Үзілмес үміттің үйі
Үзілмес үміттің үйі
© коллаж: Әсел Балтақызы
430
оқылды
Біздің елде күн сайын шамамен 145 адам отба­сын­да түрлі деңгейдегі зор­лық-зомбылыққа тап бола­ды. Ресми статистика осы. Ал – ішкі істер орган­да­рына шағымданбаған, сыр­ты бү­тін көрінгенімен, іші түтін шаңырақта өмір сүріп жат­қандарды қоссақ, көрсеткіш бұдан да қор­қы­нышты бол­ғалы тұр. Бү­гін­де Қазақ­стан­да үйдегі жа­қындарынан зәбір көрген әйелдер мен балаларға ар­налған 31 дағ­дарыс ор­талығы жұмыс іс­тейді. Жа­қында астанадағы сондай мекемелердің бірі – «Үміт» дағдарыс орталығы­на ба­рып қайттық. Қала­ның шет­­керірек тұсында орын тепкен бұл ғимарат бізге шарасыз қыз-келіншек­тер­ді өмірдің әділет­сіз­дігінен қорғап қалатын арал тәріз­ді көрінді. Аты да дәл қо­йылған екен – әне-міне жалп етіп сөнгелі тұрған үмітті сақтап, қайта маздатып беретін үй... Әкем де, күйеуім де аямады Журналист екенімізді естіген орталықтағы әйелдер ә дегеннен сұхбат беруден бас тартты. Оған түсіністікпен қарадық. Онсыз да қажып жүрген адам құлшынып қайбір ашылғысы келеді дейсің?! «Бәлкім, сіздердің хикаяларыңыз замандастарыңызға, сіңлілеріңізге ой салар, сабақ болар» дегенімізде, Құралай (есімі өзгертілді) есімді жүкті келіншек өз жағдайын баян­дап беруге келісті. – Жасым 21-де. Мұнда өткен айдан бері тұрып жатырмын. Кү­йеуім әкеліп тастаған, – деді ол. Біз орталықтағы әйелдерді кө­біне күйеуінен қысым көргендіктен келеді деп ойласақ, қателесіппіз. Кей­де «абьюзер» деген анықтауыш ата-анаға да, енеге де, бауырға да қатысты қолданылатын жағдайлар болады екен. Оны біз Құралайдың оқиғасын естіп түсіндік. – Бала күнімнен әкем анам мен үйдегі үш қызға күн көрсетпейтін. Үйдегі ең еті тірісі мен болдым. Өзім ІІІ топтағы мүгедекпін, бірақ «жұмысқа жарамды» деген анық­тама алып, колледж бітірген соң жұмыс істедім. Тәп-тәуір жалақы алдым. Әжемнің қолында өскен соң ба екен, анаммен арамыз алыс­тау болды. Әжем қайтқан соң, үй­дегілермен қарым-қатынасымыз мүлдем нашарлады: қосымша ай­налысып жүрген қолөнеріме рұқсат бермей қойды, жалақымның әр тиынына дейін сыпырып ала­тынды шығарды, үйде істеген еш тірлігім оларға ұнамайтын. «Мен сонша­лықты жаман адаммын ба? Нелік­тен менің бірде-бір жақсы­лы­ғымды көрмейді?» деп іштей қын­жыла­тынмын. Соның бәрі ашуыма тиді де, бір күні ойда-жоқта тұрмысқа шығып кетуді шештім. Сондағы ойым – осының бәрінен құтылу бо­латын. Сөйтсем қателесіппін, жағ­дай одан әрі шиеленісіп кетті, – деген Құралай осы сәтте дауысы дірілдеп, көзіне жас алды. Болашақ күйеуімен интернетте танысқан оны алғаш кездескен күні-ақ алып қашыпты. Жолдасы өзінен 14 жас үлкен болып шыққан. – Ол үйде енем араға түсе бе­ретін. Күнде ұрыс-керіс. Кейін бө­лек шықтық. Бірақ аяқтан тұрып кете алмадық. Жолдасымның тұ­рақ­ты жұмысы болмады, 1-2 күн құрылыста істеп келеді, одан кейін жалқауланып бармай қояды. Мен ақша табайын деп жұмысқа шығып едім, «үйдің шаруасына қара» деп оныма қарсы болды. Нанға