Cананы төңкерген соққы
Cананы төңкерген соққы
214
оқылды
Ақпан айы келсе, Гол­ливуд­қа елеңдейтініміз анық. Елеңдейтін де жө­ні­міз бар: киногер қа­уым көз тіккен «Оскар­дың» да  дү­бі­рі сезіле бастайды.  Осы жолы оңтүстік­корея­лық «Па­разиттер» фильмі­нің бағы жанды. Төрт бір­дей «Ос­карды» қанжы­ға­сына бай­лаған бұл фильмнің артықшылығы неде? Рас, бүгінде әлеуметтік тақы­рып – өзекті. Ең әуелі фильм ата­уына тоқталсақ, биология тілінде «паразиттер» – белгілі бір организмнің екінші бір орга­низмді тіршілік ортасы ретінде пайдаланып, сонда өсіп дамуы, қоректенуі. «Паразиттер» филь­мін­­дегі басты кейіпкерлер де өлместің қамы үшін өзге адамның рөліне еніп, айласын асырмақ болады. Пицца қорабын сатып, нәпақасын тауып жүрген отбасы: әкесі, анасы, ұлы мен қызы. Ұл­дың жақын досы өзінің бай отба­­сындағы қызметін алмастыра тұруға өтініш жасайды. Ол оқы­тушы болып еңбек ететін. Жігіт не істейді? Оқыған, білім­ді жігіт­тің құжатын қолдан жасай­ды. Өзі өзгенің «образына» енген жі­гіт қарындасын, әкесі мен анасын тарта бастайды. Бір сәтте барлығы да қызметке ие болады. Ең қызығы, әуелі фильм комедия сияқ­ты еді, кейін драмаға айнал­ды, соңы трагедияға ұласты. Бір фильмде бірнеше жанрды кездестіруге болады. Қулық, сұм­­дық, алаяқтық... – ақыр аяғы «өмір сүру» факторы. Мұн­да­­ғы па­разит кім? Неге бұл фильм соншалықты көрермен сұра­ны­сына ие болды? «Оскарға» лайық өзге фильм болмады ма? Азия фи­льмдері алдыңғы планға шыға бастады. Бұл да дұрыс шығар. Дегенмен төрт бірдей жүлденің «Паразиттерге» берілуінен саяси астар іздегеніміз қалай?  

