Үкіметтің жұмысына жаңашылдық қажет
Үкіметтің жұмысына жаңашылдық қажет
432
оқылды
Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда Үкіметтің құрамы жаңарды. Содан бері жарты жыл өтті. Алайда аты жаңа Үкімет әзірге ескі сүрлеумен келе жатқандай. Күні ке­ше бейне­байланыс режимінде Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, жауапты тұл­ғалардың есебін тыңдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысына орташа баға берді. Біраз өткір сын айтты, бірнеше министрге сөгіс жариялады. Мемлекет бас­шысы министрлерге, әкімдерге, ұлттық компаниялардың басшыларына жұмыс қарқынын күшейтіп, жаңа әдістер мен тың идеяларды пайдалануды тапсырды. Әкімдер неге дүкен аралап жүр? Отырыс барысында Қ.Тоқаев Үкімет мүшелері мен өңір әкім­дерінің назарын халықты алаң­датқан бірқатар өзекті мәселені шешуге аударды. Жиын барысында вице-премьер – Сауда және ин­теграция ми­нис­трі Б.Сұлтанов­қа, Ауыл ша­руа­шылығы министрі Е.Қа­рашөкеев­ке, Экология, гео­логия және та­би­ғи ресурстар ми­нистрі С.Бреке­шев­ке сөгіс жа­рия­лады. Сондай-ақ Цифрлық даму ми­нистрі Б.Му­син­ге ескерту жаса­ды. Сыннан қорытынды шы­ғармаса, жұ­мыстарын түземесе, алдағы күзде орынтақтарымен қоштасуы мүм­кін. Қасым-Жомарт Кемелұлы ал­ды­мен жаһандағы күрделі гео­саяси сын-қатерге қара­мас­тан еліміздің бірқалыпты дамып келе жатқанына екпін түсірді. Мұны жартыжылдық нәтижесі көрсетті: экономика 3,4 пайызға, нақты сек­тор 4,1 пайызға өсті. Әсіресе, өң­­деу өнеркәсібі са­ласында ай­тар­лықтай ілгерілеу бар. Деген­мен инфляция да ша­рықтап, 14,5 пайыз­ға жетті. 2015 жылдан бергі антирекорд. Халықаралық институттар Қазақстанның ЖІӨ-сі биыл 2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр. Бұған дейін олар өсім 3,7 пайыз болатынын айтқан еді. Мемлекет басшысы халық­ара­лық институттар дерегіне сіл­те­ме жа­сап, өңірлік дағ­да­рыс­тың ұзақ­қа созылатынын, инфляция жап­пай өсуі мүмкін екенін ес­кертті. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқы­рауға ұшыратады деген қауіп бар. Осы жағдайда Үкімет пен Ұлттық банк­тің негізгі мін­деті – инфля­цияны тұрақтан­дыру, аза­маттар­дың табысын арттыру бо­лады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орын­дарын ашу қажет. Қ.Тоқаев Үкімет мүшелеріне әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты бірқатар міндет жүктеді. Ол инфляцияның шарықтап кетуін ең күрделі мәселе деп атады. Сол себепті инфляцияны, яғни қымбатшылықты құрықтау басты міндетке жатады. Әйтпесе, ол халықтың жаппай наразылығын туғызуы ықтимал. Азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады.
– Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Шынында, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр. Тың тәсіл, жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Ол 2 жыл бұрын ұлттық тауар өткізуші жүйені іске қосып, көтерме-тарату орталықтарының желісін ашуды жүктегеніне, Үкімет оны орындауды созбалаңға салып, сиырқұйымшақтандырып жібергеніне назар аудартты. Жоспарлар, халық алдындағы уәделер сөз бен қағаз жүзінде қалды. МЖӘ схемасымен КТО-лар салу жобалары жүзеге аспады. Үкімет қазан айында осы саладағы атқарылған жұмыстың нәтижесін егжей-тегжей баяндауы тиіс. Қымбатшылықпен күресте пәрменді тетік болады деген тұрақтандырушы қорлардың тиімділігі тым төмен болып шықты. Қорларды толықтыруға миллиардтаған қаржы шығындалады, нарыққа ықпалы  мардымсыз. Ондағы тауарлар пайдакүнемдердің жемсауына айналып кетті. Ел Президенті мұның байыбына баруды тапсырды. Министрлер неге сөгіс алды? Жаһандық дағдарыс ұзаған сайын, ел қазынасындағы әрбір тиын бақылауға алынып, тек орнымен, оңтайлы жұмсалуы тиіс. Бұған да Үкімет үйрене алмай-ақ қойды. Мемлекет басшысы бюджет қаржысын жымқыру фактілері ұдайы әшкереленетінін жеткізді. Әкімдер мемлекет қаражатын шығындауға бақылауды жоғалтып алды. Орталықтан кеткен қаржының қайтарымы жоқ. Үкімет болса, «айналымдық схеманы», яғни бөлінген соң бюджетке қайтарылмай, қайта-қайта жұмсалатын бюджеттік несие көлемін 100 миллиард теңгеге дейін арттыруды ұсынды. Қ.Тоқаев мұның қисындылығына күмән келтірді. Оның байламынша, сауда желілерін емес, тікелей өндірушілерді несиелендірген орынды. Қайсысы тиімді болатынын есептеп, Үкімет нақты айтуы шарт. Халық пен сарапшылардың қатаң сынына ұшыраған тағы бір сала – ауыл шаруашылығы. Ұлан-байтақ далаға ие бола отырып, бейбіт өмірде, санкциядан ада жағдайда Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен толыққанды қамти алмай отыр. Өңірлердегі қант үшін қырқыс соған дәлел. Ел Президенті дүкендердегі ахуалды «Масқара, ұят!» деп бағалады.
