Жолаушылар тасымалына жүре қарауға болмайды
Жолаушылар тасымалына жүре қарауға болмайды
Кейінгі кезде автокөлікпен жолаушылар тасымалдау саласы тоқырауды бастан өткеріп жатыр. Такси бизнесінің 90 пайызы «көлеңкеден» шыға алмай жүр. Тариф те бұғауға көнер емес. Автобус тасымалының жағдайы мәз емес. Тіпті, ірі қалаларда қоғамдық көлік сирек жүріп, жұрттың жүйкесін жұқартып бітті. Автобус қатынамайтын елді мекендердің саны көбейді. Жаяу-жалпы еңку-еңку жер шалудан, жолақысын қалауынша қоятын таксистерге жем болудан шаршаған жұртшылық әр жерде наразылық білдіріп, жолды жауып жүр. Бұл дәл осы саланы реттеуге берілген «сигнал» болса керек. Автопарктер субсидияға ғана сенеді Таяуда Петропавл жолаушы­лар тасымалының проблемалары ушық­қан ошақтардың біріне ай­налды. OpenPetropavlovsk порталы­ның дерегінше, СҚО орталығында тасымалдаушылар бүкіл қоғамдық көліктің жұмысын доғаратынын айтып, қорқытқан. Тақымында төл «темір тұлпары» жоқ халық бұдан бірінші кезекте өзі сорлайтынын тү­сініп, тасымалдаушылардың со­йы­лын соғып, соларды қолдауға мәж­бүр. Жалпы, нарықтық эконо­ми­касы дамыған елдерде жеке ком­­паниялардың мәселесін мем­лекет шешпейді. Автобус парктері бюджеттен берілетін мол субси­дия­ға сүйеніп, миллиондап, мил­лиард­тап несие алған, енді демеу­қаржының кешігуінен уақытында төлемі жасалмаған несиелер со­масы өсіп шыға келген. Олар бо­рыш батпағында батып қалуына билікті кінәлайды. Әрине, нарыққа сілтеме жасап, жергілікті билік: «сау басыңа сақи­на тілеп алған өзің, ендеше тұйық­тан да өзің шық» деп қол сілтеуіне болады. Бірақ олай жасай алмайды. Себебі ауқатты капиталистік ел­дер­дегідей, қазақстандықтардың тұрмысы мен табысы жоғары емес, салдарынан әкімдіктер автобустар билетінің бағасын шектеуге мәж­бүр. Ал автопарктер жаппай бан­крот болмас үшін, сала инвестиция­лық тартымды болуы үшін бюд­жеттен субсидия беруге тура келеді. Петропавлдағы жағдай өзге қалалардағы мәселелерге ұқсас. Мұн­да субсидия бойынша қарыз жарты миллиард теңгеге жуық­таған. Қала әкімдігі тиісті төлемді төлеуден бас тартып отырған жоқ. Әкімдіктегілердің түсіндіруінше, берешек өткен жылдың соңында қордаланған. Бұл аралықта жанар-жағармай бағасы екі есеге өсіп шыға келді, сондай-ақ қосалқы бөл­шектер, басқа шығыс мате­риал­дары қымбаттады. Мұның бә­рі тарифке кіреді, ендеше субси­дия­лануы қажет. 2021 жылға бөлін­ген қаржы жетпеген. Әкімдік мә­селені тез шешу жолдарын қарас­ты­рып жатыр. Ал кәсіпкерлер жұ­мы­сын әзер жалғастырған. Біразы өзін банкрот деп жариялау жайын ойластырып жатқан көрінеді. Әйтпесе, қарыз сомасы өсе береді. Автопарктер жаңа автобустарын лизингке алған, енді келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орын­дай алмай, пұшайман күйге түскен. Мұндай түйткіл барлық дерлік қалада бар. Осы мәселе Үкіметте қаралды. Нәтижесінде, бірде-бір автобус паркі қызметін мемлекеттің қаржылық қолдауынсыз жүзеге асы­ра алмайды деген байлам жа­салды. Мемлекет саланы нарықтық айналымға жіберсе, барлық субси­дияны тоқтатса, билет бағасы күрт көтеріледі. Тасымалдаушылардың қалауынша қойылған жолақы ай­налып келгенде қарапайым жолау­шының қалтасын қағады. Сол себепті қоғамдық көлік қыз­метін субсидиялау әлеуметтік маңызды мәселе деп танылды және оны ары қарай да бюджет демейді. Барлық өңірде тасымалдаушылар мейлінше көп маршрут алып, кө­бірек субсидияға қол жеткізу үшін жаңа автобустарды да көбірек алуға тырысады. Сөйтіп, төл шама-шар­қын, мүмкіндіктерін есепке алмай­ды. Осыған орай «болашақта жер­гілікті тасымалдаушылар авто­паркін жаңалау бағдарламасына жергілікті әкімдіктің келісімін алып отыруы керек» деген ұсыныс-идея пысықталып жатыр. Жаһан­дық дағдарыс пен геосаяси дауыл­дар өршіген сайын қазақстандық бюджеттің де әлеуеті кемуі мүмкін. Соған қарамастан, билік жаппай тариф ұлғайтуға бара алмайды. Бұл бәрібір мәселені түбегейлі шешпес еді әрі әлеуметтік шиеленістің ушығуына әкеліп соқтырады. «Көлеңкеге» қашан күн түседі? Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігі секторда шешімін күткен мәселелердің қор­даланғанын растады. Ведомство­ның бағалауынша, қазір автокө­лік­пен жолаушыларды тасымалдау саласының жағдайы нашар. Бі­рін­шіден, Қазақстанда талаптарды сақтамау кесірінен жол-көлік оқи­ғаларының саны артты. Бас про­куратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда 13 940 жол апа­ты болды, онда 18 096 адам жарақат алды, мүгедек болып қалды. 2 270 адам қайтыс болды. Оның алдында, 2020 жылы 13 515 жол-көлік оқи­ға­сы тіркелген (2019 жылы – 16 614), онда 19 841 адам (2019 жылы – 24 585) зардап шекті. Соғыс бол­маса да, бейбіт күнде жолда жүрген отандастарымыз көп қайтыс болып жатыр. ІІМ биыл да жол апатына қатысты жағдай ауыр екенін хабарлады: 2022 жыл басынан бері Қазақстанның жолдарында 6 мың­нан астам ЖКО тіркелген. 8 110 адам жараланды, мертікті. 947 адам қаза тапты. ІІМ Әкімшілік полиция коми­тетінің ерекше тапсырмалар жө­нін­дегі аға инспекторы Ақтоты Бо­ранованың айтуынша, Қазақ­стан­да жол-көлік оқиғалары салда­рынан жыл сайын 2 мыңнан астам адам көз жұмады, 20 мыңнан аста­мы түрлі жарақат алады, біразы кемтар жанға айналады. Ол жол апаттарының негізгі себебі ретінде жүргізушілердің және жолаушы­лардың жол жүрісі ережелерін қа­са­қана бұзуын атады. Көлік апат­тарының 95 пайызына жүргізушілер кінәлі. Екіншіден, тұрақты маршрут­тарда жүрген автобустардың ара­сында тозығы жеткендерінің үлесі тым жоғары. ИИДМ ақпараты бо­йынша 2021 жылы тұрақты ха­лықаралық және облысаралық мар­шруттарда сапарлаған автобус­тардың тиісінше 84 пайызы және 71 пайызының тозығы жеткен. Оның ар жағында автобустардың жаппай тоқтауы ғана тұр. Үшіншіден, заңсыз жолаушы таситын таксишілер қаптады. Ин­дустрия министрлігінің дерегінше, 2021 жылғы жағдай бойынша Қа­зақстандағы такси тасымалының шамамен 90 пайызы көлеңкеге кет­ті және оны заңсыз тасымал­дау­шылар жүзеге асырады. Ахуалды Яндекс.Такси, inDriver, Uber сияқ­ты ресейлік-шетелдік интер­нет-агрегаторлар ушықтырды. Оларда тіркелген көлік иелері табысынан салық төлемейді, әлеуметтік жар­на, зейнетақы жарнасын аудар­майды. Қауіпсіздікті де қамтамасыз етпейді. Осы агрегаторлар таксиі жүргізушілерінің жолаушыларын тонаған, зорлаған, өлтірген қыл­мыс­тары тіркеліп жатыр. Елде такси тасымалымен шұ­ғылданатын 10 624 автокөлік тір­кел­ген. Алайда заңсыз такси тасы­малына тартылған 95 616 автомо­биль әшкереленді. Бұл мұзтаудың ұшы ғана болуы мүмкін. Саланың төртінші өзекті мәсе­лесі – өңірлерді, әсіресе шалғайда орналасқан елді мекендерді тұрақ­ты автобус қатынастарымен қамту төмендеді. Тұрғындарының саны 100-ден асатын 5 563 ауыл, кент, шаһарлардың 81 пайызы не 4 514-і ғана тұрақты автобус қатынас­та­рымен қамтылған: 1 050-ге жуығы автобуссыз қалды. Бесіншіден, жолаушылар тасы­малы кәсібінің табыстылық-рен­табельдігі құлдырады. Ұлттық ста­татистика бюросының хабар­ла­уынша, автобустар 2021 жылы 5 млрд 19,1 млн жолаушыны та­сыған, бұл тіпті карантин күш ал­ған ал­дың­ғы жылғыдан 14 пайызға аз (2020 жылы – 5 млрд 815,4 млн адам). Ресми