Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күзде Үкімет отставкаға кетуі мүмкін екенін айтты.
"Жалпы, Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысуда. Бірақ, қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек", - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.Мемлекет басшысының пайымынша, Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек.
"Экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ, олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті", - деп түйіндеді сөзін ол.Бұған дейін Президент қант бағасын реттей алмаған қос министрге сөгіс жариялағанын жазған болатынбыз.