– Менің тапсырмаммен Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызды 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарт жасалды. Әйткенмен, мұнша көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейді. Өнімді ауыл шаруашылығы өндірушілерінен алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет. Мұнымен құзырлы министрліктер айналыссын. АШМ осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруы тиіс, – деді Президент.
Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату. Өкінішке қарай, елімізде өндірілетін өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен орын ала алмайды. Импортпен бәсеке сыртында, ішкі кедергілер бар. Өз өндірушілеріміз де тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды: бірде көл, бірде шөл қылады. Мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын осы жұмысқа тарту керек. Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілгені жөн. Қалай болғанда, отандық тауар сауда орындарына кедергісіз шығарылуы шарт. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Мемлекет басшысы әлемдегі аумалы-төкпелі шақта, жаһанды қуаңшылық жайлаған заманда халықты тамақтан тарықтырмауды, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді. Үкімет Қазақстанның көп өнім түрінен импортқа тәуелді еместігін мәлімдеді. Бірақ Қ.Тоқаев оның өмір шындығымен жанаса бермейтінін қаперге салды. Мысалы, бұрын іске қосылған 7 қант зауытының қазір тек 4-уі істеп тұр. Олардың өзі небары 31 пайыздық жүктемемен жұмыс істейді.  Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылшадан жасалатын құмшекердің үлесін 2026 жылға қарай 6 есеге – 7-ден 43 пайызға дейін арттыруды жоспарлады. Ал соңғы 4 жылда қант қызылшасының егістік ауданы үштен бірге азайып кеткен. Салдарынан Қазақстан қант жөнінен 90 пайыз шетелге тәуелді. Сарапшылар бұған Еуразиялық одақ аясында Мәскеу қойған шектеулерді кінәлайды. Демек, Үкімет ұлттық мүддені, мемлекеттің ұстанымын келіссөздерде қорғай алмаған. Сондықтан Қ.Тоқаев вице-премьер–Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады. Үкіметке шұғыл түрде қант саласын дамыту жөнінде жеке, салалық жоба әзірлеу туралы тапсырма берілді. Үкімет Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы техникасын жаппай жаңарту – өзекті. Оған барлық қаржыландыру көздері, соның ішінде жеңілдікті несие, ӨКМ операторының қаржысы жұмылдырылатын болады. Елдің әл-ауқаты басты назарда Үкіметтің келесі басымдықты міндеті – азаматтардың табысын арттыру және адам капиталын дамыту. Осы орайда Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында тіпті азайып кетті. Биылғы мамырда азаматтардың нақты табыс көрсеткіші 2,9 пайызға дейін кеміген. Мұндай құлдырау көптен болмаған.
– Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс. Бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін: өңір басшыларының жұмысын бағалағанда осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған тәуелді. Үкімет әкімдермен бірге бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауы тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Өңірдегі жұмыссыздық ішкі және сыртқы көші-қон үдерісіне байланысты күшейіп барады. Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеу тапсырылды. Халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек. Мысалы, оралған қандастардың тек мұнайлы Маңғыстау өңірінде шоғырлана беруіне тоқтау салынғаны жөн.
– Жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келді. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жас жаңадан қосылады. Жастарды жұмыспен қамту толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар жұмыссыздығы елдегі орташа көрсеткіштен көп жоғары: Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы, Қарағанды облыстарында, СҚО, ШҚО-да. Үкімет, облыс әкімдері бұған айрықша назар аударсын. Жыл аяқталғанда қорытындысын шығарамыз, – деген Мемлекет басшысы жұртты жұмыспен қамту ісінде тың тәсілдер қолдану қажетін нықтады. Үкіметке еңбек нарығын дамыту жоспарын шұғыл әзірлеу жүктелді.
