ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облыстық департаментінің Арнайы мониторинг тобы AQMOLA – Adaldyq Alańy жобалық кеңсесімен және Jas Otan Жастар қанатының филиалымен бірлесіп, сондай-ақ облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Баймағамбетовтың қатысуымен Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледждің №2 жатақханасына мониторинг жүргізді. – Мониторинг барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Ғимараттың әрбір қабатында кір жуғыш машиналар, асүй жабдықтары, тоңазытқыштар бар. Алайда қоғам өкілдері жатақхананы ас дайындап, тамақ ішуге қолайлы болу үшін асүй керек-жарағымен қосымша жабдықтау қажетін атап өтті. Сондай-ақ тозуына байланысты бөлмеаралық есіктерді ауыстыру қажет. Студенттік бөлмелерде жеке пайдалануға арналған кереует жанындағы тумбочкалардың саны жеткіліксіз екені анықталды. Жатақханада бейнебақылау камералары жұмыс істейді, бірақ жедел жағдайды барынша тиімді қадағалау, тәртіпті сақтау және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша камераларды пайдалану қажет, – деді ведомстводан. Жатақхана басшылығының айтуынша, бұл мәселе жақын арада шешіледі. Студенттердің қауіпсіздігі үшін жатақханада күзет бекеті жұмыс істейді. Ал студенттер мен келушілердің рұқсаттамасы қағаз талондар бойынша жүретінін атап өткен жөн. – Мониторинг қорытындысы бойынша жұмыс тобы жатақхана әкімшілігіне анықталған кемшіліктерді жою жөнінде бірқатар тиісті ұсыныс айтты. Студенттік жатақханалардың жетіспеуі – мемлекет үшін аса өзекті мәселе. Осы мәселені шешу аясында аймақта 2 328 орындық 6 білім беру ұйымына арналған студенттік жатақхана құрылысы бойынша дайындық жұмыстары жүруде, – делінген мәліметте. Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жүйелі түрде жалғасатын болады. Абылайхан ЖҰМАШ