Үздіктердің үздігі

Кинотанушы Нәзира Рахман­қы­зы: «Егер бұл фильм төрт бір­дей жүлдені алып жатса, оған себеп бар секілді» дейді. «Оскарға» түскен фильмдердің осалы жоқ. Соған қарамастан, таңдау «Паразиттерге» түсіп тұр. Соңғы 20-30 жылда Азия фи­льм­дері жоғары деңгейге көте­рілді. Ким Ки Дук деген кәріс ре­жиссерінің фильмдері де үз­дік­тердің қатарында көрініп келеді. Куросава, Одзу, т.б. айт­паған күннің өзінде, бүгінгі жапон киносы да еш осал емес. Мәселен, өткен жылғы «Дүкен ұрылары» деген фильмін алайық. Сондықтан «Паразиттер» фильмі «Үздік фильм» болып жатса, оған таңғалуға болмайды. Бұл «Үздік халықаралық фильм» деген номи­нацияны да қатар алып отыр. «Үздік сценарий» мен «Үздік ре­жиссер» номинациясына осы фильм лайықты деп танылды» дейді киносыншы. Сонда биылғы үміткерлердің арасында бұл номинацияларға ие боларлық фильмдер болмағаны ма? Бұған киносыншының өз дәлелі бар. «Биыл қатысқан фильмдердің арасында «Отбасы хикаясы» мен «Бір күні... Голливудта» деген жақсы көркем туындылар бар. Олардың ешқайсысы да «Паразиттерден» кем емес. Бұ­­лар­дың әрқайсысы да «сен тұр, мен атайын» дейтіндей-ақ фи­льм­дер. Мәселен, «Отбасы хи­каясы» – отбасы туралы жақ­сы дүниелердің бірі. «Үздік фи­льм» номинациясына лайық фильмдердің бірі осы болар деген ой туып еді. «Джокердің» де көтерген жүгі жеңіл емес. На­ғыз әлеуметтік мәселеге кө­ңіл аудартып отыр. Рас, «Джо­кер­­ді» ойнаған актер «Үздік актер» атанғанын да құп көрдік. Нағыз лайықты жүлде өз иесін тауып жатса, қуанасың. Ал «Па­разиттердің» төрт бірдей жүл­дені алуы, шынында да, таң­­­­ғаларлық жағдай. Өйткені «Ос­кар» тарихында ағылшын ті­лін­де түсірілмеген фильм жүлде алған емес. Бұл – бірінші рет тарихта болып отырған оқи­ға. «Үз­дік халықаралық фильм» жүл­десін алып жүрген шығар, бірақ «Үздік фильм» номи­на­циясына ие болған емес. Демек, «Оскар» жүлдесі біртіндеп-біртіндеп Азия мемлекеттері түсірген фильм­дерге көңіл бұрып келеді деген сөз» дейді.
«Паразиттердің» үздік ата­нуы­нан саясат іздейтіндер көп. Неге? «Кез келген кинофестивальдің өз саясаты болады. Канн фес­тива­лінде бір жынысты адамдар­дың қарым-қатынасы туралы фильмге Гран-при беріп жі­бер­­ді. Осыған байланысты түр­лі пікірлер айтылғанын да бі­ле­міз. Әрине, «Паразиттер» фильмі­нің де «Оскар» алуынан саясат іздеген пікірлер кездеседі. Ас­та­рында саясат бар ма, жоқ па, бі­рақ фильм, шынында да, жақ­сы түсірілген. Бүгінгі күн­гі өзекті деген тақырыпты қозғап отыр. Әлеуметтік мәсе­ле, екі бірдей таптың арақа­ты­­­насының алшақтығы, бай мен кедейдің айырмасы – әлем­де бар тенденция. Былай қа­ра­саңыз, күнделікті өмірде бар нәрсе секілді. Алайда мұндағы «паразиттер» кім? Ақшасы бар, бақуатты отбасы ма? Әлде жертөледе өмір сүріп жатқан жандар ма? Фильмнен осындай бір нәзік иірімдерді байқайсыз. Режис­сердің айтуынша, фильм­дегі бақуатты отбасы да, кедей отбасы да «паразиттер», тіпті кез келген адам «паразит» болуы мүм­кін. Тіпті, олар өмір сүріп жат­қан қоғамның өзі де «паразит» болуы ғажап емес. Режиссер «мы­нау жақсы кейіпкер» не бол­ма­са «мынау жаман кейіпкер» деген ой таңбайды» дейді кино­та­нушы.
Аталған фильмнің жанры да таңдай қағарлықтай. Драма, коме­дия, тіпті трагедия деуге де не­гіз бар. Бір фильмде мұнша нәр­сенің тоғысуы мүмкін бе? «Әлеуметтік драма, комедия, трагедия, сатира – бір фильмнің өн бойында астасып, бір-бірімен қабысып, үйлесіп жатыр. Бірнеше жанрдың бір жерде ғажап үйлесуі фильм тақырыбының нәзік иі­рім­дерін сезінуге мүмкіндік бер­ген. Режиссер екі түрлі әлеу­мет­тік тап өкілдерін – кедей және бай отбасыларын бір ке­ңіс­тікте кездестіріп, тәжірибе жүргізгендей көрінеді. Ал «тәжі­ри­беден» көргеніміз – жаңағы екі түрлі кеңістіктің (бай мен кедей) бір кеңістікке айналуы еш мүмкін емес. Байқасаңыз, екі отбасы өзара бір-бірімен еш үйлесе алмаса да, әр отбасының ішкі өз татулығы, бауырмалдығы бар. Әсіресе, жертөледегі жұпы­ны өмірден әбден мезі болған отбасының «иығындағы жұпы­ны шапанын» шешіп, күннің көзі көбірек түсетін, бақуатты әлемнің «шапанына» ауыстыру үшін түрлі-түрлі амал-қулыққа баруының өзінде түйсік (подсоз­на­ние) деңгейіндегі бірін-бірі құптау, қолдау, өзара әрекет ету бар. Тіпті, өзгелерді алдап, түрлі қулыққа баруға арланбайды. Өйткені бұл – олар үшін «күн көзін» көрудің жалғыз жолы. Яғни, әлеуметтік теңсіздік жай­ла­ған «паразит» қоғамдағы «паразит» отбасының бейнесі ғой. Бірақ жақсы өмірдің «дәмін тат­қысы» келген отбасының кә­дуіл­гі адами тілегінің соңы қанды оқиғамен аяқталады. Сол баяғы «кім кінәлі?» деген мәңгілік сұрақ тағы да туындайды... Бірақ фильмнен әлеуметтік теңсіздік туралы көп шығармалардағыдай «анау кінәлі, мынау кінәлі» деген нақты жауапты таппайсыз. Ол фильмдердегі ауқатты отбасының дәстүрлі «жағымсыз», «қатігез» бейнесі мұнда кездеспейді. Демек, фильм әлеуметтік теңсіздіктен гөрі, адам баласының жақсы өмір сүруге деген ынта-тілегі тура­лы болуы да мүмкін. Бірақ олар неге жеңіледі әлде жертөле әу бастан маңдайына жазылған тағдыры ма? Шынында да, бұған кім кінәлі? Фильм, меніңше, осындай сұрақтарды қоюымен қызықты секілді», – дейді Нәзира Рахманқызы.  

