Биыл кіл мықтылар бақ сынайтын «Қазақстан барысы» додасында толағай тұлғалы Мақсат Исағабылов алтын белбеу мен тайтұяқты қанжығасына байлап, Сыр өңірінің мерейін асырды. Бұл көптен бері қазақ күресіндегі байрақты бәсекедегі жеңіске шөліркеген жергілікті жұртшылыққа теңдесі жоқ сый болды. Осы орайда алыптар сайысында топ жарған оғланмен сұхбаттасып, алдағы жоспарларымен бөліскен едік.
– Соңғы жылдары балуандар арасындағы басты бәсеке алаңына айналып үлгерген «Қазақстан барысы» турнирінде топ жару екінің бірінің қолынан келе қоймайды. Бұл жеңісіңізді ұзақ жылғы дайындық пен тынымсыз еңбектің нәтижесі дей аласыз ба?
– Негізі «Қазақстан барысы» додасы 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол кезден бастап «Қазақстан барысы» атанып, осы алтын тайтұяқты ұстап тұрсам деген арман, мақсатым болды. Әрине, мұндай жетістікке жету оңай болған жоқ. Сол арманыма қол жеткізу үшін осы уақытқа дейін тынбай еңбек еттім. Көп тер төктім. Қаншама қиын кезеңдерден өттім. Аллаға шүкір, еселі еңбегіміз текке кетпеді.
Негізі адам алға қандай да бір мақсат қойып, сол жолға барын салса, алынбайтын қамал жоқ екен. Соған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Сонда да болса «Қазақстан барысы» оңай емес. Осы орайда Қызылорда облысы әкімдігінің, облыстық мәдениет және спорт басқармасының да қолдауын айта кеткен абзал. Мен үшін алаңдап, әрдайым дұға тілеп отырған ата-анамның, маған сенім білдірген халқымның қолдауы да жігерлендірді.
– Дәл осы байрақты бәсекенің ең алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұлдан кейін Сыр өңірінен «Қазақстан барысы» шыққан жоқ. Бұл да балуан ретінде жауапкершілігіңізді еселей түскен шығар...
– «Қазақстан барысы» атану бір басқа да, оны абыроймен алып жүру мүлдем бөлек әңгіме. Қазақша күрестегі ең биік шыңды бағындырсақ та еркінсуге болмайды. Керісінше, бұрынғыдан да жоғары қарқынмен жаттығуға кірісіп кеттік.Келер жылы да осы чемпиондық атақты сақтап, тағы бір алтын тайтұяқ пен белбеуді қанжығаға байлау ойда бар. Бір сөзбен айтқанда жауапкершілік еселене түсті.
– «Қазақстан барысына» дейін қандай турнирлерде үздік атандыңыз?
– Бұған дейін көптеген дүбірлі додаларда бағымды сынадым. Оның ішінде 2019 жылы «Әлем барысы» абсолюттік әлем чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Азия чемпионы атандым. Республикалық «Үздіктердің үздігі» атты 8 балуанның арасындағы турнирдің жеңімпазы болдым. Сол сияқты самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін.
– Шынында бұл жолғы жеңісіңіздің жөні бөлек. Осы додадағы сіз үшін ең мықты қарсылас кім болды? Кіммен белдесу қиын болды?
– Биылғы «Қазақстан барысына» еліміздің әр аймағынан 5000 үміткерден іріктеліп, әр облыстан 2 балуаннан 36 балуан ақтық айқасқа жолдама алды. Осы 36 балуанның әрбірі «сен тұр, мен атайын» дейтін шетінен мықты жігіттер. Оның бірі мықты, екіншісі әлсіз деп айтуға келмейді. 36 балуанның арасында Әлем, Азия чемпионаттарында және осы «Қазақстан барысында» топ жарған балуандар бар. Мәселен, Мұхит Тұрсынов «Қазақстан барысы» жобасының 2014 жылғы жеңімпазы болса, Ерасыл Қажыбаев осы турнирде екі рет күміс жүлде алған. Ақтық сын үшін белдескен қарсыласым Ғалымжан Қырықбай да былтырғы додада күміс жүлдегер атанған. Финалда жолымыз түйіскен Нұрдәулет Жарылғапов та әлсіз қарсылас емес. Былтыр «Белбеу» күресінен әлем чемпионы атанып, «Қазақстан барысында» қола жүлдеге иелік еткен.
– Мықты спортшының жетістігі тынымсыз еңбек пен талапшыл жаттықтырушыға байланысты. «Қазақстан барысын» баптаған бапкерлеріңіз туралы білгіміз келеді...
– Мұнда мені бала күнімнен баптап, бүгінге дейін қазақша күрестің қыр-сырын үйретіп жүрген Болатбек Кенеевтің есімін асқан құрметпен атап өткім келеді. Өзім туып-өскен Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі қай баланы алсаңыз да бір бүйрегі қазақша күреске бұрып тұрады. Олардың дені Әділбек Серікбаевтай ағайдың тәлімін көргендер. Мен де сол кісіден күрестің әліппесін үйрендім деп айта аламын. Қызылорданың күрес мектебін жоғары деңгейге жеткізуге күш салған Садық Мұстафаев та бапкер ретінде қалыптасуыма еңбек сіңірді.
Спортшының жетістігі тынымсыз жаттығу мен білікті бапкерден бөлек ата-анасына, жанкүйерлеріне де байланысты екенін айтқым келеді. Осы турнирдегі әр белдесуімде қызылордалықтардың қолдауын сезіндім. Сондықтан да бұл менің ғана емес, тұтас Сыр еліне, тілеулес жандардың баршасына ортақ жеңіс деп білемін.
– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз? Екі дүркін, үш дүркін «Қазақстан барысы» атанып, жанкүйерлеріңізді қуантқыңыз келмей ме?
– Әрине. Қазіргі таңда алтын белбеу мен тайтұяқты Сыр жұртшылығына екі-үш мәрте тарту үшін дайындыққа қайта кірістім. Сондай-ақ «Әлем барысының» алтын белбеуін де тағынып, жанкүйерлерімді тағы бір қуантсам деймін.
– Әңгімеңізге рақмет! Жеңісті сәттеріңіз көп болсын!
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы