Қызылжарда көмірге сұраныс артты
Қызылжарда көмірге  сұраныс артты
221
оқылды
«Қыс шанаңды жаз сайла». Дегенмен Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшы. Петропавлдық тұрғындар көмірдің жоқ екенін әрі оны сату бойынша жұмыс дұрыс ұйымдас­ты­рыл­мағанын айтып шағымданады. Өңірде былтыр да дәл осын­дай жағдай қалыптасқан болатын. Биылғы дүрбелең елден ерекше болуы мүмкін деген болжам бар. Себебі Петропавл жылу-электр орталығының мұржасы құлағалы көмірге сұраныс арта түскен. Тұрғындар арасында Шұбар­көлдің көмірі сұранысқа ие. Өңірдің қажеттілігі 419 мың тонна болса, со­ның 200 мың тоннасы қара ал­тынның дәл осы түрі. Петропавлда оны «Жан» жеке кәсіпкерлігі са­тады. Жұмысшы кентінде орналас­қан көмір тұйығына барып көр­генімізде онда көмір түгіл вагондар да жоқ екен. Сататын тауар болма­ғандықтан шығар, кәсіпорын бас­шысын да, жұмысшыларын да ор­нынан кезіктіре алмадық. Көмірдің келуін күткен жүк тиеуші мен кү­зетшіден басқа тірі пенде тап­пай­сыз. Есесіне сонда жүрген облыстық Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқар­масының бас маманы Айболат Әубәкіров жағдайды түсіндіріп берді. Оның айтуынша, көмір тиел­ген 30 шақты вагон келе жатқан кө­рінеді. Олар тиелгелі 4-5 күн өтіп­ті. Бірақ неге екені белгісіз, те­міржолда кешеуілдеп қалған екен. «Қарағанды сұрыптау стансасына дейін 400 шақырымдай учаске бар. Вагондар сол маңайда тұрып қал­ған. Оның себебін тек «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы ғана түсіндіріп бере алады. Жалпы, соңғы он күн ішінде 90 вагон көмір сатылып кетті. Жоспар бойынша мұнда айына 100 вагон жеткізіледі. Қазір жоспар орындалды», – деді Айболат Әубәкіров. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр жаздың үш айы ішінде бас-аяғы жүз вагон көмір сатылған. Қазір тұрғындар мұндай мөлшердегі көмірді айналдырған он күннің ішінде сатып алатын болған. Жергілікті атқарушы орган өкі­лі Шұбаркөл көмірінің таяу күндері жеткізілетініне сендіреді. Сол сәтте «Жан» жеке кәсіпкерлігі оны сатуға кіріседі. Петропавл қаласының тұрғыны Максим Жорник мұндағы тауар сату жұмысы дұрыс жолға қойылма­ғанын айтып шағымданған еді. Айболат Абылайұлы түсіндір­ге­нін­дей, касса қызметкері демалысқа кетіп, оны жұмыстан бейхабар туы­сы алмастырған екен. Ол кө­мірді де, ақшаны да қайта-қайта санағандықтан, жұмыс кешеуіл­де­ген. Жуырда негізгі қызметкер жұ­мысқа шығатын көрінеді. «Сол кезде жұмыс барысын қадағалай­мыз. Ешқандай кедергі болмауы тиіс. Бұл жұмысты екі адамның мой­нына жүктеуге болмайды. Өйт­кені материалдық жауапкершілік бір адамның ғана мойнында: өзі өлшеп, өзі есептейді», – дейді бас­қарманың бас маманы. Қыстан қысылмай шығудың қамы «AMANAT» партиясының өкілдері мен депутаттар жоспарды ұлғайту туралы ұсыныс жасады. Себебі Петропавл жылу-электр орталығының мүшкіл жағдайынан хабардар қалалықтар қыстан қысылмай шығу үшін пеш жағуға көшпекші. