Сенаторлар аймақ тұрғындарымен кездесті
Сенаторлар аймақ тұрғындарымен кездесті
290
оқылды
Сенатор Дана Нұржігіт жұмыс сапары аясында Қызылорда облысының бірқатар өңірін аралап, жергілікті халықпен кездесіп, палата қабырғасындағы жұмыстар бағыты туралы баяндады. Ол Қазалы ауданына қарасты Лақалы ауылында болып, оның  жай-күйімен танысты. Депутат ауыл орталығында орнатылған «Құрмет алаңының» ашылуына және жаңадан салынғалы жатқан мешіттің алғашқы іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ сенатор ауыл тұрғындарымен еркін форматтағы кездесу өткізді. Сенатор Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Нұра және Шет аудандарының тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар Қарағанды, Саран және Теміртау қалаларындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Кездесу барысында депутат жерлестеріне палатаның заң шығару жұмыстары туралы жан-жақты айтып берді. Аудан тұрғындары өз кезегінде сенаторға байланыс пен интернетке қолжетімділік мәселелерін көтерді. Депутат азаматтарды толғандырған барлық сұраққа жауап беріп, көтерілген мәселелер мен ұсыныстар жеке бақылауға алынатынын жеткізді. Қалалардың әлеуметтік маңызы бар нысандарының қызметкерлерімен кездесуде сенатор консти­туциялық реформалар мен Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыруға бағытталған Парламенттің алдағы заң шығару жұмыстары туралы да айтты. Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Тараз қаласында сапарда болып, бірқатар нысанның жұмысымен танысты. Сенатор «Арай-2» шағынауданындағы әлеуметтік дүкенде, «Арай» және «Барысхан» тұрғын алқаптарындағы мектептерде, аудандық жылыту қазандығында (РК-4), 200 орынды онкологиялық ауруханада, 150 орынды оңалту орталығында, 15 шағынауданында және Талас өзенінің жағалауында болып, нысандардың жағдайымен танысты. Депутат мектеп, оңалту орталығы құрылыстарын және өзен жағалауын бекіту жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауға назар аударды. «Таразэнергоорталығы» АҚ-ның апатты жағдайдағы мұржасын жөндеу, аудандық қазандық маңынан қосалқы қазандық салу мәселелерін қарастыру керек екенін айтты. Сенат депутаты Ольга Булавкина жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында болды. Депутат Рулиха ауылындағы тауарлы-сүт фермасы мен  Пруггерово ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысымен танысты. Пруггерово ауылында болған кезде сенатор жалпы құны 464 миллион теңгеден асатын су құбыры құрылысының барысын көрді. Қазір құбырдың құрылысы аяқталуға жақын. Облысқа сапары барысында көтерілген түйткілді мәселелердің барлығын депутат бақылауда ұстауға уәде берді. Сенат депутаты Нариман Төреғалиев жұмыс сапары аясында Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының бірқатар елді мекенін аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиынға қатысушылар тұрғындардың түйткілді мәселелерін, сондай-ақ қабылданған бірқатар заңды талқылады. Сенатор Казталов ауданындағы Сарықұдық, Жалпақтал, Қараөзен, Жұлдыз, Казталовка ауылдарындағы білім беру нысандарының құрылыс барысымен және жолдардың жағдайымен танысты. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы жұмыс сапарымен Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында болды. Сенатор бақша дақылдарын өндіру барысымен танысып, Жайылма ауылының диқандарымен кездесті. Қарбыз өндірісі – ауыл тұрғындарының жыл сайынғы негізгі табыс көзі. Депутат бұл мәселелерді облыс диқандарымен талқылады. Ол сондай-ақ Сүттіқұдық ауылдық округіндегі 800 гектар жаңа суармалы жерді айналымға енгізуге арналған инфрақұрылым құрылысымен танысты. Жұмыс сапарының соңында жергілікті атқарушы органдармен кездесу барысында облыстың түйткілді мәселелері талқыланды. Сенат депутаты Сағындық Лұқпанов жұмыс сапарымен Атырау облысына келіп, бірқатар елді мекенді аралап, кәсіпкерлермен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Сенатор Махамбет ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралап, Ақжайық ауылында орналасқан ауданы 22 гектар болатын жылыжай құрылысымен танысты. Депутат Исатай ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, аудан орталығындағы жуырда ғана аяқталған 320 орындық мектеп құрылысымен де танысты. Сенатор кездесулер барысында өткен сессияда қабылданған заңдардың негізгі нормаларын жан-жақты түсіндіріп, палата қызметінің қорытындыларына тоқталды. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесі, жолдар, өңірдегі ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сенат депутаты Ләззат Қалтаева Алматы қаласына жұмыс сапары барысында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада болды. Сенатордың сапары көп жылға жалға алынған және жағдайы нашар кітапхана үйі туралы оқырмандарының өтінішіне байланысты болған еді. Ләззат Қалтаева сонымен қатар «ЕРЗИ» әлеуметтік-оңалту орталығының қызметін пайдаланушылармен де кездесті. Кездесуде арба пайдаланушыларға арналған қолжетімді ортаның мәселелері, оңалтуды техникалық құралдарымен қамтамасыз ету кезіндегі жекелеген әдіс-тәсілдер, сондай-ақ шипажай-курорттық емдеуге қол жеткізуге қатысты та­қырыптар талқыланды. Депутат өз сөзін­де көтерілген мәселелер жүйеленіп, алдағы сессия барысында депутаттық сауалдар әзірлеу мен заң шығару жұмыстары кезінде назарда болатынын айтты. Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің Байқоңыр, Есіл, Алматы және Сарыарқа аудандарындағы Полиция басқармаларында болды. Ол палатаның заңнамалық жұмысы туралы басқарма қызметкерлеріне айтып берді.  Атап айтқанда, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауапкершілігін арттыру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқықбұзу­шылықтар үшін жауапкершілікті күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша Сенат қабылдаған заңдарға егжей-тегжейлі тоқталды.