Абай өңірі айтарлықтай өзгерді
Абай өңірі айтарлықтай өзгерді
297
оқылды
Соңғы 7 жылда Шығыс Қазақстан өңірі адам танымастай өзгермесе де, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы алға жылжып келеді. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәсли­хатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов осылай деді. Айтуынша, аймақта айналдырған жеті жылдың өзінде ғана 2 трлн теңгеден астам инвестиция салынған. Аймақ басшысы сөзін алдымен Шығыс Қазақстаннан бөлініп шыққан Абай облысы­ның құрамына енген қалалар мен аудандарды әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін жүр­гізілген жұмыстарды қысқаша баяндаудан бас­тады. Айталық, соңғы 7 жылда Абай өңі­ріне 2 трлн теңгеден астам инвестиция са­лы­ныпты. Бұл ШҚО бойынша инвестицияның жалпы көлемінің 53 пайызы. Ауқымды жо­балар да кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Мәселен, қуаты жылына 50 млн тонна мыс кені болатын Ақтоғай тау-кен байыту комби­натының екінші кезеңі қолға алынған. Оның инвестиция көлемі 760 млрд теңгені құраса, жылына 2 млн тонна алтын кенін өндіретін Бақыршық тау-кен байыту кәсіпорнының инвестициясы 134 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ Семей қаласында өсімдік майын өндіру бойынша қуаты 300 мың тонна май-экстрациялық зауыты да жұмыс істеп тұр. «Абай өңірі бойынша өнеркәсіп өндірісі көлемін 5 есеге, ауыл шаруашылығын 2,4 есе­ге арттыру мүмкін болды. Шығыс Қазақ­стан облысының жалпы көлеміндегі Абай облы­сының өңірлік өнім үлесі 36 пайызды құрап, 1,9 трлн теңгеге жетті. Бұл 2015 жыл­мен са­лыс­тырғанда 2,3 есеге артық. Жан ба­сына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 2,9 млн тең­ге», – деді облыс басшысы. Сонымен бірге ол бюджеттік инвестицияның айтар­лық­тай өскенін жеткізіп: «2015-2022 жылдары облыс­қа республикалық бюджеттен 390 млрд теңге даму трансферті алынды. Оның ішінде Абай өңіріне 200 млрд теңге жұмсадық. Сон­дай-ақ облыстық бюджеттен қосымша 154 млрд теңге бөлдік. Сонда барлығы 354 млрд теңге бюджеттік инвестиция салынды», – деді. Бұдан кейін Шығыс Қазақстан облысы­ның әкімі Даниал Ахметов «әлеуметтік-эко­номикалық дамудың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді» деді. Қысқамерзімді эко­номикалық индикатор 107 пайызды құра­са, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 108%, ауыл шаруашылығы өнімі – 103%, инвестиция – 112%, құрылыс жұмыстары – 110%. Осының барлығы мемлекеттік бюджетке түсімді 1,6 есеге арттыруға мүмкіндік берген. Еңбек на­рығы да тұрақты дамып, соңғы екі жылда жұ­мыссыздық деңгейі 4,8%-дан асқан жоқ. Ал орташа айлық жалақы 125%-ға өскен. Соны­мен қатар өңірде тұрғын үй құрылысы да барынша дамып келеді. Жеті жылда 1,3 млн шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жал­пы облыстық көрсеткіштің 43 пайызын құ­рап отыр. «Кезінде Семей облысында 136 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылса, был­тыр Семей қаласының өзінде 243 мың шаршы метр үй қолданысқа берілді», – деді спикер. Аймақ басшысының айтуынша, халықты ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да айтарлықтай жүргізілді. 2015 жылдан бастап Абай өңірінде 40 млрд теңгеге 156 нысан пай­далануға берілген. Бұл орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 2 есеге арттыруға мүмкіндік берген. Бұдан басқа, Семей қаласының 223 шақырым жол желісі 18 млрд теңгеге жөнделіпті. 