Бадамды бүлдірген «Балмұздақ» па?
Бадамды бүлдірген «Балмұздақ» па?
479
оқылды
Түркістан облысының Тө­леби ауданындағы Бірінші Мамыр ауылында 30 жылдан бері «Балмұздақ» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі деп аталатын балмұздақ шы­ғаратын цех бар. Бүгінде бал­мұздақтың 60-қа жуық түрін шығаратын зауыттың өнім­дері еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Өкінішке қарай, жуыр­да әлеуметтік желілерде ауданның атын шартарапқа шығарып отырған «Балмұз­дақ» туралы теріс пікірлер та­рап, қоғамда үлкен пікір­та­лас туды. Тау жақтан келіп, бірнеше ауыл­ды басып өтетін Бадам өзені «Балмұздақ» цехынан 400 метрдей жерде ағып жатыр. Бадам өзені одан ары ауданның тағы бірнеше ауылынан өтіп, Арыс өзеніне құ­йылады. Жуырда өзеннің бойында отырған ауыл тұрғындары цехтан шығатын шайынды судың Бадам өзеніне құйылатынын айтып, на­ра­зылыққа шықты. Бірнеше жыл­дан бері қалдық су арнайы құбыр арқылы өзенге құйылып келген. Цехтан шығатын қалдық судың иісі қолқаны қабады. Одан бөлек, жаз шыға ауыл балалары осы суға шомылады. Тұрғындар шайынды су төгілген өзеннен түрлі аурулар да шығатынын айтады. Шынында да, бейнежазбадан көргеніміздей, қатты күшпен келіп жатқан тонна-тонна қалдық су өзенге құйылып жатыр. Біз оқиға орнында болып, ауыл тұрғындарымен кездестік. Жылдар бойы ағып тұрған шайынды қал­дық су сол күннен бері тоқтат­ы­лыпты. – Әлеуметтік желіде үлкен қоғамдық пікір туғызғандықтан әзірге тоқтап тұр, қайта жіберуі де ықтимал, – дейді тұрғындар.
«Біз қалдық суды түннің бір уағында немесе таңға жуық жібере ме, деген күдігіміз бар. Себебі құ­быр сол күйі тұр. Жақында аудан­нан комиссия келіп, үлкен шу бол­ған. «Балмұздақ» кәсіпорны­ның иесі сол кезде шайынды суды өзенге жіберіп отырғанын мойын­дап, кешірімін сұрады. Бірақ құ­бырды алмай отыр. Өзеннің бо­йындағы Тағайна, Әлішер Науаий, Киелітас, Ақайдар ауылының ба­ла­лары осында шомылады. Өзім­нің балам қазір ауырып жатыр. Аты аталған ауылдың малы да суды осы жерден ішеді. Біз неше жыл­дан бері айтып жүрміз. Нәтиже жоқ», – дей­ді ауыл тұрғыны Ме­руерт Жұмаева.
Тағайна ауы­лының тұрғыны Мафтуна Омар­ғалиева да балала­рының өзенге шомыла алмай жүр­генін, хими­каттан аллергия қоза­тынын жет­кізді. Жақында осында шомылған балалары қазір іші ауырып жатыр екен.
Бір қызығы, серіктестіктің заңгері мұны толығымен жоққа шығарып отыр. Бұл жерден қалдық су емес жаңбырдың суы ағады деп азар да безер болды. «Біздің цех 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл құбыр бізден бұрын болған лимонат цехы кезінен тұр. Біз салған емеспіз және қалдық суды төкпейміз де. Шайындыны арнайы ыдыста сақтап, көлікпен сыртқа шығарамыз. Өткенде бей­нежазбада көрген суларыңыз сүт таситын көлік қалдығын шайып, лотокқа құйып кеткен. Бірақ одан иіс шықпау керек. Сүттің қалдығы ғой», – дейді «Балмұздақ» жа­уапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің заңгері Ералы Ашрапов.
Алайда бейнежазбадан көр­геніміздей, құбырдан ағып жатқан су көлік шайған суға мүлдем ұқсап тұрған жоқ. Толассыз атқылап ағып жатыр. Осы мәселенің басы-қасында жүрген Меруерт Жұмаева зерттеу жұмыстарын жүргізу ба­рысында цехтағы қалдық суды жинайтын құдықтың жанынан құбыр шығарып қойғанын көрген. Аталған құдықтағы қалдық су толғанда әлгі құбырмен өзенге қарай құйылады екен. Расында да, қалдық су жинайтын құдық сақ­талған қойма сыртынан латок қо­йылған. Тіпті, құбырдың 80-жыл­дардан қалған дегені де ақылға сыймайтын сияқты. Себебі ол кездегі құбырлар темірден жаса­латын. Ал мына құбыр желімнен жасалған соңғы жылдары пайды болған құбыр екені көрініп тұр.
Осынау мәселеге қатысты дау шыққанда аудандық мәслихат та­рапынан арнайы комиссия құры­лыпты. «Әлеуметтік желіге салын­ған фото-видеоларға байланысты сол күннің уақытысымен же­р­гілікті ішкі істер бөлімінің учас­келік инспекторлары хаттама толтырып, Төлеби аудандық сани­тарлық-эпидемиологиялық бас­қар­масына ұсынды. Құзырлы ор­ган нақты дәлелдемелерге сүйеніп, серіктестікке қалдық суды төгіп отырғанына орай 310 АЕК көле­мінде, яғни 1 млн теңгеге жуық айыппұл салды. Енді жасырын жүр­гізілген құбырды алып тастау жағы қарастырылып жатыр. Егер ол жойылмаған жағдайда жұмыс­шы топ ары қарай мұны қоғамдық мәселеге салып, қосымша тағы жұмыстар атқарады деп отырмыз. Одан бөлек, Экология департа­ментіне де құжат жолданған. Олар да өз құзыреті шегінде заңды ше­шім шығарар. Шын мәнінде қара­сақ, цех территориясының жанынан өтетін арықтағы судың осында келіп құятыны көрініп тұр. Бірақ ол жерден шайынды су аға ма, басқа ма ол жағын құзырлы орган айтатын шығар», – дейді Бірінші Мамыр ауылының әкімі Ханай Әшірбаев.
Ауыл тұрғындары да жақында цех аумағы жанынан өтетін арық­тағы суға қызыл түсті калий пер­ман­­ганатын салып көрген. Сол қы­зыл түс Бадам өзеніне келіп құйылыпты. Тіпті, депутаттардан құрылған комиссия да сасық иісті сезген. Алайда құбырдың суын енді ғана тоқтатқан серіктестік өкілдері мұнда ешқандай қалдық су жі­бермейміз деп отырғаны көңілге күдік ұялатады. Ал тұрғындар құ­быр­ды түбімен алып тастатпай тын­баймыз, сенбейміз деп отыр.

Түркістан облысы