2003 жылы Theranos компаниясын құрып, кремний алқабының ханымы саналған Элизабет Холмс бүгінде темір тордың ар жағында. Кезінде әлемді өзгертетін компания құрды деп мадақталған Элизабетті ешкім де алаяқтық бабымен айыпталып, сотталады деп ойлаған емес. Бірақ оның есімі тарихта атышулы жанжалмен қалды. Әйтпесе, инвесторлардан 600 млн доллар көлемінде қаржыландыруға қол жеткізген, құрған компаниясы 9 миллиард долларға бағаланған адамды кім осал деп айта алады? Сонымен «Ғасыр аферасын» жасаған Элизабет Холмс кім, оның тағдыры неге өзі армандаған арнамен жүрмеді?
Элизабет Холмс 1984 жылы Вашингтонда федерал шенеунігі мен конгресс қызметкерінің отбасында дүниеге келген. Жастайынан миллиардер болуды армандады. Содан 18 жасында Стенфордта оқып жүрген жерінен Қытайға барады, ол жақта өзінен 20 жас үлкен Сани есімді кәсіпкермен танысады. Сани Пәкістаннан иммиграцияланған қалталы азамат еді. Бағдарламалау саласында жүрген Санидің байлығы 40 млн долларға бағаланатын. Санида Элизабет армандаған ақша болды. Екеуі тез тіл табысып кетті. Элизабет Азияға жасаған кезекті сапарында атипиялық пневмонияның асқынған сәтіне куә болады. Осы сәтте ол әлемді өзгерту туралы шешім қабылдайды. Үйге оралған бетте патент алуға дайындалады. Оның идеясы пациенттің бір тамшы қанынан 100-ден аса аурудың диагнозын анықтау. Осылайша, Стэнфордты тастап, өз компаниясын құрады. Алғашқы уақытта көп қиындыққа тап болады. Сонда да мойымай жүріп, алғашқы инвестицияға қол жеткізеді. Бұрыннан келе жатқан көршісін 1 млн доллар инвестиция құюға көндіреді. Алайда уақыт өте келе медицина саласына бейімделген инвесторларды жобаға қаржы құюға көндіру қиынға соға бастайды. Себебі Элизабеттің медициналық білімі жеткіліксіз еді. Бірақ соған қарамастан Элизабет жыл соңында 6 млн доллар инвестиция табады. Өйткені оның адамды көндіре білу қабілеті ерекше болатын. Оның идеясы бойынша пациенттен алынған қан шағын картриджде құйылып, тестілеуден өткізетін Theranos машинасына салынады. Машина бір тамшы қаннан бірнеше сынама нәтижесін беруі тиіс. Бұл жобаға инвесторлар неге қызықты? Себебі дәстүрлі қан талдамасын жасауда күретамырдан алынған қанның үлгісін зертханаға маман апарады, ал сынама жасау үшін көлемі үлкен машиналар пайдаланылды және талдау қорытындысын бірнеше күн күту қажет еді. Theranos осы жұмыстың бәрін шағын машинаның көмегімен атқарамыз деп сендірді. Шын мәнінде, бұл мүмкін емес еді дейді сарапшылар. Себебі бір тамшы қаннан бір анализді анықтау үшін оған жарық түсіру керек, ал енді бір талдау үшін жарық емес, реакция қосу керек болады. Дәл осындай проблема Theranos машинасын жасауға кедергі болды. Бұл мәселені шешуге Элизабеттің білімі жете қоймады. Сонда да алған бетінен қайтпай, 2006 жылы Thernos Edison деп аталатын аппарат жасап шығады. Алайда ол машина Элизабет уәде еткен тестілеудің барлығын атқаруға қабілетті емес еді. Элизабет инженерлік команданы тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүрледі. Ол тіпті машина дайын емес екенін біле тұра, Pfizer компаниясымен бірге онкологиямен ауыратын науқастарға тест жүргізуден тайынбады. Сол жылы компанияның қаржы директоры Элизабет Холмстан мұндай сорақылықты тоқтатуды талап етеді, бірақ Элизабет оны тыңдаудың орнына жұмыстан қуып жібереді. Кейін компания кремний алқабының тамаша ауданына қоныс аударады, сол кезде жұмысқа алынған сату менеджерлері компаниядағы проблемаларды анықтап, директорлар кеңесіне жеткізеді, директорлар кеңесі шұғыл жиын өткізіп, Элизабетті жұмыстан қумақ болады. Осы шешімді айту үшін Элизабетті шақырады, бір қызығы, сол жиыннан соң Элизабет орнында қалады. Себебі оның адамды иіріп әкететін қасиеті бар еді. Директорлар кеңесімен кездесіп шыққан соң ол осы мәселені көтерген маманды жұмыстан босатады.
2009 жылы Элизабеттің досы Сани компания басшылығына тағайындалады. Ол компаниядағы екінші тұлға ретінде қызметкерлерді «ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында» ұстайды. Компания проблемасын құпия ұстамағандардың жағдайы қиындайтынын Санидің жүзіне қарап-ақ білуге болатын еді.