ақша таппай қалған күндер де басы­мыз­дан өтті. Кейін аяғым ауырлады. Пәтерде жағдайымыз мүшкіл бо­лып кеткен соң сәбиіме бірдеңе бо­лып қалмасын деп, төркініме ба­рып тұрдым. Онда да қайбір ты­ныштық бар дейсің, әкем баяғы мінезіне басып, күнде жекиді. Бір күні үйден қуып шықты. Қайда сый­ғызарын білмеген соң жолда­сым осы орталыққа әкеліп тастады. Бір айдың ішінде бір-ақ рет соқты. Алда не істейміз десем, жарытып ештеңе айтпайды. Ажырасқым келеді. Бұлай белгісіздіктен қорқып өмір сүргім келмейді. Депозитімде осыған дейін тірнектеп жинаған 1,5 миллиондай ақшам бар, тым бол­маса соны шешіп, осы орталықтан шыққан соң пәтер жалдап тұрар­мын. Аман-есен босанып алсам екен. Әзірге өз ойымды жинақтап, алдағы жоспарларымды нықтап алуға осындағы тыныштық жақ­сы көмектесіп жатыр, – деді кейіпкеріміз. Қорғансыздың күні «Үміт» дағдарыс орталығы 2013 жылы ашылыпты. Сол күннен бері оның қызметіне 2002 адам келіп жүгінген. Қазір 134 адам қызмет алып жатыр, оның 41-і – әйелдер, 93-і – балалар. Бұл жерге әйелдер өз тілегі бойынша да, ішкі істер, денсаулық сақтау, білім беру органдарының жолдамасы бойынша да орналаса алады. Мұнда түскен 72 сағаттың ішінде әйелдер мен олардың кәмелет жасқа толмаған балаларын медициналық тексерістен өткізіп, бос төсектерге жайғастырады, егер ана көпбалалы болса, оларға жеке бөлме береді. Дағдарыс орталығының әлеу­меттік жұмыс жөніндегі маманы Жұлдыз Баймағамбетованың ай­туын­ша, мекемеге келіп түскен әйел­дер – физикалық (94 пайыз) қана емес, сонымен қатар эко­но­микалық (97 пайыз), психология­лық (100 пайыз) және жыныстық (56,5 пайыз) зорлық-зомбылық көр­гендер. Араша сұрап келген­дер­дің 87 пайызы – қазақ ұлтының өкіл­дері. Ресми некедегілердің үлесі 55 пайыз болса, 21,5 пайызы азамат­тық некеде тұрған, 15,7 па­йызы ажы­расқан, 7,8 пайызы ата-анасы мен туыстарының қысымына ұшы­ра­ған. Жыл басынан бері орта­лық қызметіне жүгінген әйелдердің 15-і жоғары білімді, 13-і орта білімді бол­са, 7-еуінің орта кәсіби білімі бар, 2-еуі – студент, 1-еуі – магис­трант. «Әйелдер некедегі күйеуінен ғана емес, бұрынғы күйеуінен, аза­маттық некедегі серігінен, тіпті ата-анасынан, ата-енесінен, туыс­тарынан зорлық-зомбылық көріп жатады. Өкініштісі, әйелдер бас сау­ғалап осында тығылса да, дү­кенге немесе жұмысына шыққанда күйеуі, экс-күйеуі немесе серігі ізі­нен аңдып, көшеде соққыға жы­ғып кететін жайттар да болады. Біз­дегі бір келіншекті автобустан түскен бойда бұрынғы күйеуі ұрып-соғып, ол екі айдай ауруханада жат­ты», – дейді орталық қызметкері. Демек, бұл – қысымға ұшыраған әйел ешқашан толықтай қауіп­сіздікте болмайды деген сөз. От­басында зорлық-зомбылық көр­сеткен адамға қатысты шығарылған қорғау нұсқамасының күші небәрі 1 айға жетеді. Оны ұзарту үшін әйел ай сайын полицияға жүгініп оты­руға тиіс. Қорғау нұсқамасын бұз­ған жағдайда абьюзерге ескерту жа­салады немесе бес тәулікке әкім­шілік қамаққа алу шарасы қолда­нылады. Бар болғаны осы ғана. Әйе­ліне әлімжеттік көрсетіп, әді­летсіз күрес бастайтындардың аяқ-қолын тыймай, тайраңдауын тоқ­татпайтындары содан деп түйдік. Анасы – «мысық», әкесі – «қасқыр» Бағана айтқан 2002 адамның жартысынан көбі – анасымен еріп келген балалар. Қорлыққа тап бол­ған ересек әйтеуір қашса да, по­ли­цияға арыз берсе де, төркінін па­наласа да, бірдеңе қылып өзін қор­ғап алуға күші жетер дейміз. Мұн­дай ситуацияда ең дәрменсіз қала­тыны – бала. Бала тіпті өзін қор­ғамақ түгілі, сұмдық жайтты бастан кешіп жатқанын дұрыстап түсін­беуі де мүмкін. Кейде олар мұ­ның бә­рі­не өзін ғана кінәлі са­найды. Мұны бізге дағдарыс ор­талығының психологы Әсел Асыл­бекова айтты. «Балалар үйдегі ережеге берік. Үлкендер «айтпаңдар» деген нәр­сені тісінен шығармайды. Сондық­тан орталыққа анасымен бірге еріп келген балаларды ә-дегенде сөйлету оңай емес. Мен көбіне сурет салды­ру техникасын қолданамын. Әкесі анасына жәбір көрсететін отба­сының балалары көбіне өзі мен ана­сын мысық, күшік сияқты үй жануары етіп бейнелесе, әкесін қасқыр, жолбарыс сияқты жырт­қыштың образында салады. Кей балалар ата-анасын бейнелегенде, оларға көз, құлақ деген мүшелерін салмайды. Бұл «мені естімейді», «мені елемейді» деген жанайқайды білдіреді», – дейді ол. Психологтың айтуынша, үнемі анасын әкесінің қысымынан қор­ғап өскен бала ересек өмірге барға­нында өзі де сол сценарийді қай­талауы мүмкін. «Себебі бала үнемі «құтқарушы супермен» болып үйреніп қалған. Оған анасы риза болады, алғыс айтады, айтқанының бәрін орын­дайды. Мұндай бала көбіне бола­шақта бейсаналы түрде анасының образындағы әйелді іздейді. Егер жұбайы ондай болмай шығып, оған қарсы келетін болса, үйреншікті рөлін атқара алмағандықтан, қа­һарына мініп, оған күш көрсетуі ық­тимал», – дейді Әсел Асылбекова. Алдағы күнді айтпағанның өзін­де әлгі әкелер әр баланың ең үлкен бақыты – алаңсыз балалық шағынан айырып жатқанының өзі не тұрады?!  
ТҮЙІН: Дағдарыс орталығы әйелдерге уақытша баспана болып қана қой­май, оның бұдан арғы өміріне қам­қорлық танытып, бір жыл бойы хал-жағдайын біліп тұратыны қуант­ты. Одан бөлек, бұл ұйым келін­шек­тердің аяқтан тұруына – жұмысқа орналасуына, арнайы білімі жоқ болса курстардан өтуіне, құжаттарын дұрыстауына, денсаулығын түзеуіне, үй алуына көмектеседі. Мәселен, биыл орталыққа жүгінген 1 әйел «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасымен, 2 әйел «Отбасы банктен» пәтер рәсімдесе, 3 келіншек тігін курсын тә­мамдап шыққан, 8-і жұмысқа орналасқан, 1 әйел мерзімі өтіп кет­кен төлқұжатын қайта жасатқан, 5 келіншектің балалары тегін бала­бақшамен қамтамасыз етілген. Осы­лайша, бұл орталық құдды бір солғалы тұрған гүлдің топырағын ауыстырып, су құйып, қайта басын көтерткендей, әйелдердің де түскен еңсесін тіктетіп, үмітін жалғайды.
  P.S. Дағдарыс орталығына 49-78-89, 8-707-336-20-36 телефон нөмірлері арқылы жүгінуге болады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