Баршаға мәлім, біз қоғамның қажеттілігіне және сұранысына, қарапайым халықтың мүддесіне негізделген Жаңа Қазақстанға бет алдық.
Осы орайда партиямыздың қызметін трансформациялау үрдісі оның жастар қанатында да жалғаспақ. Жастар қанатының трансформациясы бойынша белсенді жастардан мыңдаған ұсыныс түсті. Сол ұсыныстар негізінде ұйымның жаңғыру бағдарламасының жобасы әзірленді.
Зерендідегі съезд кезінде ұйымға «Жастар рухы» атауын беру туралы ұсыныс жасалды. Бұл атауды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, Партия Төрағасы Ерлан Қошанов та қолдап, съезд делегаттары да бірауыздан құптады.
Жаңарған атаумен «Жастар рухы» барша қазақстандық жасты елдің кешегін бағалап, ертеңін жарқын ету үшін нақты іс-қимыл жасайтын мықты азамат болуға шақырады.
Рас, Қазақстандағы миллиондаған жастың өз көзқарасы бар. Бірақ бізді елге, жерге деген сүйіспеншілік, Қазақстанның болашағы жолында адал еңбек ету мақсаты біріктіреді. Қоғам мен мемлекет өміріндегі кез келген өзгеріс жастарға байланысты. Сондықтан жастардың рухы ең әуелі ар-ұждан мен ақыл-парасатқа сүйенуі қажет деп білемін. Олардың бойынан Әділет, Білім, Адал еңбек, Еркіндік, Патриотизм секілді құндылықтардың сіңіргенін қалаймын. Сол арқылы жастар мұқалмас, қайсар рухқа кенеледі. Дәл осы ізгі қасиеттерді бойына сіңіре алған өрендер тарих көшінде елімізді дамудың даңғыл жолына шығарады. Міне, «АМАNАТ» партиясы жастар қанатының философиясы мен іс-әрекеті дәл осындай мазмұнға негізделген. Осы принциптерді басшылыққа ала отырып, трансформация бағдарламасын қолға алдық.
Құрамында 105 мың мүшесі бар партияның жастар қанатын қайта жаңғырту тек атау өзгертумен шектеліп қалмайды. Ұйым жұмысында жаңа бағыт, ауқымды өзгерістер болады.
Әрине, қандай болмасын ұйымдағы трансформация ә-дегеннен көзге көрінбейді. Біз өзгерістерді аймақтық филиалдарымыздың қызметін күшейтуден бастаймыз. «Жастар рухы» жастар қанатының барлық аймақта филиалы бар. Осы ресурсты дұрыс пайдалану арқылы, аймақтардағы жастарымыздың әлеуетін көтеруді жоспарлап отырмыз. Бұл іске ел аумағындағы 237 жастар ресурстық орталығын да тартамыз. Жоғары оқу орындарындағы, кәсіпорындардағы және өзге де ұйымдардағы жастар қанаты бөлімшелерінің қызметіне көңіл бөлінеді.
Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы