Сот орындаушының көздегені не?
Сот орындаушының көздегені не?
438
оқылды
Ақпанның жетісі күні ақпарат агенттіктерінің бірі «Алимент төлемегендердің мүлкін тәркілейтін болды» деген тақырып қойып, мақала жариялады. Онда заңға түзетулер енгізу жөніндегі Мәжілістің жұмыс тобының отырысында Республикалық сот орындаушылар пала­тасының басқарма төрағасы Ернар Ибраевтың ұсынысы келтіріліпті. Жазбаға сенсек, ол Азаматтық процестік кодекстің кей шарттарына өзгеріс енгізуді сұраған. Отырыста Ерлан Ибраев: «Атқа­рушылық іс жүргізу және сот орын­даушыларының мәртебесі туралы» заңның прин­циптерінің бі­рі – іздестіру көлемі. Яғни, ұсақ әкімшілік айыппұл үшін заң құны миллионнан аса­тын мүлікті тәркі­леу­ге тыйым са­лады. Екіншіден, сот орындау тәсілі мен сомалық бөлігін бо­рышкердің мүлкінен өндіріп алу­дың қаншалықты заңды, қан­ша­лықты мөлшерлес екеніне баға береді», – деді.  

СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРДЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ

Палата төрағасының бұл сөзіне қарап сот орындау­шы­лары өздерінің қазіргі мәрте­бесін көтеруге, құзыретін артты­руға тырысып жатыр деп ойлауға болады. Бір қарағанда бәрі түсі­нікті сияқты. Алайда бұл нақты қандай өзгеріс туралы ұсыныс екені әлі де беймәлім қалды. Сон­дықтан істің мән-жайын анықтау үшін сол күні Мәжілісте өткен жұмыс тобының отырысын бас­қар­ған Заңнама және сот-құқық­тық реформа комитетінің хатшы­сы Светлана Бычкова ханымға хабарластық. – Аталған мәселелер жеке сот орындаушыларының респуб­лика­лық палатасы тарапынан проб­лемаларды шешуге көзқарасы ғана. Ол өз жос­парларымен бө­лісті. Қазіргі уақытта мұндай ұсы­ныстар жұмыс тобының қарауына жазбаша түрде келіп түскен жоқ. Нақты жазбаша ұсыныстар түскен жағдайда, олар депутаттар мен аза­маттық қоғаммен жан-жақты тал­қыланатын болады, – деді С.Бычкова. Енді бұл нақты ұсыныс емес, сот орындаушысының пікірі екені түсі­нікті болды. Демек, әлі өзгеріс енеді деп кесіп айтуға ерте. Бірақ сот орын­даушылары кодекстің қай баптарына, қандай өзгеріс енгізіп, қандай құзы­ретке ие бол­мағы әлі де белгісіз. Сон­дықтан Республикалық сот орындау­шы­лар палатасына хабарласып, ұсыныстың мақсатын сұрадық. Республикалық сот орындау­шы­лар палатасының Аналитика бөлімі басшысы Ғалым Смағұлов: – Алиментке келетін болсақ, бұл мәтіннен бөлініп алынған болуы керек. Өткен аптада Парла­ментте екі өзгерту туралы сөз бол­ды. Олар – депутат Имашева мен Кесебаеваның ұсы­ныс­тары. АПК-тің 246 және 250-1-баптары туралы мәселе көте­рілді. Онда сот орындаушылары атқарушы құ­жаттардың, оның ішінде ат­қа­рушылық жазбаның, салық бұй­рығының не­гі­зінде өндіру амал­дарын қолдануға құ­қы жоқтығы мәселе ретінде көтерілді. Бүгінгі күні өндіру тек сот бұйрығымен немесе атқару парағы арқылы жү­зеге асады. Яғни, тек сот құжат­тары ғана қауқарлы. Бұл жерде Жоғарғы сот бірте-бірте судья­лар­дың жұмысын жеңілдетіп жат­қа­нын ескеру керек. Атқару құжатта­рының көптеген жаңа түрлері пай­да болды. Мысалы, нота­риус­тарға атқарушылық жазбаны жазу құқығын берді. Бірақ сот орын­дау­шысы осы құжаттың негізінде жыл­жымайтын мүлікті тәркілей алмайды. Өйткені АПК-нің қол­да­ныстағы 246-бабы бойынша бұл тек жоғарыда айтыл­ған екі құжаттың негі­зін­де жүзеге асады. Біз осы құжаттардың тізімін ке­ңейт­кіміз келеді. Мысалы, алимент­тік ке­лісім бойынша алиментін ала ал­май жүр­ген адамға қомақты қа­ражатты өн­діріп беру үшін бо­рыш­кердің жыл­жымайтын мүлкін тәр­кілей алмаймыз. Мәселе осы құзы­рет­ті енгізу туралы, – деді.  

НОТАРИУС СОТПЕН ТЕҢ ЕМЕС

Яғни, сот орындаушылары но­тариалды органдардың атқару­шылық жазбасын сот құжаттары­мен теңесті­руді көздеп отыр. Бұл нотариустар мен сот орындау­шы­ларының еркінсіп кетуіне жол аш­пай ма? Қазірдің өзін­де елеусіз қарызды желеу етіп, нота­риус ­жа­ғалайтын жандарды бопса­лаудың құралына айналып кетпей ме? Сот жұмысын жеңіл­детудің орнына жаңа істер жамап беруіміз мүмкін бе? Заңгерлердің көз­қа­расы қан­дай? Біздің сауа­лы­мызға жауап бер­­­ген заңгер Әлімжан Жұбатқанов. – Бұл даулы жағдайларды кө­бейтеді. Мысалы, кей адамдар сот­сыз нотариусқа барып атқару­шылық жаз­ба жазғызып алды делік. Сот орын­даушысының қо­­лында жаңағы құжат бар. Ол борышкер азаматтың шотын жа­уып, басқа да шаралар қолдануға құқылы. Ал нотариустар мемле­кет­тік орган емес қой. Жеке кәсіп болған соң өз пайдасын көз­дейді. Сондай-ақ нотариус ескертуді бір рет қана жі­беретінін назарда ұстау керек. Заң бойынша бұл хабарламаны алған адам келіспесе, он күннің ішінде қар­сы шағым жазуы керек. Ол кезде азамат іссапарда болса немесе ауырып жатса ше? Ал сот шешімін қайта қа­рауға болады ғой. Одан бөлек, нота­риусқа ескертуді екі тілде жіберу тура­лы ешқандай норма жоқ. Сон­дықтан әркім өзі­не ыңғайлы тілде хабарлай береді. Көбіне орыс тілінде тарайды. Ал оны алған адам орысша түсінбесе ше? Мем­лекеттік органдар болса екі тілде қызмет көрсетуге міндетті. Керек болса сот аудармашы шақырады. Сон­дықтан бұл өзгерісті ұсынбас бұрын жақсылап зерттеу керек. Алаяқтар мен арам пиғылды адам­дар мұны өз пай­дасына шебер қолданып кетуі мүмкін. Сосын жауапкершілік жағын қарас­тырған жөн, – дейді. Заңгер мен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысының ойы бір жерден шығып тұр. Мәселені жан-жақты талдап, салмақтап барып шешім шығармаса, бұл пайдасынан зия­ны көп заңға айналмақ. Ал мақа­ланың басында айтылған алимент мәселесіне келетін болсақ, Қазақ­станда шамамен 200 мыңнан астам адам алимент төлейді. Оның 14 мыңы төлеуден қиналып жүрсе, 6 мыңы мүлде төлемейді екен. Бұл 20 мың толық емес отбасы қар­жылық қиындық көріп отыр деген сөз. Осы проблеманың шешімі ре­тінде Әділет министрі Марат Бекетаев Мәжілісте борышкер­лердің қарызын ата-анасына төлеуді міндеттеу туралы ұсыныс тастаған болатын. Оның бұл ұсы­нысты тастауына алимент төле­мейтіндердің санының артуы мен Италияның тәжірибесі түрткі болған. Айтуынша, өз немересіне қамқор болу – ата мен әженің де міндеті. Сондай-ақ министр ел­дегі алимент төлемінің жағдайын жақсарту үшін арнайы қор ашуды ұсынып, оны 2020 жылдың бірін­ші тоқсанынан бастап іске қосуға болатынын айтты. Қаржыландыру көзі мен жұмыс істеу механизмдері ойластырылып жатыр.  

ШЕТЕЛДЕ БОРЫШКЕРДІ ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАЙДЫ?

Осы орайда, шетелдіктердің тәжірибесін мысалға келтіруді жөн көрдік. Германияда борыш­керлердің мүлкін тәркілеу, күштеп жұмысқа тарту, түрмеге қамау жа­залары қарас­тырылған. Канадада алименттен қаш­қандардың аң­шы­лық және балық аулауға беріл­ген лицензиясынан айырып, су­рет­терін интернетке жа­рия­лайды. Баласын қамтамасыз ет­пеген латвиялық жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Сондай-ақ авто­көлігін тіркеу мен техникалық ба­қылау талонын беруден бас тартады. Нидерланд пен АҚШ-та ажырас­қандар жұмысқа қабілетсіз бұрынғы жұбайын да қамтамасыз етуі керек. Ал төленбеген жағдайда түрмеге тоғытылады. Франция, Италия мен Әзірбайжанда да осындай жаза түрі қарастырылған.    width=Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