Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ел Конституциясының 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль тағайындалды. Президент өз Жарлығында аталған медальдың Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге, Қазақстанның конституциялық негіздерінің қалыптасуы мен дамуына, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға елеулі үлес қосқан Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында тағайындалғанын атап өтті. Сонымен қатар Жарлықта Қазақстан Конституциясының 25 жылдығы құрметіне мерекелік медальді тағайындау, онымен наградтау қағидалары, медальдің сипаттамасы қоса берілді. Медальмен наградтау қағидаларында оны беру туралы ұсыныстарды Мемлекет басшысына Парламент палаталарының, өзге де мемлекеттік органдардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыс әкімдерінің, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің енгізе алатыны айтылған.