Қазақстанның Қытай, Үндістан, Иран азаматтарының 2 апталық сапарларына визасыз режим енгізуі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. «Елде қытайлар мен паранжа кигендер қаптайды» деп алаңдаушылық білдіретіндер де көп. Дегенмен сарапшылар қарапайым халықтың бұл қаупі негізсіз деген пікірді қуаттайды. Сонда да болса коронавирус инфекциясы қайта өршіген тұста Үкіметтің мұндай қадамға барғаны белгісіз. Әрі турист болып келген шетелдіктердің кейін осында қалып, мигрантқа айналып кету қаупін де жоққа шығаруға болмайды.
Саяхатшылардың келу саны шектеледі
Қазақстанда Иран, ҚХР және Үндістан азаматтары үшін 14 күндік қысқамерзімді сапарларға визасыз кіру тәртібі енгізілгені белгілі болды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Үкімет қаулысымен «қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастырып, іскерлік байланыстарды жандандыру және елдің туристік әлеуетін одан ары жүзеге асыру» үшін Иран Ислам Республикасының, Қытай Халық Республикасының және Үндістан Республикасының азаматтары үшін визасыз кіру тәртібі енгізілді.
Сыртқы істер министрлігі шешім аталған шетелдердің азаматтарына Қазақстан аумағында 14 күнтізбелік күнге дейін, 180 күнтізбелік күнді қамтитын әрбір кезең ішінде жалпы алғанда 42 күнге дейін визасыз болуға мүмкіндік беретінін хабарлады. Бұл ретте 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 57 шет мемлекеттің азаматтары үшін де Қазақстанға визасыз кіру тәртібі қайта қалпына келтірілген-ді.
Бұған ІІМ-нің Көші-қон қызметі комитеті түсініктеме берді. «2022 жылдың 8 шілдесінен бастап Қазақстан Үндістан, Иран және Қытай азаматтарына біржақты тәртіпте визасыз режим ашты. Үндістан мен Қытай үшін бұрынғы 72 сағаттық визасыз арнайы транзиттік режим күшін тоқтатты. Жаңа визасыз режим шарттарына сәйкес, үш ел азаматтары Қазақстанға шекарадан өткен сәттен бастап 14 күнтізбелік күнге дейін визасыз кіріп, жүре алады. Іскерлік, жеке және туристік мақсаттағы саяхаттарға рұқсат етіледі» делінген комитет хабарламасында.
Ведомствоның түсіндіруінше, осы елдердің азаматтары бұл мүмкіндікті бірнеше рет пайдалана алады. Бірақ визасыз режимде Қазақстанда болу мерзімі 6 ай ішінде жалпы саны 42 күннен асып кетпеуі тиіс екен. Яғни, жарты жылда Қазақстанға визасыз 3 рет келуіне болады.
Бұл хабар қоғамдық пікірді екіге жарды. Саясаттанушы Марат Шибұтовтың байламынша, бұған билікті мұқтаждық итермелеп отыр. Қазақстандық туризм пандемия кезінде күйреуге жақын қалды. Қазір де шетелдік саяхатшылардың елге ағылып жатқаны шамалы. Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанға 2018 жылы – 8,8 миллион турист келсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 950 мыңға дейін құлдыраған.
Осылайша, көп жыл өткен соң Қазақстан 2 апталық сапарлар үшін Қытай, Үндістан, Иран азаматтары үшін виза алуды жойып отыр. Бұл ретте Еуропалық одақ елдері мен АҚШ азаматтары үшін виза алу бізде 2014 жылы жойылғанын атап өту керек. АҚШ-тан бізге туристер қаптап келеді деу қиын. Ал Үндістан, Иран, Қытай туристерін тарту үшін өзге елдер өзара бәсекеге түсіп жатыр. Мысалы, оларды Түркияда көп ұшырастыруға болады. Қазіргі дағдарысты шақта Қазақстанға мұнай-газ секторына ғана иек артпай, экономиканы әртараптандыруға көшкен абзал. Сондықтан ақылға қонымды бетбұрыстар жасала бастады», – деді сарапшы. Оның пікірінше, үш елге қатысты шешім отандық туризмнің дамуына тың серпін береді.
Турист кейпіндегі келімсек
Әйтсе де, бұл қадамға күмәнмен қарайтындар да жетерлік. Отандық турфирманың менеджері, экономист Гүлмира Ақайдар аталған елдердің азаматтары үшін Қазақстан тартымды туристік бағыт саналмайтынын айтады. Олар негізінен АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Корея, Тайвань, Жапония, Гонконг, Тайланд, Сингапур, Вьетнам, Малайзия мен Индонезияны таңдайды. Қазақстанға келетіндері 500 мыңға да жетпейді. Ал ирандықтар Түркияға, Араб елдеріне сапарлауға құмар, өйткені ағылшын тілін де біле бермейді. Маман ұқсас тәжірибе бұған дейін болғанына назар аудартты: 2018 жылғы сәуірден бастап, Үндістан мен Қытай туристері үшін алғаш рет 72 сағаттық визасыз режим енгізілді.
«Алайда әлемдегі халқы ең көп осы екі елден бізге туристер миллиондап ағылған жоқ. Біріншіден, визасыз режим тек транзиттік туристерге берілді. Яғни, визасыз жүру үшін Қазақстан арқылы басқа елге ұшып кететінін растайтын құжаттарын, билетін көрсетуі керек. Екіншіден, визасыз режимді пайдаланған туристер Қазақстанға кіре сала, ары қарай транзитпен ұшуды тарс ұмытып, елде қалып қоймауына, бытырап тарап кетпеуіне солардың құжатын рәсімдеумен айналысқан туристік ұйым жауапты деп белгіленді. Бұған турфирмалар қарсы болды. Қытайлық, үнділік әр туристің соңынан жүгіртіп қоятындай қаптаған командамыз, күзетшілеріміз жоқ. Содан бұл жаңа тетік ішкі туризммен айналысатын ұйымдар арасында сонша танымал бола алмады», – дейді сала маманы.
Соған қарамастан, Үкімет осы екі ел азаматтарына арналған 72 сағаттық визасыз режимді 2020 жылға ұзартты. Бірақ ол жылы пандемия басталып, шекаралар жабылды. Ол режим анабиоз күйіне көшті. Қазір оны 14 күндік визасыз режиммен ауыстырылды. Бұл жолы елге кіріп алған соң, 2 апта өтсе де кетпеген жатжұрттықтар үшін турфирмалар жауапқа тартылмайды. Ол енді құқық қорғау органдарының бас ауруына айналатынға ұқсайды. Қазақстандықтар осы үш елдің мигранттары қысқа визасыз режимді заңсыз іс-әрекеттер үшін қолданады, заңсыз еңбек мигранттарының легі артады деп қауіп білдіреді. Мысалы, көрші Қытай елі ұзақ жылдан бері өз азаматтарының Қазақстанға визасыз, емін-еркін кіріп-шығуына жол ашуды қолқалап сұрап келді.
[caption id="attachment_205862" align="aligncenter" width="1229"]