такси тасымалының көлемі де былтыр 2 пайызға төмен­деді: 2020 жылы – 2 млрд 500,4 млн, ал 2021 жылы 2 млрд 466,7 млн жолаушыны көздеген жеріне жет­кізіп салған. Жағдайды өзін-өзі басқару реттей ме? Салаға жауапты ИИДМ-нің Көлік комитеті ұзақ жыл бойы қор­даланған және жаңасы үстеме­лен­ген мәселелер ауыртпалығын еңсере алмайтынын анық аңғартып отыр. Сондықтан саладағы бақылау мемлекеттік функцияларының бір бөлігін өзін-өзі реттеуші ұйымдарға тапсыруға ниетті. Оған сәйкес, тасымалдаушылар салалық ұйым құрып, соған міндетті түрде мүше болуы тиіс. Әр мүшесінің қағида-талаптарды сақтауын, автопаркін жаңартуын, тозығы жеткенінен ары­луын қауымдастық-ұйым қада­ғалайды. Ал Көлік комитетіне тек осы өзін-өзі реттеуші ұйымдарын бақылау ғана қалады. Әрбір тасы­малдаушының соңынан жүгіріп, тексеріп жүруге меморганның күші де, білікті мамандары да жетпейді. Негізі, тасымалдаушылар өзі би, өзі қожа болса, жағдай нашар­лайды дейін десең, сала ахуалы он­сыз да сын көтермейді, оны сал­ғырттық, көзбояушылық, фор­маль­дылық, тіпті жемқорлық жай­лап алған. «Орталық органдарда және облыстық әкімдіктерде штат тап­шылығы орасан. Салдарынан қа­лалық, облысаралық, халықаралық жолаушылар тасымалын, таксиді реттеу, оның қызметін бақылау мем­функцияларын орындауға кадр жетіспейді. Білікті қызметкерлер, әсіресе автомобиль көлігінің ма­ман­дары тапшы. Бюджет қаража­тына сырттан маман тарту қарас­ты­рылмаған. Осының кесірінен көптеген функция толыққанды орындалмайды», – деп ашығын айтты ИИДМ. Бүгінде Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрлігі – тұрақты халықаралық автобус маршруттарын ұйымдастырады және тұрақты халықаралық жолау­шылар тасымалына рұқсат береді. Жергілікті әкімдіктер – тұрақты облысаралық автобус маршрут­тарын ұйымдастырады, тиісті куә­лікті береді, тасымалдаушылармен, автопарктермен шарт жасасады, сондай-ақ халықаралық және тұрақты емес автобус тасымалдарын лицензиялайды. Кәсіпкерлерден такси қызметін бастағаны туралы хабарламаны қабылдайды. Егер реформа аясында бірқатар мемфункция өзін-өзі реттеуші ұйым­дарға берілсе, онда бірін­ші­ден, халықаралық және тұрақты емес автобус тасымалдарын лицен­зиялау жойылады. Екіншіден, кә­сіпкерлерден такси тасымалы бо­йын­ша қызметін бастағаны туралы хабарламаны қабылдау алып тас­талады. Тасымалдау қызметімен ай­налысуға кімнің лайықты еке­нін, қажетті техникасының бар-жоғын тексере отырып, өзін-өзі реттеуші ұйымдар шешетін болады. Өзін-өзі реттеуші ұйымдар өзі­не берілген өкілеттіктер негізінде нарық қатысушыларына арналған бірыңғай қағидалар мен стандарт­тарды әзірлеп, бекітеді. Ойын ере­желерін сақтамаған компания мү­шеліктен шығарылады және тасы­мал қызметімен айналысу құқы­ғынан автоматты түрде айырылады. Аймақтық деңгейде, облыстарда, үш мегаполисте өзін-өзі реттеуші ұйымдар міндетін іске асыру үшін аумақтық бөлімшелер құрылады. Негізгі басқарушылық, өндірістік, технологиялық процестер автомат­тандырылады. Мүшелікке кіру, тасымалдауға рұқсат алу үшін өзін-өзі реттеуші ұйымдарының еңселі кеңсесінде отырған бастықтың есігін қағып, иіліп тағзым етіп жүру талап етілмеуі тиіс. ИИДМ жоспарынша, жаңа жүйеге 2023 жылы – облысаралық және халықаралық тұрақты жолау­шылар тасымалы, ал 2024 жылы – тұрақты емес жолаушылар тасы­малы мен барлық такси көшірілмек. Көлігінің тозығы жеткен, тірлігінің кенеуі кеткен саланың тұрмыс-тіршілігі содан соң түзелсе, жақсы. Түзелмесе, секторды құрдымнан шығарар кешенді шаралар мен бас­шылық шешімдер қажет болмақ.