Жаңа жобаларға мұрындық боламыз
Жаңа жобаларға мұрындық боламыз
Өз басым осымен жастар қа­натының бес бірдей съезіне қа­тысыппын. Оның ішінде табиғат аясында еркін форматта ұйым­дас­­тырылған дәл осы съездің әсері ерекше болды. Мұнда әр өңірдің белсенді жастары ел ішіндегі, жергілікті жердегі ай­мақ­тардағы мәселелерді қозғап, олардың шешу жолдарын ұсын­ды. Дәл осы жиынның диалог алаңын пайдаланып, жоғары лауазымды қызметте жүрген азаматтарға өзіміздің нақты ұсыныстарымызды айтуға мүмкіндік алдық. Жастардың мұрындық болуымен «Өрлеу», «Жастардан – жастарға!» атты жаңа жобалар жүзеге асырылатын болды. Аталған жобалар бойынша жастарға, әсіресе ауыл жастарына мамандық таңдауға қолдау көрсету мәселелері қарастырылмақ. Үкі­мет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов биылғы қыркүйектен бастап мектептерде жоғары сыныптардың мамандық таңдауына бағыттайтын жеке штат ашылатынын жеткізді. Бұл жобаның нәтижесі жақсы боларына сенемін, нәтиже беретініне сенімдімін. Партия жанындағы жастардың ең үлкен ұйымы болғандықтан, «Жастар Рухы» да саяси құрылыммен бірге ребрендинг жасады. Съезд қорытындысы бойынша Орталық кеңеске өз білімі мен белсенділігімен көзге түскен жас­тар сайланып, нақты жоспарлар мен міндеттер белгіленген қаулы қабылданды. Жас­тарға жігер беретін арнайы курстар, тренингтер өткізілді. Тіпті, мемлекеттік бағ­дар­­ламаларды ауылды жерлерде орындау бойынша да нақты ұсыныстар айтылды. Алдыңғы бесінші съезден бүгінге дейін Жастар қанатымен жүргізілген жұмыстар­ға есеп берілді. Мұның бәрі де бола­шақта ел тізгінін ұстар жастар үшін мәні мен маңызы зор деп ойлаймын.

Уәлихан БОЛАТБЕК, «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы