«Қыс шанаңды жаз сайла». Дегенмен Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшы. Петропавлдық тұрғындар көмірдің жоқ екенін әрі оны сату бойынша жұмыс дұрыс ұйымдастырылмағанын айтып шағымданады. Өңірде былтыр да дәл осындай жағдай қалыптасқан болатын. Биылғы дүрбелең елден ерекше болуы мүмкін деген болжам бар. Себебі Петропавл жылу-электр орталығының мұржасы құлағалы көмірге сұраныс арта түскен. Тұрғындар арасында Шұбаркөлдің көмірі сұранысқа ие. Өңірдің қажеттілігі 419 мың тонна болса, соның 200 мың тоннасы қара алтынның дәл осы түрі. Петропавлда оны «Жан» жеке кәсіпкерлігі сатады. Жұмысшы кентінде орналасқан көмір тұйығына барып көргенімізде онда көмір түгіл вагондар да жоқ екен. Сататын тауар болмағандықтан шығар, кәсіпорын басшысын да, жұмысшыларын да орнынан кезіктіре алмадық. Көмірдің келуін күткен жүк тиеуші мен күзетшіден басқа тірі пенде таппайсыз. Есесіне сонда жүрген облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Айболат Әубәкіров жағдайды түсіндіріп берді. Оның айтуынша, көмір тиелген 30 шақты вагон келе жатқан көрінеді. Олар тиелгелі 4-5 күн өтіпті. Бірақ неге екені белгісіз, теміржолда кешеуілдеп қалған екен. «Қарағанды сұрыптау стансасына дейін 400 шақырымдай учаске бар. Вагондар сол маңайда тұрып қалған. Оның себебін тек «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы ғана түсіндіріп бере алады. Жалпы, соңғы он күн ішінде 90 вагон көмір сатылып кетті. Жоспар бойынша мұнда айына 100 вагон жеткізіледі. Қазір жоспар орындалды», – деді Айболат Әубәкіров. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр жаздың үш айы ішінде бас-аяғы жүз вагон көмір сатылған. Қазір тұрғындар мұндай мөлшердегі көмірді айналдырған он күннің ішінде сатып алатын болған. Жергілікті атқарушы орган өкілі Шұбаркөл көмірінің таяу күндері жеткізілетініне сендіреді. Сол сәтте «Жан» жеке кәсіпкерлігі оны сатуға кіріседі. Петропавл қаласының тұрғыны Максим Жорник мұндағы тауар сату жұмысы дұрыс жолға қойылмағанын айтып шағымданған еді. Айболат Абылайұлы түсіндіргеніндей, касса қызметкері демалысқа кетіп, оны жұмыстан бейхабар туысы алмастырған екен. Ол көмірді де, ақшаны да қайта-қайта санағандықтан, жұмыс кешеуілдеген. Жуырда негізгі қызметкер жұмысқа шығатын көрінеді. «Сол кезде жұмыс барысын қадағалаймыз. Ешқандай кедергі болмауы тиіс. Бұл жұмысты екі адамның мойнына жүктеуге болмайды. Өйткені материалдық жауапкершілік бір адамның ғана мойнында: өзі өлшеп, өзі есептейді», – дейді басқарманың бас маманы. Қыстан қысылмай шығудың қамы «AMANAT» партиясының өкілдері мен депутаттар жоспарды ұлғайту туралы ұсыныс жасады. Себебі Петропавл жылу-электр орталығының мүшкіл жағдайынан хабардар қалалықтар қыстан қысылмай шығу үшін пеш жағуға көшпекші. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Сергей Леонтьев қазір көмір қорын ұлғайту қажет деп санайды. «Көмір сататын кәсіпорындар биыл оған көбірек тапсырыс беруі керек әрі бұл шаруа жазда атқарылса игі, себебі күзге қарай дүрбелең көбейеді. Биыл қатты отынға сұраныс әлдеқайда көп. Өйткені тұрғындар да, кәсіпкерлер де қыста штаттан тыс жағдай болуы мүмкін деп алаңдаулы. Сондықтан қосымша қазандықтар орнатып жатқандар көп. Көмір шығыны бұрынғыдан әлдеқайда көп болады деп ойлаймын. Сол себепті оның жеткілікті қорын жасауға кеңес беремін», – деді Сергей Леонтьев. «Кәрі құданы» күткен тұрғындар қазірдің өзінде қара алтын қорын жинауға кіріскен. Зейнеткерлер зейнетақысынан, жұмыс істейтіндер еңбекақысынан ай сайын белгілі бір мөлшерде көмір сатып алуды әдетке айналдырған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тұрғындарға қазірден бастап қысқа қамдана бастауға кеңес беруден жалығар емес. Алайда көпшіліктің күткені – Шұбаркөл көмірі. Олар қызуы жақсы әрі қауіпсіз болғандықтан, қатты отынның дәл осы түрін сатып алғысы келеді. Мәселен, Майкөбе көмірі өздігінен жануы мүмкін. Сондықтан оны сатып алғысы келетіндер шамалы. Көмір қымбаттады Баға демекші, осы аптада көмір қымбаттапты. Басқа теміржол тұйығында таратылатын Қаражыра көмірі бұған дейін 15 500 теңгеден сатылып келсе, енді 17 мың теңге. «Проминвестуголь» ЖШС директоры Игорь Шевченко мұның себебін теміржол тарифтерінің қымбаттауымен түсіндірді. «1 шілдеден бастап Ресейде теміржол тарифі қымбаттады. 1 маусымнан бастап Оңтүстік – Орал теміржолы қосымша алымдарының бағасын 11 пайызға көтерді. Бірақ ол кезде мен бағаны сол қалпында сақтап қалдым. «Қазақстан темір жолы» өз тарифтерін 1 қазаннан бастап қымбаттатпақ. Тағы да көмір қымбаттайды», – деді Игорь Петрович. Бұл тұйыққа күнде 5 вагон Қаражыра отыны жеткізіледі. Оның жартысынан астамы түске дейін сатылып кеткен. Бұл кәсіпорын жұмысшылары үшін сенбі-жексенбі күндері демалыс, яғни тұрғындарға қатты отын сатылмайды. Петропавлда көмір сататын бас-аяғы төрт тұйық болса, соның үшіншісі – «Юна ЛТД» ЖШС тек Майкөбе көмірін сатумен айналысады. Оның саудасы тек қыркүйекте ғана басталады екен. Тоннасы – 13 000 теңге, «Богатырь» көмірі одан да арзан – 10 500 теңге. Солтүстік Қазақстан облысында негізінен көмірдің осы түрлері ғана сұранысқа ие. «ТЭК Альянс жолы» ЖШС бюджеттік ұйымдарды көмірмен қамтамасыз етеді. Онда әлі тауар сату басталмапты. Қаражыра көмірі болған екен, ол да сарқылыпты. Жергілікті атқарушы орган маманының мәліметінше, аудандарда да көмір қоры аса көп. Әрі кетсе, 200-300 тоннаның шамасында. «Сұраныс күрт артып, осы кезең шарықтау шегіне жеткен кезде халық әлек болады. Онсыз болмайды. Тұйыққа бір мезгілде 30 шақты көлік келеді. Олар алдымен бос күйінде, кейін жүк тиелген күйінде салмағы өлшенуі тиіс. Таразы біреу ғана. Екінші таразы орнату көп қаражатты қажет етеді», – деп түсіндірді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Айболат Әубәкіров. Билік басындығылар былтыр көмір тапшылығы туындаған кезде халыққа ертерек қамдануға кеңес бергендерін айтып ақталған болатын. Биыл да жылдағы жағдай қайталанбас үшін ертерек қамданған абзал.
Солтүстік Қазақстан облысы