Осындай әлеуметтік тенденция жүріп жатыр

Ал киносыншы Баубек Нөгер­бектің ойынша, «бұл тарих­та болмаған жағдай». Бұған дейін азиялық фильмдердің ішінде «Ең үздік халықаралық фильм» номинациясына ие болғандары бар. Бірақ төрт бірдей жүлде ал­ған фильм жоқ. «Ұлттық ерек­­шелігі, көркемдік деңгейі жо­ға­ры болған себепті де Азия фи­ль­мі үздік деп танылып отыр. Бірнеше жанрдың тоғысуы да бұл фильмнің үздік атануына себеп болған секілді. Ал тақырыптың дағдарысқа ұшырауы – бұл әлемдік фильмдерден де көрініс тауып жатыр. Жалпы, кино өнері айна секілді. Шындыққа, шынайылыққа ең жақын өнердің бірі фотоөнерін алар болсақ, ол бір сәттік сезімді бейнелеуі мүмкін. Онда қозғалыс, дыбыс, дауыс жоқ. Кино – бүкіл өнерді бойына сіңіріп алған. Көп материалды кино өнері көбіне өмірден алады. Мәселен, соғыстан кейінгі адам­дар­дың психологиясын неміс кинематографиясы жақсы берді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Италияда неореа­лизм пай­да болды. Ол да бір қы­зық ағым болды. Өйткені нео – жа­ңа, реализм – шындық де­ген ма­ғынаны білдіреді. Бұлар жа­ңа­ша шынайы дүниені жасағысы келді. Өйткені оған дейін пропагандалық фильмдер ғана болатын. «Біз керемет ұлтпыз» деген мағыналық фильмдерді көрсетті. Сол секілді жаңашыл дүниелер кино өндірісіне де дендеп келеді. Қазір әлемде әлеуметтік мәселелер ушығып тұр. Кино саласында да бұл тақы­рып негізгі планға шықты. Мұн­дай тақырыпты беру, тіпті Чап­линнен басталған десек те болады. Кино өнерінде кішкен­тай адамдардың «өмір» үшін күресі бұған дейін де болған, бұдан кейін де бола береді» дейді. Бұл әлемдік кинемато­гра­фияда бар құбылыс делік. Ал қазақ киносы ше? Бұдан шеттеп қалмады ма? «1980 жылдардың аяғында, яғни қайта құру заманы басталған тұста «Қиян», «Ине», «Балкон» секілді фильмдер түсі­ріл­ді. Әділхан Ержановтың фильм­дерінде де әлеуметтік сарын басым. Осындай бір әлеу­мет­тік тенденция, үрдіс жүріп жа­тыр десек, қателеспейміз», – дейді Баубек Нөгербек.  

P.S. 

 

Әр көрермен өзі ұнатқан фильмін «үздіктер» қатарынан көргісі келетіні ақиқат. Деген­мен соңғы кездері әлемдік кино­өн­дірісте «дағдарыс» бар секілді. Бірін-бірі қайталау басым. Жанр тапшылығы байқалады. Ал Пон Чжун Хоның «Паразиттері» осы олқылықтың орнын толтырды ма, жоқ па, оған көрермен баға бере жатар. Бір нәрсе анық – киноиндустрияда Азия фильмдер дүбірі басталған секілді.

   width=Гүлзина БЕКТАС