Жұмыссыздар армиясы жасарып келеді
Жұмыссыздар армиясы жасарып келеді
Қазақстанда жастардың жұмыссыздық мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Кез келген елдің жастары модерн технологиялар қалыптасқан, жаңашылдық пен із­деніске жол ашатын жерде жұмыс істегісі келеді. Елі­міздегі жастардың басым бөлігі – жалдамалы қызмет­керлер. Ал өзін-өзі тұрақты, жүйелі жұмыспен қамтып отырғандар (18-29 жас) ел жастарының 23 пайызын ғана құрайды. Осыдан кейін «еңбек нарығына ілесе алмаған жастардың бойкүйездігі мен жоғары оқу орындары түлектерінің жұмыссыз қалуына не себеп?» деген сұрақ мазалайды.  

Еңбек нарығы ескеріле ме?

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің 2019 жылғы дерегіне сүйенсек, еліміздегі жұмыспен қамту меке­мелерінде жұмыссыз ретінде 170 мыңнан астам адам тіркелген, соның ішінде 68 мыңға жуығы жастар. «Жастар тәжірибесі» бо­йынша 30,7 мың оқу бітірген тү­лек жұмысқа орналасқан. Мектеп бітіруші түлектер мамандық таң­дауда қателесіп, соның салда­ры­нан еңбек нарығында сұранысы жоқ саладан жұмыс таба алмай жататын кездер де бар. Мысалы, Қазақстанда тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, сумен жаб­дықтау, кәріз жүйесі, қалдық­тарды жинау және бөлуді бақылау, жалпы өнеркәсіп саласында жұмыс күші жетіспейтіні, аталған бағытта жастардың аз екені анық­талған. Сәйкесінше, жастардың көпшілігі ақпарат пен заң сала­сын оқиды. Ал бұл мамандықтар қазақстандық еңбек нарығында аса қатты сұранысқа ие емес. Жастардың жұмыссыз жүруі­нің себебін жұмыс берушілер міндетті түрде тәжірибе талап ететінімен түсіндіреді. Жоғары оқу орнын жаңа аяқтап, қолына дипломын алған түлекте жұмыс тәжірибесі бола бермейтіні айт­паса да түсінікті. Әлеуметтанушы Баян Жүзікбайқызы еңбек на­ры­ғын есепке алмай, жұмыссыз жас­тардың санын көбейтіп алсақ, ел әлеуметтік-экономикалық құл­дырауға ұшырайтынын айтады.
– Жұмыссыздық – кешенді мәселе. Көбіне Еңбек кодексіне құқықтық өзгерістер қажет деп жатамыз. Оның негізінде колледж бен университеттерді бітірген жастарды мемлекет бірден жұ­мыс­пен қамтып, 3-5 жыл аралы­ғында тәжірибелі маман етіп шығаруы тиіс дейміз. Дегенмен бұлай міндеттеу арқылы мәселе шешіле қоймайды. Еңбек нарығы өзгеріске, ізденіске, жаңалық­тарға бейім жандарды ғана қа­былдайды. Мемлекет жастарды кәсіпкерлікке баулуды қолға алып жатыр. Бірақ жастар кәсіп бастауда қаражаттың болмауын, жалға алатын ғимараттың қымбат екенін, іс жүргізуде тәжірибесі аздығын айтады. Түптеп келген­де, жастар келешек мамандығына көз жұма қарап, еңбек нарығында қай саланың сұранысқа ие боларын ескермей қателесіп отыр, – дейді әлеуметтанушы.
 

