2020 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілерге байланысты талаптарды қатаңдатқан болатын. Осы жаңашылдық бойынша көлік жүргізген адамның қанынан алкоголь табылса, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылатыны да айтылды. Ақтөбе тұрғыны мас күйінде жүргізуші куәлігінен айырылылуына қарамастан қайта рөлге отырғаны үшін өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ол 14 қаңтар күні Тойота-Камри көлігімен патрульдік полиция қызметінің қолына түскен. «№2 Ақтөбе қалалық соты оны Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі бойынша айыпты деп танып, 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Оған 40 мың теңге айыппұл салынды және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды», – дейді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. Биыл мас күйінде көлік жүргізген 9 ақтөбелік көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ал Түркістан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізуде. Түнгі уақытта рейдке шыққан патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған 40 жүргізушіні ұстады. Өңірдің полицейлері қаңтар айында ішімдік ішіп рөлге отырған – 31, ал ақпанда 9 адамды ұстаған. Заң бұзушылардың барлығына «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша хаттамалар толтырылған. Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің тәртіп сақшыларына жолда жүру ережелерін бұзушыларды анықтап қана қоймай, түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізу міндеті қойылған. Себебі жол-көлік оқиғалары көбіне рөлге мас күйінде отыру салдарынан орын алады. Сондай-ақ жиі жол апатын тудыратын жайттар қатарына жылдамдықты асыру, маневр жасау ережесін бұзу, көше қиылыстарынан дұрыс өтпеу, қарсы бағытқа шығу тәрізді әрекеттер еніп отыр.