2018 жылы Семей қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту аяқталып, ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Ал Семей қаласының әуе­жайы бүгінгі күні архитектуралық тұрғыдан ең тартымды саналатынын айтқан әкім өңір­де әлеуметтік инфрақұрылым әлі де жоспарлы түрде дамып келе жатқанын жеткізді. Облыс әкімінің сөзінше, 2015 жылдан бастап Абай өңірінде 20 мектеп, 4 балабақша, 3 студенттік жатақхана, 17 мәдениет және спорт нысаны салынған. Денсаулық сақтау саласында да төрт ірі жоба іске асырылыпты. «Оның ішінде әлемдік стандарттарға сай келе­тін өте қызықты мәдени-спорт кешені бар. Бүгінде бұл ғимаратта көптеген спорт түрінен әлем чемпионаттарын өткізуге болады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 17 млн теңгенің 79 жобасына қол қойылып, 9,5 млрд теңге сомасына 11 жобаны іске асыру тиімді жалғасуда», – деп атап өтті спикер. Өңір басшысы облыс Еуропалық даму банкімен тұрақты жұмыс істейтінін айтты. Атап айтсақ, ЕДБ портфелінде Шығыс Қа­зақ­стан облысы республиканың барлық кө­ле­мінің 35%-ын алады. Бүгінде 13 млрд тең­геге сумен жабдықтау және су бұру, Семей мен аудан орталықтарын жарықтандыру іске асырылған. Шығыс Қазақстан облысының әкімі шекара маңындағы аудандар мен бұрынғы аудан орталықтарын жаңғырту да маңызды бағыт екенін жеткізді. Қазір Қытаймен шека­ралас, облыс орталығынан орта есеппен 400 шақырым қашықтықта орналасқан өңір­лер үшін халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жоспарлар қабылданып жатыр. Аумақтар арасындағы жағдайды теңестіруге 5 жыл ішінде 183 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде былтыр – 43 млрд, ал биыл облыстардың бөлінуін ескере отырып, 44 млрд теңгеге іс-шараларды іске асыру жос­парланып отыр. «Бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы бойын­ша 2021-2024 жыл­дары әлеуметтік-эконо­микалық жағдай­дың сапалы өзгеруіне 43 млрд теңге қарасты­рылған. Оның ішінде 2021 жылы жобаларды жүзеге асыруға 14 млрд теңге бағытталса, биыл 8 млрд теңге бөлінді. Шекара маңындағы аумақтарды және бұрын­ғы аудан орталықтарын дамыту жоспарларын іске асыру нәтижесінде 2 жыл ішінде 15 мың­нан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 9 спорт нысаны, 19 мың шар­шы метрге жуық тұр­ғын үй салынды. Бұдан басқа, 283 шақы­рым сумен жабдықтау жүйесі тартылса, 156 әлеуметтік нысан, 450 шақы­рымнан астам жол мен көше жөнделді. Биыл 7 су құбыры, 3 әлеуметтік нысан салы­нып, 12 нысан мен 177 шақырым жол мен көше жөнделеді», – деді аймақ басшысы. Сонымен қатар өңірде ішкі туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Жыл басынан бері салаға 5,4 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 1,5 млрд теңгесіне Катон­қа­рағай ауданының Өрел ауылында 250 орын­дық «Мұзтау «Эко-отелі» туристік кешені салыныпты. Бұдан басқа, 12 млрд теңге сома­ға 36 жобаны іске асыру басталған. Облыстағы оқу орындарына бөлінетін грант саны өскен. Гранттар негізінен ме­дицина, білім, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік қызметтері салаларындағы ма­ман­дарды даярлауға бөлінбек. 2017 жылдан бастап «Білікті маман» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтқан өңір басшысы «Оның негізгі мақсаты – өңірдегі мектептер мен колледж түлектерінің шетелдік жоғары оқу орындарына кетуін төмендету және облыс кәсіпорындарын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету» деп отыр. Сол үшін биыл да аймақтағы оқу орындарына грант бөлу жалғасады. Спикердің баяндамасынан соң әкімге сауал әдеттегідей қарша борады. БАҚ өкілдері табиғаты көз тартатын аймақта туризмді дамыту ойдағыдай емес екені туралы сауал тастады. Алайда өңір басшысы Алакөл көлінің даму бағыты өзгертілетінін жеткізді. Оның айтуынша, облыстағы Бұқтырма су қоймасындағы жағалауды дамытуға 17 млрд теңге бағытталды. Алдағы үш жылдың ішінде Бұқтырма су қоймасы еліміздегі кез келген үздік курорттық аймақпен бәсекелесе алатын деңгейге жетпек. Абай облысының орталығы болған Семей қаласына қатысты да сауал көп болды. Соның ішінде Даниал Ахметовтің жұмысына бай­ланысты Семей кәсіпкерлері тарапынан жасалған сынның қаншалықты шындыққа жанасатынын сұраған журналистерге аймақ басшысы айтылғанның ақиқат екенін көру үшін Семейге шақырды. Сол кезде ғана Семейдің әлеуметтік базасының қалай кеңейіп, қала қаншалықты көркейгеніне толық баға беруге мүмкіндік мол.