Жастардың бойкүйездігі

Жастар жұмыссыздығының тағы бір себебі – бойкүйездік. Жастар арасында оқыған маман­дығы бойынша емес, күзетші бо­лып жұмыс істегенді құп кө­ретіндер де баршылық. Оған дәлел – әр мекемеге барсаңыз 30 жас шамасындағы зіңгіттей жігіт­тердің күзетші болып тұратыны. Жапонияда такси қызметі мен шағын мекемелер күзетіне жасы келген қарт адамдарды жұмы­л­дырады. Ал жастар өнеркәсіп, технологиямен айналысуы тиіс. Баян Жүзікбайқызының айтуын­ша, жұмыссыздықтың тағы бір себебі қоғамның дәстүрлі түсінік­тен ажырай қоймауында. 2019 жы­лы Жастар ғылыми орталығы жастар арасында «Сіз үшін ең бас­ты құндылық не?» деген тақы­рып­та сауалнама жүргізген. Жас­тардың 86 пайызы отбасы деп жауап берсе, 60 пайызы ең басты құндылықтардың бірі ретінде денсаулықты атаған. Тағы бір 31 пайызы достар (!) десе, біз айтып отырған еңбек нарығына байла­ныс­ты жастардың 11,1 пайызы мансапты құндылыққа жатқыз­ған. 10,7 пайызы ақша мен мате­риалдық игілікті, 8,7 пайызы өзі ұнатып істейтін қызықты жұмыс­ты құндылықтар қатарына қос­қан. Яғни, біздің дәстүрлі қоғам еңбек нарығына дайын емес деп айтуымызға негіз бар деген сөз. Өз кезегінде еңбек мәдениеті өнімділік пен сапалы қызметті талап етеді. Жұмыссыздық жас­тардың көңіл күйіне әсер етпей қоймасы анық. Осыдан кейін жастардың экстремистік және террористік топтарға еріп кету ықтималдығы артуы мүмкін.  

Диплом бар, жұмыс жоқ

Еліміздегі әрбір 10 студенттің 7-і ақылы оқиды. Жоғары оқу орнын бітірген 2 000-нан астам азамат жұмыссыз жүр. Жалпы, жұмыссыздар шеруін дизайн, химия, филология, стоматология мамандығын тамамдағандар бастайды. Білім беру ордалары еңбек нарығының сұранысына қарай маман даярлауы керек-ақ. Дамыған елдердің білім беру жүйесі өндіріс саласымен тығыз байланысты. Жастар жұмыс­сыз­дығы Нұр-Сұлтан, Алматы қала­сы мен Қарағанды, Түркістан об­лысында басымырақ. Нұр-Сұл­тан мен Алматы қаласында басқа өңірлерден келіп, жоғары оқу орнын аяқтаған жастардың 3/2 бөлігі қалып қояды. Ол жас­тардың барлығы тұрақты жұмыс таба алады дегенге сену қиын. 2019 жылы Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­тетін 4 527 түлек бітірген. Уни­верситет басшылығы жастардың көбі жұмысқа орналасқанын айтады. – Былтыр оқуды аяқтап, дип­лом алған жастардың 80 пайызға жуығы мамандығы бойынша жұ­мысқа тұрды. Кей факультет жас­тарының жұмысқа тұру үлесі 90 пайыздан асты. Олардың қа­та­рында филология, тарих, әлеу­мет­тік ғылымдар факультеті бар. Біз белгілі мекеме, кәсіпорын­дар­­мен келісім жүргізіп, жастар­дың еңбек тәжірибесін алуға, жұ­­мыс берушілермен тығыз бай­ланыста болғанын қадағалаймыз, – дейді университет басшылығы. Ал Астана медициналық уни­верситеті Қазақстан өңірлерін медициналық кадрлармен қамта­масыз етуде әлі де мәселелер барын жасырмады. – Былтыр оқу орны 1 000-нан астам жас маманды түлетті. Кө­біне медициналық кадрларға елі­міздің солтүстік аймағы мен ауылдардан сұраныс мол. 2019 жылдан бастап университет жас мамандарды кадр тапшылығын көріп отырған аймақтар мен ауылдарға 3 жылға жұмыс істеуге жіберіп отыр, – деп мәлімдеді. Шетелдік университеттер тү­лек­терін жұмыспен қамту үшін қазақстандық жоғары оқу орын­дары секілді кәсіпорындармен келісімшарт жасасып, семинар­лар мен бос жұмыс орындарының жәрмең­ке­лерін өткізеді. Айыр­машылық жоғары оқу орын­да­рының білім беру рей­тингі мен абыройында болып тұр. – Дамушы ел ретінде Қазақ­стан арнаулы кәсіби білімі бар мамандарға мұқтаж. Сол үшін арнаулы орта кәсіби білім беретін мектептерді дамытқан жөн. Жа­понияның 80 пайыздан астам халқы жоғары білімді. Егер сіз сол елге барып өмір сүретін болсаңыз, жоғары кәсіби білімді талап етеді. Барлығы елдегі еңбек нарығына байланысты болып тұр. Елімізде жоғары білім беретін универси­теттер көп, бірақ нағыз кәсіби мамандар аз, – дейді әлеуметта­нушы Баян Смағамбет.    width=Мадияр ТӨЛЕУ