Жалған диплом жарға жығады
Жалған диплом жарға жығады
Қазақстанда жалған дип­ломмен жұмысқа тұрып, жал­ған­ды жалпағынан басып жүргендер жетерлік. Біреулер көз майын тауысып, төрт-бес жылды оқуға арнап, онысын қорғап ба­рып маман атанса, енді бірі интернет сайттардан құжатты он күн ішінде сатып алып, дап-дайын жоғары бі­лімді мұғалім, шенеунік бо­лып жүр. Ендігі уақытта ЖОО түлектеріне диплом қа­­ғаз тү­рінде емес, электронды түр­де берілмек. Мүмкін, мұн­дай келең­сіз­дік сонда тыйыла­тын шығар, кім білсін?!  

Құжат керек пе?  Сайтқа кір

Әрине, бұл жарнама емес. Бұл белгілі жай. Бұдан үш-төрт жыл бұрын басталған дау. Әлі күн­ге дейін шешімін таппай келеді. Жақында Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің алқа отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университеттерге тал­дау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын айтты. Яғни, 700-дей адам жалған құжатпен жүр деген сөз. Ол, енді қазақстандық ЖОО түлектеріне диплом қағаз түрінде емес, элек­тронды түрде берілетінін де жеткізді. Дегенмен интернеттегі сайт­тар «жабылды ма, жабылмады ма?» деген оймен интернетке саяхат­тадық. Бірнеше сайт алды­мыздан атып шықты. Соның біріне таңдау жасадық. «Барлық оқу орын­дарындағы дипломдарды ғана емес, басқа да білім дәрежесін білдіретін құжаттарды дайындап, сатамыз» деген Дип Рус сайтына кірдік. Расында да, бұл компания сізге ЖОО, колледж, техникум дипломдарымен бірге мектеп бітірді деген аттестат, сертификат, анықтамаларды жылдам жасап береміз деп жарнамалап қойған екен. Кеңес берушімен әңгімеміз бірден жарасым тапты. Диплом аламын деген мен, құжат өткіземін деген ол мәз сияқты. – Сәлеметсіз бе? Маған диплом керек еді. – Қандай? – Жоғары оқу орнынікі. Жұмыс берушім сұрап жатыр. Қанша тұрады? Қанша уақытта дайын болады? – Бізде қазақстандық диплом 20 000 рубль. Он күнде дайын бола­ды. Қай қала, қандай оқу орны керек өзіңіз таңдайсыз. – Түпнұсқа ғой сонда? – Сіз түсініңіз, оқу орында­рын­да тіркелген диплом кемі 400 000 рубль тұрады. Біздің беретін диплом 20 мың рубль. Жұмыс берушінің барлық тексерісінен 99 пайызға өтеді. Тек тікелей сіз оқыды деген оқу орнына хабарласпаса болды. Бірақ басшылар олай жасамайтынына сенімдіміз. Иә, атауы орысша болғанымен, олар сізге тек ресейлік қана емес, қазақстандық оқу орындары бе­ретін құжаттардың көшірмесін түпн­ұсқадан айнымайтындай қы­лып жасап береді екен. Бұл сайт­тар бірнеше жыл жұмыс істеп, қан­шама адамды «дипломды» маман қылып шығарды екен? «Өтірік­тің құйрығы бір-ақ тұтам» де­гендей әшкере болғандар да бар. Заң бойынша жазасын да алды. Бірақ көбі айыппұл тө­леумен не­месе жұмыстан кету­мен шектелді.  

