMANAT» депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – «АMANAT» партиясы фракциясының мүшелері қатысты. Отырыста халықтың өмір сүру жағдайын, жол-көлік инфрақұрылымын және экологиялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ білім беру және медицина объектілерін салу мәселелері қаралды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 12 бағыт бойынша жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. алматы Мәселен, 2022 жылы Жол картасының 148 пункті іске асырылу сатысында тұр. Бүгінгі таңда 45 км сумен жабдықтау және кәріз желілері салынды. 2022 жылы «Алмагүл» қосалқы станциясының құрылысы аяқталады. 138 км электр және 17 км жылу желілері жаңғыртылатын болады. Ал қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жыл басынан бері 145 мың көшет отырғызылды, жыл соңына дейін тағы 360 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. Газбен жүретін 300 автобус сатып алынды. Алайда, партиялықтар автобустарға газ құюға қатысты сұрақтар қойды. Алматылықтар таңертең аялдамаларда қоғамдық көлікті ұзақ күтіп тұрады, ал ЖҚС бекеттерінде автобустардың үлкен кезегі байқалуда. алматы Қалалық мобильділік басқармасы өкілінің айтуынша, қазір алты бекеттің екеуі ғана жұмыс істейді. Дегенмен газ станциясы құрылысының тиісті жобасына қаражат бөлінген. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 14 мыңға жуық оқушы орнына арналған 18 орта білім беру нысанын іске қосу жоспарлануда. Бұл жоспарға 10 750 орындық 11 мектеп, 1 270 орындық 5 қосымша құрылыс, 1 800 орындық 2 ғимаратты сатып алу кіреді. алматы Өз кезегінде, мәжілісмен Бекқали Торғаев биыл аяқталуы тиіс 5 мектептің құрылысына қатысты алаңдаушылық білдірді.
«Бұл нысандар өткен жылдан бері өтпелі болып келеді. Соның бірі – Мәдениет шағын ауданындағы мектеп құрылысы. Құрылыс басқармасының есептеуінше, мектеп тамыз айында пайдалануға беріледі. Алайда, нысанға барғаннан кейін құрылыс жұмыстары баяу жүргізіліп жатқанын көрдім. Мектептің инфрақұрылымы мен абаттандыру мәселелері де ерекше бақылауды талап етеді», - деді Б.Торғаев.
Тиісті басқармада келісімшартқа сәйкес Мәдениет шағын ауданында мектеп құрылысы тамыз айының соңына дейін аяқталатынына сендірді. Бұл үшін барлық техника мен 400-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Сондай-ақ, депутат Мәди Ахметов мегаполистегі жастар мәселесін көтерді. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамтудың белсенді шараларын қолдану, жастар практикасы және жұмыс орындарын ашу қозғалды. алматы Отырысты қорытындылай келе, мәжілісмендер партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру партиялықтардың ерекше бақылауында екенін атап өтті.