Мусин «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсынды

Мусин «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсынды
© ulysmedia.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин кеше ғана Президент сынаған «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсынды, - деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Зерде» тобын реформалау бойынша жұмыс жылдың басында басталған болатын. Оның бірі - жүйелік интегратордың қызметі «Цифрлық үкіметті қолдау орталығына» берілді. Инновацияларды дамытудың бірыңғай экожүйесін құру мақсатында QazInnovations агенттігі мен Астана хаб технопаркін бір ұйымға, яғни Инновациялық технологиялар паркінің құрамына біріктіру арқылы оңтайландыру ұсынылады. Ал Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамын тікелей Цифрлық даму министрлігінің қол астына беріп, «Зерде» холдингін таратып жіберу ұсынылады. Осы үрдіс барысында холдингтің жобаларды іске асыруы бойынша тиісті материалдар құзырлы органдармен қарастырылып, зерделенетін болады», - деді Бағдат Мусин Үкімет  отырысында.

Министр Есеп комитетінің отырысында «Зерде» холдингінің қызметіне күмән келтірілгенін еске алды.

«Есеп комитетімен талқылау кезінде холдинг қажеттілігіне күмән келтірген болатын. Бұл ұсыныс квазимемлекеттік секторды реформалау тапсырмасына сәйкес келеді. Осылайша, жыл сайынғы әкімшілік шығындар үнемделеді, қажетсіз басқару деңгейін алып тастау және жауапкершілікті нақтылау сияқты оң нәтижелерге қол жеткізетін боламыз», - деді министр.

Еске сала кетсек, Президент  кеше «Зерде» холдингін сынға алған болатын.

«Менің ойымша, қанағаттанарлықсыз. Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырдым. Премьер-Министр цифрландырудың сақтаушысы ретінде бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек», - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.