Үкімет жиынынан тағы бір жаңалық – балабақшалар қызметі лицензияланады. Яғни, талапқа сай еместері жабылады, лицензиядан айырылады. Қасым-Жомарт Кемелұлы жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері, сондай-ақ жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кеткенін мәлімдеді. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Балалардың қауіпсіздігін, қызмет сапасын күшейту үшін 2011 жылы жойылған лицензиялау қайтарылады. Кеңейтілген отырыста Қазақстан Президенті аналардың, сәбилердің өлім-жітімі өскенін ескере отырып, перзентханалардың жай-күйін тексеруді, халықаралық стандарттарға сай етуді тапсырды. Сонымен қатар денсаулық саласына қатысты өзге де нақты тапсырмалар берілді. Үкімет сенімді ақтамаған медсақтандыру жүйесін жетілдіруге кірісуі, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруы керек. Пандемияның қайта күш алуына байланысты ведомствоаралық комиссияның қызметі, ревакцинация науқаны жандандырылады. Індет өршісе шектеулер қайта оралуы ықтимал. Күзде кадрлық шешімдер қабылданбақ Отырыста Үкіметтің басымдықтары қатарында ақша-несие және салық-бюджет саясатын жетілдіру де аталды. Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне банктерді экономиканың нақты секторын несиелендіруге тартудың тетіктерін, ынталандыруларды түзу жүктелді. Төртінші басым міндет – экономиканың нақты өнім өндіретін секторларын қолдау. Ресейдегі 1 400-дей ірі шетелдік компанияның жартысынан астамы қызметін тоқтатты не толығымен кетті. Осыған орай Қ.Тоқаев Үкіметке оларды Қазақстанға релокациялау үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Бұл орташа және жоғарғы өңдеу сатыларындағы тауарлар өндірісін өзімізде жолға қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Үкімет өңдеу өнеркәсібі саласында инвестжобалардың пулын дайындап, инвесторлармен бірге қолға алуы қажет. Ел Президенті геологиялық саланы, жер қойнауын игеруге инвестицияны ынталандыру мәселелерін назардан тыс қалдырғаны үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады. Салада айқындық жоқ, мәселе-мәмілелер бұрынғыдай кулуарда шешіледі. Геологиялық ақпаратқа қол жеткізе алған аз шоғыр тұлға содан баюда. Үкімет геологиялық ақпаратты ашық ететін Минералды ресурстардың циерлы деректер банкін құруға бірнеше жылдан бері уәде етіп келеді. Ақша да бөлінген, міндет түрлі сылтаумен орындалмады. Мемлекет басшысы мұның астарында не кәсіби біліксіздік, не қасақана саботаж жатуы мүмкін деген күдігін жеткізді. Сөгіске сондай-ақ киіктер ықпал етіпті.
– Киіктер қазақтар үшін киелі жануар. Соған қарамастан табиғи ортадан 80 мың ақбөкенді алып қою, яғни өлтіру ұсынысы қоғамдық талқылауға шығарылған. Бұл – шетін шара. Басқа да әдістері болса керек. Мамандармен ақылдасыңдар. Әрине, ақыр соңында осы шараға жүгінуге тура келуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Бірақ бұл шараға басқа амал қалмаса ғана барған жөн. Бұл мәселеге кәсіби тұрғыдан келу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал Бағдат Мусин цифрландырудың шабан жүріп жатқаны үшін ескерту алды. «Жұмысыңызды қанағаттанарлықсыз деп танимын, Премьерді жайсыз жағдайға қалдырып отырсыз!» деді Мемлекет басшысы. Салаға жүздеген миллиард қаржы шығындалуда, қайтарымы шамалы. Үкіметтің басымдықты міндеттеріне сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік; квазимемлекеттік секторды реформалау, ұлттық компаниялардың тиімділігін арттыру және олардың әкімшілік шығыстарын қысқарту; халықтың осал топтарын қолдау, жыл соңына дейін Отбасының цифрлық картасын және Әлеуметтік әмиянды іске қосу; автожол инфрақұрылымын, кө­лік-транзит әлеуетін дамыту жатқызылды. Сөз соңында Қ.Тоқаев Үкіметке қазіргі күрделі кезде босаңсымауды тапсырды. Орнында қалғысы келсе, Премьер мен министрлер жұмыс қарқынын күшейтуі, жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штабқа нақты реформаларды ұсынып, жүргізетін басты мекемеге айналатын болады. Мемлекет басшысы күзге қарай кадрлық шешімдер қабылдау керек болатынын ескертті. Президенттік тапсырмалар орындалмаса, Үкімет немесе бірқатар министрлер отставкаға кетуі де ықтимал.