Қазақстан Биатлоншылар одағының шешімімен Австрияда өтіп жатқан оқу-жаттығуда жүріп, тәртіп бұзған қазақстандық 4 спортшы Ұлттық құрама сапынан шеттетілді, – деп жазады pavlodarnews.kz. Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, Қазақстан Биатлоншылар одағының президенті Ермек Қизатовтың жетекшілігімен Одақтың тәртіптік комиссиясының кезектен тыс жиыны өткен. Аталған жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері қатысты.
«Комиссия Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан 4 спортшыны шеттетті. Олар биатлоннан өтетін республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстырылмайды. Атап айтар болсақ, Антон Пантов - 4 жылға, Тимур Куц, Владислав Витенко және Роман Еремин бір жылға спорттан шеттетілді. Спортшылардың барлығы жаттығу жиынынан қайтарылған. Шешімді қабылдауға биатлоннан ұлттық құрама бас бапкері Мақсат Шарановтың рапорты және спортшылар мен бапкерлердің түсініктемесі себеп болды. Сондай-ақ, Обертиллах қаласындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде команда мүшелері тұрақтаған австриялық қонақүйдің арыз-шағымы да назарға алынды», – деді ҚР ҰО комитеті.Шеттетілгендердің қатарында павлодарлық Антон Пантов пен Тимур Куц бар. Олар оқу-жаттығу өткізу үшін тұрақтаған қонақүйде алкогольдік ішімдік ішіп, жиһаздарды сындырып, тәртіп бұзған. Қазір осы оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары басталды.