2010 жылы кремний алқабында Facebook, Twitter мен Uber-дің жұлдызы жанып тұрды. Сол кезде Walgreens пен Safeway компаниялары Theranos компаниясымен сауықтыру орталығын құру туралы келісімге келеді. Элизабет аталған компания басшыларын қалай сендіргені белгісіз, олар Элизабеттің барлық шартын орындап, 105 млн доллар инвестиция құяды. Бірақ уәде етілген ғажайып машинаны жеткізу кешіге берді. Тіпті, 2012 жылы Safeway-дің қаржылық ахуалы нашарлай бастайды. Себебі олар Theranos машиналарын сатуға арналған дүкендерді жөндеуге 350 миллион доллар жұмсаған еді. Бірақ олар Элизабетке табанды талап қоя алмады. Себебі Элизабеттің компаниясының директорлар кеңесінде бұрынғы мемлекеттік хатшылар Генри Киссинджер мен Джорд Шульц, бұрынғы қорғаныс хатшылары Джеймс Мэттис пен Уильям Перри, сондай-ақ ірі инвесторлар Руперт Мердок, Бетси Девос және Роберт Крафт болды. Ал 2014 жылдың ортасында Fortune журналында Элизабет туралы мақала жарияланып, бүкіл БАҚ одан сұхбат алуға кезекке тұрған кезең еді. Forbes, USA Today, NPR, Fox Business, CNBC, CNN және CBS News ақпарат құралдарына сұхбаттар беріп жүрген Элизабет Холмсті АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама жаһандық кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі елші етіп тағайындады.
Директорлар кеңесі мүшелерінің бірі Джордж Шульцтің туысы Тайлер Шульц компаниядағы проблемалардан хабардар бола бастаған соң жұмыстан кетеді. Ол атасымен сөйлесіп, компания қан үлгілерін тестілеуді басқа компаниялардың машиналарында жасап жүргенін айтады. Алайда Джордж Шульц Тайлердің сөзіне құлақ аспайды. Ол Элизабетке қатты сенетін. Бұл кезде Элизабеттің компаниясына Ричард Фуииске патент ұрлығы бойынша сотқа берген болатын. Осы іске қатысты компания қызметкері Ян Гиббонс шақырылады. Ян сотта компания туралы шындықты айтып қоюдан қорқып, дәрі ішіп, өзіне қол жұмсамақ болады, бірақ бір аптадан соң ауруханада көз жұмады. Бұл кезде Theranos Walgreens-пен жасалған 140 млн доллардың шартына сәйкес, машинаны 2013 жылдың ақпанында іске қосуға жанталасып жатқан болатын. «Жығылғанға жұдырықтай» болып, енді Ричард іске кіріседі, ол Янның әйелі Рошельмен бірігіп, Элизабет пен компанияның жағдайы туралы ақпараттарды жинап, Wall Street Journal-дың тілшісі Джону Керри Роуға береді. Джон журналистік зерттеуді бастағаннан-ақ көлеңкелі істерге көз жеткізе түседі. Элизабеттің тарапынан қоқан-лоққы да жасалады. Элизабет тіпті The Wall Street Journal-дың қожайыны және Theranos-тың директорлар кеңесінің мүшесі Руперт Мердоктан журналисін жөнге салуды өтінеді. Алайда Мердок бұл өтінішті орындаудан бас тартады. Ол «өз редакторларыма сенемін және шындықты бар қалпында қабылдауға дайынмын» деп жауап береді.
Элизабеттің көзбояушылығында шек жоқтай көрінетін, себебі ол басқа-басқа, АҚШ-тың вице-президенті Джо Байденнің өзін алдап соғады. Иә, Элизабет жобасын «жасанды» зертханада «таныстырады». Көп нәрседен хабары жоқ вице-президент «болашақтың зертханасын көрдім» деп мақтап кетеді.
«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, Элизабеттің қулығы да көп ұзамай айдай әлемге жария болды. 2015 жылдың 15 қазанында The Wall Street Journal -да Элизабеттің былықтарын әшкерелеген мақала жарық көрді. Бұл бомба жарылғандай әсер еткен мақала болды. Журналистер Элизабеттің аяқ алып жүруіне мұрша бермеді, сұрақтың астына алды. Тheranos компаниясымен инвесторлар соттаса бастады. Қорлар жүз млн доллар үшін сотқа берсе, Walgreens компаниясы 140 млн долларын қайтарып алу үшін сотқа жүгінді. Бұл кезде 9 миллиард долларға бағаланған Тheranos компаниясының акциялары құлдырай бастады. Элизабетке Аризона штатына пациенттерді жалған сынақтан өткізгені үшін 4,5 млн доллар төлеуіне тура келді.
АҚШ-тың қаржы реттеушісі Элизабет Холмстың үстінен 2018 жылы наурызда іс қозғады, Сани мен Элизабет өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Сот олардың әрқайсысын 20 жыл бас бостандығынан айырды. Ал компания 2018 жылы таратылды.
Сарапшылар Элизабеттің түбіне білімсіздігі емес, жалған сөйлеуге құмарлығы жетті деп санайды. Жобасының сәтсіз жүріп жатқанын ашық мойындауға батылы жетпегенін сынайды. Идеясының жүзеге асуы мүмкін емес екенін ескерткендерге құлақ асқанда, жағдай басқаша болар ма еді дейді. Ал мұндайда қазақ әу баста-ақ «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген сөзбен түйрей салған.