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Сергей Леонтьев қазір көмір қорын ұлғайту қажет деп санайды. «Көмір сататын кәсіпорындар биыл оған көбірек тапсырыс беруі керек әрі бұл шаруа жазда атқарылса игі, себебі күзге қарай дүрбелең кө­бейеді. Биыл қатты отынға сұраныс әлдеқайда көп. Өйткені тұрғындар да, кәсіпкерлер де қыста штаттан тыс жағдай болуы мүмкін деп алаң­даулы. Сондықтан қосымша қазан­дықтар орнатып жатқандар көп. Көмір шығыны бұрынғыдан әлде­қайда көп болады деп ойлаймын. Сол себепті оның жеткілікті қорын жасауға кеңес беремін», – деді Сергей Леонтьев. «Кәрі құданы» күткен тұрғындар қазірдің өзінде қара алтын қорын жинауға кіріскен. Зейнеткерлер зей­нетақысынан, жұмыс істейтін­дер еңбекақысынан ай сайын белгілі бір мөлшерде көмір сатып алуды әдетке айналдырған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тұр­ғындарға қазірден бастап қысқа қамдана бастауға кеңес беруден жалығар емес. Алайда көпшіліктің күткені – Шұбаркөл көмірі. Олар қызуы жақсы әрі қауіпсіз болғандықтан, қатты отынның дәл осы түрін сатып алғысы келеді. Мәселен, Майкөбе көмірі өздігінен жануы мүмкін. Сондықтан оны сатып алғысы келетіндер шамалы. Көмір қымбаттады Баға демекші, осы аптада көмір қымбаттапты. Басқа теміржол тұйығында таратылатын Қаражыра көмірі бұған дейін 15 500 теңгеден сатылып келсе, енді 17 мың теңге. «Проминвестуголь» ЖШС ди­рек­торы Игорь Шевченко мұның се­бебін теміржол тарифтерінің қым­баттауымен түсіндірді. «1 шілдеден бастап Ресейде те­міржол тарифі қымбаттады. 1 мау­сымнан бастап Оңтүстік – Орал те­міржолы қосымша алымдары­ның бағасын 11 пайызға көтерді. Бірақ ол кезде мен бағаны сол қалпында сақтап қалдым. «Қазақстан темір жолы» өз тарифтерін 1 қазаннан бастап қымбаттатпақ. Тағы да көмір қымбаттайды», – деді Игорь Петрович. Бұл тұйыққа күнде 5 вагон Қа­ражыра отыны жеткізіледі. Оның жартысынан астамы түске дейін сатылып кеткен. Бұл кәсіпорын жұ­мысшылары үшін сенбі-жек­сен­бі күндері демалыс, яғни тұрғын­дарға қатты отын сатылмайды. Петропавлда көмір сататын бас-аяғы төрт тұйық болса, соның үшіншісі – «Юна ЛТД» ЖШС тек Май­көбе көмірін сатумен айналы­сады. Оның саудасы тек қыркүйек­те ғана басталады екен. Тоннасы – 13 000 теңге, «Богатырь» көмірі одан да арзан – 10 500 теңге. Сол­түстік Қа­зақстан облысында не­гі­зінен кө­мірдің осы түрлері ғана сұранысқа ие. «ТЭК Альянс жолы» ЖШС бюджеттік ұйымдарды көмірмен қамтамасыз етеді. Онда әлі тауар сату басталмапты. Қаражыра көмірі болған екен, ол да сарқылыпты. Жергілікті атқарушы орган ма­манының мәліметінше, аудандарда да көмір қоры аса көп. Әрі кетсе, 200-300 тоннаның шамасында. «Сұраныс күрт артып, осы кезең шарықтау шегіне жеткен кезде ха­лық әлек болады. Онсыз болмайды. Тұйыққа бір мез­гілде 30 шақты көлік келеді. Олар алдымен бос күйінде, кейін жүк тиелген күйінде салмағы өлшенуі тиіс. Таразы біреу ғана. Екінші та­ра­зы орнату көп қаражатты қажет етеді», – деп тү­сіндірді облыстық Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шы­лық басқар­масының бас маманы Айболат Әубәкіров. Билік басындығылар былтыр көмір тапшылығы туындаған кезде халыққа ертерек қамдануға кеңес бергендерін айтып ақталған бола­тын. Биыл да жылдағы жағдай қай­таланбас үшін ертерек қамданған абзал.

Солтүстік Қазақстан облысы