Жалған диплом өріп жүр

Білім және ғылым министрі жуырда ғана шешім қабылдап, Шымкентте елдегі ең үлкен уни­верситетті жапқанын айтты. Ол: «Сот шешім шығарды. Білім және ғылым министрлігі лицензияны қайтарып алу туралы дұрыс ше­шім қабылдады. Осы универси­тетте 30 мыңнан астам адам оқы­ған. Біз шынымен де заңбұзу­шылықтар бар екенін білдік, олар шынымен де дипломдарын басып шығарғанын анықтадық», – деді. Иә, қаншама адам жалған дипломмен еңбек етіп жүргені белгісіз. Дегенмен қолға түсіп, жаза тартқандарына көшейік. Мысалы, былтыр Ақтөбеде 34 мұ­ғалім жалған дипломмен оқу­шыларға сабақ бергені әшкере болды. Сол уақытта прокуратура мәлімдемеде жасады. Онда: «11 адам орта мектепке дейін сабақ берсе, 13 адам қызметін мектепке дейінгі білім беру мекемесінде, 7 адам колледж оқытушысы ретінде жүзеге асырды» делінген. Бір қызығы, олар аймақтағы Жұбанов университетін фортепиана бөлімі бойынша тамамдағандарын ай­тыпты. Ал жоғары оқу орнында ондай бөлім атымен жоқ.  width= Сонымен бірге ішкі істер ор­гандарының қызметкерлері 2018 жылы Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша («Жалған құ­жат­тарды, мөртабандарды, мөр­лер­дi, бланкілерді, мемлекеттiк пош­та төлемі белгілерін, мемле­кеттiк наградаларды қолдан жасау, да­йындау немесе өткiзу») 1 530 қыл­мыстық ереже бұзушы­лық­ты тір­кеген. Соның ішінде Маңғыс­тау облыстық индус­триа­лды-ин­но­вациялық саясат бас­қармасының жетекшісі мемле­кеттік қызметке ресми құжаттың негізінде түссе, артынан екінші жоғары білімі ту­ралы дипломның жалған нұс­қа­сын тапсырғаны анықталған. Ал Ақ­тө­бе облы­сы­ның Қарғалы ау­дан­дық соты 2017 жылдың ма­мы­рында Әлімбетов ауылының әкім­дігіне жұмысқа тұрмақ болған аза­мат­тың құжа­тын тексергенде, оның Қ.Жұ­ба­нов атындағы Ақ­төбе өңір­­лік мемлекеттік универ­сите­тінің дипломын сатып алғаны белгілі болды. Сол жылы Курчатов қа­ла­сының прокурорлары да жо­ға­ры оқу орындарын аяқтамай, жал­ған дипломмен жұмыс істеп жүр­ген білім беру орындарының қыз­мет­керлерін анықтаған болатын. Ал жақында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Жалған диплом – жемқорлыққа жол ашады» атты мәжіліс өтіп, еліміздің білім саласында еңбек етіп жүрген біліксіз мамандардың диплом алу кезіндегі қитұрқы әрекеттері сынға алынды. Мони­торинг кезінде жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мамандар анықталып, әр саланың жұмысы­на келтірген залал белгілі болған. Құны 265 мың теңге тұратын жал­ған диплом дайындау мерзімі бар-жоғы 1-2 күн ғана екені сөз болды. Оларға қатысты мәлі­мет­тер ішкі істер органдарына бе­ріл­ген. Атап айтқанда, Талдықорған­дағы І.Жансүгіров атындағы Же­тісу мемлекеттік университе­тінде, Алматыдағы Спорт және еңбек академиясында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде, Қызылорда қаласын­дағы «Болашақ» университетінде, Алматы технология және бизнес институтында оқыдық деп жал­ған дипломмен жұмыс істеген бес маманды анықтаған.  

Алдаймын деп шалынды

Ал мына оқиға Шығыс Қазақ­стан облысында орын алды. Жал­ған дипломды Қарағанды мем­лекеттік техникалық универ­си­тетінен жарты миллионға сатып алған Шемонаиха тұрғыны жа­уапқа тартылды. Айтпақшы, ол бұған де­йін де қылмыстық топпен ұр­лық жасап, жеті жыл көлемінде жаза­сын өтеп келген екен. Содан жаңа өмірге талпыныс жасап көрмек болып, жалған дипломмен шетел асып жұмысқа орналас­қысы кел­ген. Бірақ облыс бойын­ша білім саласындағы бақылау департаменті арқылы тексеруден өтетінін біл­меген сыңайлы. Са­тып алған дип­ломы оған тек ке­сірін тигізді. Ше­монаиха аудан­дық соты кү­діктіні кінәлі деп та­­нып, 15 айлық есептік көрсет­кіш мөлшерінде айыппұл салуға шешім шығарды. Иә, қазіргі таңда жалған диплом жасап сататындар да, оны сатып алатын, тіпті сол жалған дипломмен өзі қалаған жұмысқа тұратындар да көбейген. Бағасы да қымбат емес, бар болғаны 120 мың мен 250 мың теңге аралығы. Ал 500 мың мен 1 миллиондай ақша ұстатсаңыз көшірме емес, түпнұс­қасын да аласыз. Солай! Диплом қалтада дей бер.  

ТҮЙІН:

Сонда бірнеше жыл­дап білім алып, кітапханаларда отыр­ған, сессияда ұйықтамаған, мұға­лімдердің қас-қабағын баққан студенттердің еңбегі еш болғаны ма? Кейде жалған дипломды қал­таға салып, мұрнын көкке шүйір­гендер олардың алдын орап кете­тіні тағы бар. Дегенмен алаяқ­тық­қа алдағы уақытта жол берілмейді. Оған да негіз бар. Бі­лім және ғы­лым министрі Асхат Аймағамбетов «Біз blockchain элек­тронды дип­ломдарын (жүйе­сінде) шығарамыз. Екіншіден, біз тарихи ақпаратты цифрланды­рамыз. Шамамен, 1970 жылға де­йін жетуді көздеп отыр­мыз. Бұл процесте біз көптеген мә­­селеге тап болдық. Мәселен, бір­­шама диплом шығарғандай бо­лып едік, іске келгенде біз олардың іздерін еш жерден таба алмаймыз», – деді. Осы шара жүзеге асса, алдағы уа­қытта жалған диплом деген сөз­ді ұмытармыз деген де үміт бар!

     width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